• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:45

Келешегі зор кенішке сапар

60 рет
көрсетілді

«Қазақмыс» корпорациясының құ­рамында 13 кеніш бар. Соның 11-і – жерасты кеніші, екеуін­де өндіріс ашық әдіспен жүргізіле­­ді. Компания құрамында 4 кен ­ба­йыту фабрикасы, 2 мыс қоры­ту зауыты бар. «Қазақ­мыс» был­тыр 247 мың мыс катодын алып шыққан. Ал Батыс Жез­қазған, Шығыс Жезқаз­ған, Оңтүстік Жезқаз­ған кеніштерінің жұмыс істеп жатқанына тоқсан жыл­дан асты. Енді ол кеніш­терде кен қоры таусылып, үлкен бос кеңістіктер пайда болған.

«Бұл кеніштер жүз жылдай жұ­мыс атқарды. Кепілдендіру мер­зі­мі – 35 жыл. Кен орнының жартысы­нан астамы құлаған. Жезқазған кен ор­нында үлкен қуыс қалды. Осы бір бөліктің алтысынан бірінің жағ­дайы әлсіреген. Біз оған кіре ал­маймыз. Бұл учаске кенеттен құ­лап, жер сілкінісі болуы мүмкін. Осын­дай апаттардың алдын алу үшін шах­таның құлауын тіркейтін авто­матты сейсмикалық жүйені іске қосып, спутниктік мониторинг­пен де жұмыс істей бастадық», дей­ді  «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС басқарма төр­ағасының өнді­ріс жөніндегі орынбасары Саят Бакиров.

Біз жерден 350 метр тереңдікте орналасқан «Оңтүстік Жезқазған» кенішінің жер астына түстік. Бүгінде бұл кеніште 1 050 адам жұмыс істейді. Бізді көпфункционалды «MinCA» көлігіне отырғызды. Жүр­­гізушінің айтуынша, бұл – қауіпсіз көлік. Қорабы – автомат. Тежегіштері мықты ұстайды. Сүйегі ауыр. Төменге түскенде сөніп қалса, алға кетпей тұрып қалады екен. Көліктен түскен соң, лавада бұрғылау учаскесін көрсетті. Бұрғылаушы Жалғас Шамұратов әуелде бұрғылаушының көмекшісі болып, техниканы қалай бұрау керектігін үйренген. Жалғас үш күн істеп, екі күн демалады. Ауысымда 130 метрге дейін бұрғылайды.

«Забойға кіреміз. Күнделікті ме­дициналық бақылаудан өтеміз. Таң­ғы жетіде учаскеге келгенде учаске басшысы тапсырма береді. Түнгі ауысымда болған жағдайды айтады. Таңертең 8-де жер астына түсеміз. Жөндеу ауысымы болса техниканы жөндейміз, слесарьға көмектесеміз. Жұмыс уақыты 13.00-де аяқталады. Сосын басқа ауысым келеді. Олар кешкі сағат 21.00-ге дейін істейді. Негізі жұмысты бастайтын біз, бұрғылаушылар. Жалақым миллионнан асады. Қолыма 800–900 мың теңге аламын», дейді.

Ал көлік жөндеуші Біржан Молақов осы шахтада 2015 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр.

«Жұмысым жауапкершілікті қажет етеді. Әр техниканың майын, суын тексеремін. Қажалып тұрған тежегішін ауыстырамын. Сынып тұрған тұсын анықтап, жөндеймін. Қысқасы, техниканың қауіпсіздігі – жұмысшының қауіпсіздігі», дейді ол.

Табан тіреген келесі нысаны­мыз –­ Жыланды кеніші «Жезқаз­­ған» ке­ніштерінен солтүстікке қарай 30–35 км жерде орналасқан. Жылан­ды кенішінің құрамында Итауыз, Батыс Сары-Оба, Шығыс Сары-Оба, Қыпшақпай, Қарашошақ атты бес шахта бар. Жыланды кенішінің директоры, тәжірибелі кен инженері Нұрболат Байсадықовтың сөзінше, қазір үш шахта жұмыс істеп тұр.

«Шығыс Сары-Оба шахтасын­да жерасты тау-кен жұмыстары 2016 жылы басталды. 2027 жылы Батыс Сары-Оба ашылады. Болашақта Қыпшақбай кеніші ашылады. Жы­ланды кенішінің келешегі зор. Өн­дірістік қуаты жылына 2,7 млн тон­на кенді құрайды. Келесі жылдан бас­тап кеніштің жылдық өндіріс­тік қуа­тын 3,6 млн тоннаға дейін, ал 2030 жыл­ға қарай 6 млн тоннаға дейін арт­тыру жоспарланған.

Осы жылдың сәуір айынан бас­тап «Қазақмыс» геологиялық барлау жұмыстарын күшейтіп, қолдағы бар қорларды ұқсату және қорды дамытуға айрықша назар аудара бастаған.

«Геологиялық қорларды дамыту үшін әлемдегі жоғары дамыған геофизика техникасын қолданып, 3 000 қашықтық тереңдікті зерттеу мүмкіндігі бар. Осы орайда цифр­ландыру мен техникалық трансформациялауды қолға алып отырмыз. Шалғайда барлау бойын­ша жасалып жатқан далалық жұ­мыстан жиналған ақпаратты біздің мамандар «StarLine» интернет құрылғысымен онлайн форматта жылдам жинап, өңдей алады. Бұл жерде ақпаратты қолда­ну бір міндет, одан кейін ақпарат­ты жүйелендіру, бір жерге сақтау, дұ­рыс қолдану мәселелері туындайды. Оны біз биыл құрылысы аяқтала­тын Жез­қазған қаласында салы­нып жатқан геологиялық кластер­дің төңірегін­де ұйымдастырамыз» дейді Геоло­гия­лық барлау жұмыс­тары департа­мен­тінің директоры Бек­асыл Әукешев.

Геологиялық кластер – бірегей жоба. Кластер ішінде 1 400 шаршы метр оқу орталығы, 200 шаршы метр геологиялық кітапхана, 50 орындық кампус, ALS аналитикалық зертханасы, еліміздегі алғашқы геофизикалық зертхана, керноқойма, геологиялық мұражай, кеңсе ғимараты мен меха­никалық цех қарастырылған.

Жыланды кенішінен кейін ашық карьерге аяқ бастық. Директор Нұрболат Сайлауұлының айтуынша, бір жылдық дайын кен массасы­ның жоспары – 2 млн 500 мың тонна. Содан 540 мың тонна руда алынады.

 

Ұлытау облысы