Президент биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығына жауапты шенеуніктерге сын айтты. Қазіргі ахуалды айтуға ұят деп бағалады. Расында, құдай берген ұлан-байтақ жеріміз бар. Мал шаруашылығын, егін шаруашылығын дамыт та, өз-өзіңді асыра. Қазір Қазақстан шетелден миллиардтаған долларға азық-түлік импорттайды. Тіпті, сонау Аргентина секілді шалғайдағы мемлекеттерден ет әкеледі екенбіз.
Мемлекет басшысы жауапты министрлікке агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеп, нақты қаржыландыру шараларын бастауды тапсырды. Сондай-ақ ішкі нарықты етпен толық қамтамасыз ету қажет екенін нақтылады. Экспортты да ұмытпау қажет. Егер мал шаруашылығын дұрыс дамытсақ, өзімізді ғана емес, көрші елдерді де етпен қамтамасыз етуге әлеуетіміз жетеді.
Меніңше, ет бағасын бақылаудан босату қажет. Қазір мемлекет еттің аса қымбаттап кетпеуін қадағалап отыр. Алайда бұл мал өсіретіндерге тиімсіз. Мал бағу – оңай шаруа емес. Жем-шөбі, басқа да шығындары бар. Егер еттің бағасын бақылаудан босатса, әрине, қымбаттайды. Бірақ ауыл шаруашылығымен айналысатындарға тиімді болады. Бұл шешім көпшілікке ұнамауы мүмкін. Алайда басқа амал жоқ. Өйткені көрші елдерде еттің бағасы – қымбат. Ал күннің суығына тоңып, ыстығына күйіп, таңнан қара кешке дейін мал соңында жүрген адамға еңбегіңді арзанға сат деп қалай айтасың?
Мемлекет басшысы Үкіметке Еуразия аумағындағы сауда-саттықтың әділ жағдайда жасалуын да нақты дәлелмен талап етуді міндеттеді. Байқасақ, қазір «Магнум» секілді сауда желілерінде ресейлік өнімдер көбейіп кетті. Әсіресе сүт өнімдері өте көптеп импортталып жатыр. Өткенде өзіміздің «3 желания» майонезін таппай қойып едік. Орнына ресейлік өнім қаптапты. Мұндай тәсіл ішкі бизнесті құрдымға жібереді. Сондықтан Президент өте дұрыс мәселе көтеріп отыр.
Президент бұл мәселені билікке дипломатиялық жолмен жеткізді. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласына жауапты шенеуніктер бұл сыннан қорытынды шығарады деп үміттенеміз.
Қазбек МАЙГЕЛДИНОВ,
саясаттанушы