• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Сұхбат Кеше

Азат Перуашев: Әлеуметтік-экономикалық серпіліс пен саяси реформалар – Жолдаудың басты ерекшелігі

60 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған бастамалар қоғамда кеңінен талқыланып жатыр. Әсіресе әлеуметтік-экономикалық реформалар, цифрландыру және саяси жүйедегі өзгерістер ерекше назарда. Осыған байланысты «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Egemen.kz-ке сұхбат беріп, Жолдаудың ерекшелігі, жасанды интеллект министрлігін құру идеясы және инвестицияларға қатысты ұсыныстар туралы өз пікірін білдірді.

– ҚР Президентінің биылғы Жолдауының еліміз үшін маңызын, өзіңіз қалай қабылдағаныңызды және биылғы Жолдауда көтерілген мәселелердің ерекшелігін атап өтсеңіз?

Біріншіден, биылғы Жолдаудың ерекшелігі – стратегиялық маңызы бар құжат екенінде. Біз әрқашан Жолдаудан жаңалық пен өзгеріс күтеміз. Биыл да әлеуметтік-экономикалық даму бағытында бірқатар маңызды тапсырмалар жарияланды. Оның ішінде Бас прокуратураның инвесторларды қорғау функциясы, цифрландыруды жаппай енгізу, жасанды интеллектті пайдалану, «цифрлық сити» құру бастамалары бар. Сонымен қатар өнеркәсіп саясатын жүйелеу, сирек металдарды өндіру, атом энергетикасын дамыту, азық-түлік өндірісіндегі олқылықтарды жою және кеден саласын реформалау туралы тапсырмалар ерекше маңызды. Саяси жүйе тұрғысынан алғанда – бір палаталы Парламентке көшу ұсынысы мен партиялық тізім бойынша сайлау идеясы демократиялық дамуға жол ашады

– ЖИ министрлігі құрылсын деген ұсыныс бар. Сіз бұл ұсынысты қалай бағалайсыз? Оның функциялары мен жауапкершіліктері қалай болуы керек деп ойлайсыз?

Жасанды интеллект министрлігі қажет деп санаймыз. Себебі қазір цифрлық даму министрлігі бар болғанымен, әрбір мемлекеттік орган өз жүйесін жеке дамытып, миллиардтаған қаржы жұмсайды. Бірақ бұл жүйелер өзара ықпалдаспағандықтан, пайдасы аз болып отыр. Жаңа министрлік барлық цифрландыру жобаларын, соның ішінде ЖИ-ды қолдануды бір платформаға тоғыстыруы керек. Бұл мемлекеттік қызметтерді тиімді етуге мүмкіндік береді.

– Ауылдық жерлерде, олардың ішінде шалғай елді мекендерде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу қаншалықты қолжетімді болады?

Бұл сұрақ өте орынды. Алдымен ауылдарды әлеуметтік инфрақұрылыммен – жол, су, электрмен толық қамтуымыз қажет. ЖИ мен цифрландыру содан кейін ғана тиімді нәтиже береді. Сонымен қатар мектептен бастап балаларды цифрлық сауатқа үйретуіміз керек. ЖИ ауыл шаруашылығында да, бизнесте де кеңінен қолданыла алады, бірақ ол жоспарлы әрі жүйелі түрде іске асырылуы тиіс.

– Облыстар мен ауылдардағы цифрлық инфрақұрылым, байланыс қызметтері, интернет сапасы сияқты мәселелерді шешу үшін депутат ретінде қандай шешімдер ұсынасыз?

Жақында оптикалық талшықты байланыс тартуға қаржы бөлінді. Бірақ ауылдарды ең алдымен негізгі инфрақұрылыммен қамтамасыз етуіміз керек. Жол мен су жоқ жерде цифрландырудың да пайдасы аз болады. Біз бұл мәселені бірнеше рет Парламентте көтердік. ЖИ мен цифрлық технологиялардың ауылға жетуі үшін алдымен әлеуметтік жағдай шешілуі қажет.

– Жолдауда «Инвестицияларға тапсырыс» моделі туралы айтылған. Бұл модельдің ашықтығы мен тиімділігін қалай қамтамасыз ету керек деп ойлайсыз?

Инвестор тек ыңғайлы жағдай жасалғанда ғана келеді. Жол, электр қуаты, инфрақұрылым болмаса, инвестиция да болмайды. Ең алдымен барлау жұмыстарын күшейтіп, жеріміздің байлығын нақты көрсетуіміз қажет. Бірақ бастысы – ұлттық мүдде. Бұрынғы мұнай-газ жобаларындағы қателікті қайталамауымыз керек. Инвесторлар келгенде, оларға жағдай жасай отырып, жер мен жер қойнауының нағыз иесі – қазақ халқы екенін естен шығармауымыз қажет.