• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Шаруашылық Бүгін, 18:47

Суармалы жерлердің ахуалы қалай?

20 рет
көрсетілді

Климаттық өзгерістерге басқа-басқа ауыл шаруашылығы саласындағы мамандар дайын болуы тиіс. Себебі биыл да вегетация кезеңі күрделі климаттық жағдайда өтіп, көктемде аптап ыстыққа байланысты суару маусымы әдеттегіден 20 күнге ерте басталды. Ол аздай еліміздің оңтүстігіндегі өлкелерде топырақтағы ылғалдың аз болуы су шаруашылығына теріс әсер еткен, деп хабарлайды Egemen.kz.

Осы қиындықтардан кейін Шардара су қоймасынан Қызылқұм магистральды каналы арқылы су алу көлемі айтарлықтай артқан. Нақтыласақ, судың көлемі сәуірде секундына 87 текше метр болса, мамырда 66 текше метрден кем болмаған. Салыстырмалы түрде былтырғы көрсеткіштер төмен. Яғни, сәуірде секундына 30 текше метр болса, мамырда 27 текше метрден аспаған.

Вегетациялық кезеңнің ерте басталуына аптап ыстық себепші болды. Салдарынан Сырдария өзенінің бүйірлік ағысы ерте тартылып, Шардара су қоймасына келетін судың мөлшері айтарлықтай азайған. Сырдария өзенінің бассейніндегі бүйірлік ағын биыл норманың 86-87%-ы деңгейінде болжанғанымен, нақты ағын норманың 60%-ын ғана құраған. Арыс, Бөген, Сайрам-Су, Ақсу, Теріс-Ащыбұлақ, Қарақоныз сынды іші өзендер ағысының бұрынғыдан азаюы жағдайды одан әрі қиындатты. Мысалы, былтыр сәуірде Арыс өзенінің орташа су шығыны секундына 82 текше метр болса, биыл сәуірде ол секундына 9 текше метрге дейін төмендеді. Сәуір-шілде айларында Бөген су қоймасына 114 млн текше метр су келіп түссе, бұл 2024 жылдағы 439 млн текше метрден әлдеқайда аз. Оңтүстік өңірлердегі су шаруашылығына қатысты жалпы ахуалды Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров айтып берді.

– Алматы және Жетісу облыстарында вегетация кезеңі қалыпты өтіп жатыр. Аграрлық секторды сумен қамтамасыз етуде айтарлықтай қауіптер байқалған жоқ. Сол секілді Жамбыл облысында вегетация кезеңі жоспарға сай өтуде. Облыстың ауыл шаруашылығы саласы суға тәуелді. Негізгі дақылдар – жүгері, көпжылдық шөптер, қант қызылшасы, бақша және көкөніс өнімдері. Алты аудан ішкі су көздерін пайдаланып, су тапшылығынсыз жұмыс істеп жатыр. Төрт аудан Қырғыз Республикасынан бастау алатын Шу және Талас трансшекаралық өзендеріне тәуелді. 5 қыркүйектегі мәлімет бойынша, «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы 78 925 га жерді суаруға 3902 шарт жасасты, оның ішінде 76 365 га суарылды. Облыстың 4 ауданында қант қызылшасы мен жоңышқаны суару жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Қазір Киров су қоймасынан секундына 5 текше метр, ал «ГМК» арнасы арқылы секундына 7,5 текше метр су жіберіліп жатыр. Бұл көлем қалған дақылдарды суаруға толық жетеді,– дейді Нұрлан Алдамжаров.

Қызылорда облысында суармалы жерлердің жай-күйі Сырдария өзені бассейніндегі жағдайға тікелей байланысты. Өңірде суармалы егістік көлемі – 189,6 мың га болса, оның ішінде 81 мың га күріш алқабы. «Қазсушар» РМК филиалы шаруашылықтармен 980 жоспардың орнына 1 042 шарт жасасқан. Нәтижесінде вегетация кезеңінде 3 510 млн текше метр су алынған. Түркістан мен Қызылорда облыстарында қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде вегетация кезеңі өнім шығынынсыз аяқталып жатыр. Осыған дейін екі өңірде каналдардың суын шаруаларға кезекпен беру бойынша кесте бекітіліпті. 169 тік дренаж жүйесі іске қосылған соң жерасты сулары деңгейі тұрақтанып, мелиорациялық шаралардың тиімділігі артқан. Осы аралықта арнайы топтар су шаруашылығы жағдайын, каналдар мен су қоймаларының күйін, судың бөлінуін және суару кестесінің орындалуын тұрақты бақылауда ұстап отырған.

Климаттық қиындықтарға, оның ішінде жауын-шашынның аздығына, аномалды ыстыққа, трансшекаралық өзендерден келетін судың шектеулі ағынына, ішкі өзен ағындарының қысқаруына қарамастан биыл вегетациялық кезең шығынсыз, табысты аяқталып отыр. Бірақ, бұл дегеніңіз жыл өткен сайын сарқыла беретін су ресурстарын оңды-солды пайдала берсек болады деген сөз емес. Орайы келсе, су үнемдеу технологияларына ертерек көшкен дұрыс.