• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Таным Бүгін, 08:10

Ескі үй

20 рет
көрсетілді

Бүгін тағы түсімде ескі үйді көрдім. Осымен нешінші рет екенін білмеймін. Өте жиі көремін. Бала күнім екен деймін. Төрт көзіміз түгел. Әжем, әкем, апам...бәрі бар. Үйдегі заттарға дейін орын-орнында тұр. Ештеңе қозғалмаған. Құдды, балалық шағыма қайтып оралғандаймын. Сөйтіп жатқанда ояндым.

Астананың таңы енді бозарып ке­ле­ді. Ұйқым шайдай ашылып кетті. Қай­тадан жастыққа бас қойып едім, екі көзім ине тіреп қойғандай ілінбеді. Ойымнан қызыққа толы балалығым өткен ескі үй кет­педі. Соншалықты әс­пет­теп айтатын да жай емес. Кәдімгі екі басты үйдің бір жағы. Шағын ғана төрт бөлме. Мынау – әжем екеуміз ұйықтайтын кішкентай бөлме. Анау апам арқасын пешке сүйеп отыратын ауыз үй. Осы жерде тамақ ішеміз. Одан кейін қонақтарға арналған төр бөлме. Арғы жағында тәтемдердің түпкі бөлмесі. Бар болғаны – осы. Бірақ маған зәулім сарайдай кө­рінетін. Бір қызығы, тас үй болғандықтан қақа­ған қыста жиі суып кете­ді. Сондықтан апам мар­құм қар түскеннен жаз шық­қанға дейін пешпен алыса­тын. Тонналап көмір жағатын.

Мен ес білгенде бізбен қабырғалас Айтжан ағаның отбасы тұрды. Марқұм артық сөзі жоқ, момын кісі еді. Ауылда трактор айдады. Ал әйелі – Қаншай апа ептеп шайпаулау болатын. Кейде көршілермен балалары үшін сөзге келіп қалады. Бірақ қайтымы тез. Ештеңе болмағандай күліп жүре береді. Бұдан соң Қатша кемпірдің қызы Дәметкен апа көрші болды. Олардан кейін Бөкеш ағаның отбасы көшіп келді. Барлық көршімен жақын туыстай сыйластық. Бізден соң Ерғали аға мен Талқанбай әкемнің үйі. Талқанбай әкем – майдангер. Соғыста зеңбірекші болып, ерен ерлік көрсеткен. Үшінші дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған. Ал оң жағымызда Серік пен Айжан ағалардың үйі орналасқан. Айжан аға көктем шыға бие байлайды. Әсіресе Дәкіш апа қымызды керемет баптайды. Бал татиды. Ауылдың үлкендері сол үйден жиі қымыз іше­тін. Қораның артында Қал­дидің еңселі үйі қоныс теп­кен. Бұл кісі баяғының батырлары секілді алып денелі адам. Торғай өңірі­не танымал азамат. Оның ақындығы, әңгімешіл­дігі, шежірешілдігі, атбегілігі – бөлек жыр. Біраз жыл ауылдық кеңестің төр­­ағасы болып істеді. Қалди аға­ның түс кезінде жұмыс­тан үйіне нар түйедей маң-маң басып келе жататын бейнесі әлі күнге дейін көз алдымда...

Біздің көше ауылдың қыр жағында орналасқан. Сондықтан «Қыр көше» аталамыз. Өзіміз басқа кө­шенің балаларына «Қыр көшенің қырандарымыз» деп қыр көрсетіп жүре­тін едік. Ұйымшыл болдық. Арман, Медет, Рүстем – бә­ріміз бір сыныпта оқы­дық. Сабаққа бірге барып, бірге қайтамыз. Неше түр­лі ойынның «көрігін» қыз­дырамыз. Бір жағынан, үйге көмектесеміз. Қыс мезгілінде мал жайлаудан қолымыз тимейді. Шанамен су тасимыз. Көк­темде тасыған су үй ір­ге­сіне дейін келетін. Бұл біз үшін бір мереке еді. Тас­қынның беті қайтқан­нан кейін балық аулаймыз. Қазір ойласам, соның бәрі ертегі секілді көріне­ді. Өйткені сол кездегі ауыл қазір жоқ. Біраз үйлердің орны төмпешік болып қана қалған. Көршілеріміздің де көбі өмірден әлдеқашан озған.

Өткенде ауылға жол түскенде ескі үйге арнайы соқтым. Балалық ша­ғым­ның ізін іздеп, төңі­ректі айналып біраз жүр­дім. Са­ғынышымды бас­қандай болдым. Аяулы әжемнің сүйегі осы үйден шығып еді. Сондықтан мен үшін бұл орын қасиетті. Ескі үй: «Балам, менің күйім осы дегендей» үнсіз мұңайып тұрды. Көзімнен жас ыршып кетті...