• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
ЖОЛДАУ Кеше

Банктер туралы заң бәсекелестікті күшейтеді

0 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл соңына дейін банк­тер туралы жаңа заңды дайындап, қабылдауды тапсырды. Мемлекет басшысының айтуынша, заң технологиялық өзгерістер мен экономиканың жаңа қажеттіліктерін ескеруге тиіс.

«Банктер және банк қызметі туралы» заң уақыт талабына жауап беруге тиіс. Банктерді реттеу арасындағы теңгерімді анықтап, сонымен қатар, оларға банктік және бизнес бастамаларын көрсетуге, оның ішінде жаңа және соңғы технологияларды пайдалануға мүмкіндік беру қажет.

Жобаның банк саласы­ның тынысын ашатын, прогрессивті тұстары көп. Жаңа заң лицензиялау жүйесін жаңғыртуды, банк нарығына қол жет­кізуді оңайлатуды көздей­ді. Мұны озық қадам деп ойлай­мын. Қазір бізде микро­қаржы ұйымдары (МҚҰ) өз активтері мен капиталын өсіргенін ескере отырып, оларды банк ұйымына айналдыру құқығы болуға тиіс. Мен әрдайым баға мен сапа арақатынасы негізінде салы­с­тыру және шешім қабыл­дау мүмкіндігінің болуын қол­даймын. Ойыншылар неғұр­лым көп болса, бәсеке­лестік те соғұрлым жоғары болады.

Бұл – банктер, мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты реттейтін ең басты құжат. Банктердiң жаңа түрлерi енгiзiліп жатыр, сондай-ақ лицензиялардың 2 түрi – әмбебап және базалық ли­цен­зия жұмыс iстейдi. Бәл­кім, бұл микроқаржы ұйым­­­дары­ның екінші деңгей­лі банк форматына өтуін жеңіл­дету, сон­дай-ақ олар үшін қор­­лан­дыруды жеңіл­дету (мыса­лы, депозиттер тарту мақ­сатында) үшін жасалатын шығар.

Банк қызметі туралы қолданыстағы заң 1993 жылы қабылданды, алайда одан бері көп нәрсе өзгерді, финтех пайда болды, МҚҰ жұмыс істей бастады, қаржы қызметтерін тұтынушылардың технология­лары мен мінез-құлқы өзгерді. Сондықтан бұл заң – таяу арада болатын ең ма­ңызды өзгеріс. Әрине, бұл өз­герістер бір жылда біт­пейді, алдымен оны қабыл­дайды, келесі жылы тағы да түзетулер енгізіледі және цикл шамамен екі жылдан кейін аяқталады деп ойлаймын. Сонда заң барлығы үшін жағымды формаға ие болмақ.

Бұл үдерістің барлығы – «келісімдерді жаңартудың» маңызды бөлігі. Бұдан басқа, жергілікті жерлерде әлі де болып жатқан саяси транзитті ескеру маңызды. Тіпті бұл кішігірім сая­си және әкімшілік ұстанымдар болса да осы талаптың сақталуы жөн. Егер бұрын көптеген банктің акционерлері саяси тұлғалар болса және кейде реттеушіден күштірек болып көрінсе, қазір күштерді реттеу өзгере бастады. Бүгінде реттеуші әлдеқайда күшті. Соның ішінде отандық банктердің акционерлерінің бір бөлігі өздерін қолайсыз сезініп, нарықтан кетуге шешім қабылдады. Егер бұрын банкті сатып алып, ешнәрсеге алаңдамау керек болса, бүгінде оны сатып алып, жаңа заңнамаға және басқа да шындықтарға бейімдеп, қайта құру керек. Жаңа заң күшіне енгеннен кейін елімізде екі-үш жаңа банк пайда болады деп ойлаймын. Оның үстіне МҚҰ банк секторына белсенді түрде ұмтыла бастайды.

 

Расул РЫСМАМБЕТОВ,

қаржыгер