• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 11:40

Лисаков қаласында «Tugan Qala ERG» форумы өтті

30 рет
көрсетілді

Бүгін Лисаков қаласында «Tugan Qala ERG» форумы өтті. Осымен бесінші мәрте ұйымдастырылып отырған дәстүрлі іс-шара барысында  алпауыт компанияның қаланы көркейтуге бағытталған әлеуметтік жобалары қорытындыланып, игі іске атсалысқан белсенді тұрғындар марапатталды, деп жазады Egemen.kz.

Салтанатты іс-шарада ERG табысты тәжірибесін бүкпесіз көрсетті: форумға қала тұрғындары, кеншілер, белсенді жастардан бөлек, «Қазақмыс», «Qarmet», «Қазатомпром» сияқты тау-кен металлургия компанияларының өкілдері, сондай-ақ моноқалалардың әкімдері  қатысты.

Форумға қатысушыларды құттықтай келген Лисаков қаласының әкімі Абай Ибраев көпшілікті қалада жергілікті әкімдік пен «ERG» компаниясы бірлесе отырып іске асырылған игі істер жайынан хабардар етті.

«ERG» компаниясы Лисаков қаласының әлеуметтік, экономикалық дамуына ерекше үлес қосып келеді. Ал компания іске асырып жатқан «Tugan Qala» жобасының маңызы ерекше. Аталған әлеуметтік жоба аясында қаламызда тұрғындардың ұсынысы бойынша көпке пайдасы тиетін бірталай жаңа нысандар салынды. «Tugan Qala» қысқа мерзім ішінде өзінің нағыз халықтық жоба екенін дәлелдеп берді», деді қала әкімі.

Бірталай жылдан бері Рудный, Лисаков, Хромтау, Ақсу қалалары мен Қашар, Октябрск кенттерінде жүзеге асырылып келе жатқан «Tugan Qala» әлеуметтік жобасының басты мақсаты – халықпен бірлесе отырып қаланың инфрақұрылымын жақсарту, келбетін көркейту, білім мен медицина сапасын көтеру, мәдениет пен бұқаралық спорт түрлерін дамыту. Мұның бәрі халықтың қалауымен ғана іске асырылады. Яғни, «Tugan Qala» жобасы аясында «ERG» компаниясына тұрғындардан сан алуан мәселеге қатысты жүздеген әлеуметтік жоба келіп түседі. Кейін тұрғындар бұл жобалардың әрқайсына дауыс береді. Компания ең көп дауыс жинаған жобаларды іріктеп алып, оған қомақты қаражат бөліп, қысқа мерзім ішінде жүзеге асырады.

Мысалы, соңғы 5 жылдың ішінде ғана «ERG» кәсіпорындары жұмыс істеп тұрған қалалардан 1 297 жобалық ұсыныс түскен. Оның 423-і дауыс беруге жіберіліп, 185 жоба қала тұрғындары тарапынан қолдау тапқан.

Аталған бастама Лисаков қаласында өткен жылы ғана қолға алына бастаған. Соған қарамастан ауыз толтырып айтарлықтай дүние көп.  Форумға келген 150-ден астам адам қалалық жағажайдағы воркаут-алаңы, спорт алаңы, тренажерлар бұрышы, көп қабатты үйдің тұрғындары көптен бері қол жеткізе алмай келген автотұрақ, футбол алаңы тәрізді қала тұрғындарының қалауымен салынған нысандарды аралап көрді.

Мәселен, №14-ші шағын ауданда бірнеше көп қабатты үй, 300-ге тарта жеке тұрғын бар. Мұнда мыңнан астам адам тұрып жатыр. Бұған дейін не спорт алаңы, не балалар ойнайтын алаңқайы болмай келген шағын ауданда таяуда ғана воркаут және көше тренажерлары бар спорт алаңы пайда болды. Бұл алаң әр түрлі жастағы адамдардың таза ауада спортпен шұғылданып, денсаулығын нығайтуына септігін тигізіп отыр. Спорт алаңының жанына жергілікті әкімдік балалар алаңқайын салып берген. Осының бәрі «Tugan Qala» жобасына қатысқан осы шағын ауданның қарапайым тұрғыны Александра Горбачевскаяның бастамасымен салынған дүние.

«Әлеуметтік жауапты компания ретінде біз қызметкерлеріміздің жұмыс жағдайын жақсартуға қомақты қаражат құйып келеміз. Алайда қызметіміз мұнымен шектелмейді. Жұмысымыздың ауқымды бөлігі қызметкерлердің отбасына, олар тұрып жатқан қалалардың инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған. Қала тұрғындары түгел біле бермеуі де мүмкін, бірақ, «ERG» мен Қостанай облысының әкімдігі арасында бірлескен әлеуметтік дамыту бағдарламалары бар. Әкімдік пен «ERG» әлеуметтік инвестицияларды қайда бағыттап, қандай түйткілдерді шешу керек деген мәселелер бойынша бірлесе қызмет етеді. Осы орайда, сонау 2017 жылы әлеуметтік жобалар байқауында айтылған «Tugan Qala» бастамасы осыншалықты кең қанат жайғаны бізді қуантады. 2022 жылдан бері 207 млн. теңгеден астам қаражатқа 23 жоба іске асты. Соның 6-уы осы Лисаковта», дейді  «ERG»-дің әлеуметтік қамтамасыз ету ісі жөніндегі директоры Шаттық Әбдіхалықов.

Форум аясында қала тұрғындарына «Әлеуметтік желілердің бизнеске жәрдемі: сатылым және ілгерілету», «Күнделікті тұрмыста ЖИ-ді қалай пайдалану керек?» деген тақырыпта шеберлік сабақтары өтті.

Форум соңында «Туған қалам Лисаков» онлайн байқауының жеңімпаздары марапатталды.

«ERG» компаниясы еліміздің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға мол инвестиция құйып келеді. «ERG» кәсіпорындары орналасқан өңірлерге құйылған әлеуметтік инвестициялардың көлемі бүгінде 400 млрд теңгеге жуықтаған.

Жалпы «Tugan Qala» жобасы алғаш рет 2020 жылы қолға алынды. Содан бері аталған жоба аясында 144 әлеуметтік нысан салынып, іске қосылған. Олардың қатарында балалар мен спорт алаңдары, арт-нысандар, инклюзивті жағажайлар, шаңғы роллер жолы сияқты жобалар бар. «Tugan Qala» жобасы аясындағы бастамаларды іске асыруға «ERG» жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеден астам қаражат жұмсаған.