• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:30

Жас қаламға – тың тыныс

30 рет
көрсетілді

Қазақстан Жазушылар одағы мен Мәдениет және ақпарат министрлігі бірлесе іске асырған «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы», «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі», сондай-ақ «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушыларға қатысты зерттеу жұмысын жүргізу» сынды үш ірі жоба биыл да жалғасын тапты.

Осы жобалардың ішінде Әдеби шеберлік мектебі ерекше мәнге ие. Бұл мек­тептің басты мақсаты — жас әде­биет­­­­шілердің шығармашылық әлеуе­тін ашу, шеберлігін шыңдау, кәсі­би бағыт-бағдар беру. Жоба ұйым­дасты­рушылары мектеп арқылы жазу техникасын ғана емес, әде­биетке деген терең көзқарас пен жауап­кершілікті де үйреткісі келеді.

Былтыр Шеберлік мектебі табысты әрі нәтижелі өтті. Одан өткен бірқатар жас ақын биыл «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасына қатысуға жолдама алды. Биылғы «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» курсына өтінім берген көптің ішінен еліміздің 20 өңірінен дарынды жас қаламгерлер іріктеліп алынды. Еркін қатысушылар да болды.

Бұл жобаның сәтті жүзеге асуы­на шетелдік және отандық қалам­гер­лер үлес қосты. Поляк ақыны, әде­биет­танушы, өнертанушы, Поль­ша Республикасының еңбек сіңір­ген мәдениет қайраткері, баспагер Малгожата Мартлевска, қырғыз ақыны, Қырғызстан еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қырғыз Респуб­ликасы үкіметінің Жастар сыйлығы­ның лауреаты Нұрлан Қалыбеков, Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі, философ, түркіта­нушы, фило­ло­гия ғылымдары бойын­ша филосо­фия докторы, Ә.На­уаи атындағы Таш­кент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университеті әлеумет­тік-гумани­тарлық ғылымдар кафедра­сының доценті Анвар Боранов, әзербайжандық ақын, эссеист, аудармашы Салим Бабуллаоглы Алматыға арнайы шеберлік мектебі үшін келіп, бірнеше күн бойы жас қаламгерлерге дәріс оқыды.

М.Мартлевска дәрістерінде әде­биеттің әлемдік мәдениет тари­хын­дағы рөліне тоқталып, жазушы­ның қо­ғамдағы мәртебесі туралы кеңі­нен сөз етті. Сонымен қатар «Ақын мен жазушының айырмасы» тақыры­бындағы арнайы дәрісінде жазу ма­шығы, әлемдік тәжірибе, баспа мә­селелеріне тоқталып, жас қаламгер­лерге ақын, аудармашы, баспагер ре­тін­де кеңесін берді. Бұған қоса, «Қазіргі технологиялардың әде­биет­­шілерге төндіретін қаупі» дәрісі қаты­сушылардың ерекше қызы­ғушы­лы­ғын тудырды. Жас қалам­герлер пікір­лерін ортаға салып, жаңа заман әде­биетінің бағыт-бағдары, әдебиеттің бо­лашағы, оның технологиялар­мен «ымыраға келуі» туралы сөз қозғады.

А.Боранов «Түркі халықтары­ның фольклоры. Алтайтану» тақыры­бында танымдық дәріс оқыды. Дәріс­те түркілік рухани бірлік, мәде­ни сабақтастық, әдебиеттегі мифопо­э­тикалық құрылымдар туралы ой қоз­ғады. Аталған дәріс — ака­де­миялық мазмұндағы баяндама ғана емес, ұлт­тың рухани кодын әдебиет арқылы ұғынуға арналған ашық диалог алаңы болды. Ғалым сөзінде: «Фольклор — ескі аңыз не өткен күннің мұрасы ғана емес. Ол – халықтың дүниетанымы, мінезі, тарихи жады. Түркі халықтарының фольклоры — мың­даған жылдық тарихтан сыр шертетін, халықтың рухани жадын сақтап келе жатқан ауқымды жүйе. Ал алтайтану — осы түркілік рухани кеңістіктің түп-тамырын зерттейтін пәнаралық ғылым саласы», деп атап өтті. Зерттеуші дәрісінде осы екі бағытты байланыстыра отырып, әде­биет пен тарихтың түйіскен тұстарын аша білді.

С.Бабуллаоглы «Өлең құ­ры­лысын талдау» тақырыбында танымдық дәріс өткізді. Ақын қазір­гі поэзиядағы құрылымдық ерек­шеліктер, өлеңнің ішкі ырға­ғы, мета­фора мен бейнелеу құрал­дары­ның қолданылу тәсілдері туралы кеңі­нен әңгімеледі. Сонымен қатар жас ақындардың туындыларына нақты мысалдар келтіре отырып, құры­лымдық тұрғыда талдау жасалды. Дәріс барысында қатысушылар сұрақ қойып, пікір алмасуға мүмкіндік алды. С.Бабуллаоглы – шығар­машылығы­мен ғана емес, сондай-ақ поэзия мен аударма саласындағы ғылыми зерттеу еңбектерімен де кеңінен танымал қаламгер. Оның дәрісі жас қаламгерлер үшін тың ой, жаңа бағыт пен шабыт көзі болды.

Нұрлан Қалыбеков поэзиядағы ішкі үйлесім, сезім мен форманың үндестігі, ақынның ішкі дауысы және өлең құрылымындағы рөлдері тура­лы айтты. Поэзия сөз ғана емес, адам­ның жан дүниесінен шыққан терең сезімнің көрінісі екенін атап өтті. «Нағыз поэ­зия – үнсіз жүрек­тің шынайы дауысы. Ақын үшін ең бас­тысы, ішкі әлеміне адал болу және сол шынайылықты оқыр­манға жеткізе білу», деді ол. Дәріс барысын­да жас ақындардың бірнеше өлеңі оқылып, авторлық талқылау өткі­зіл­ді. Н.Қалыбеков әрбір өлеңге жеке тоқталып, көркемдік құрылы­мы, тақырыптың тұтастығы мен тіл­дік ерекшеліктеріне терең талдау жа­са­ды. Ол жас ақындардың шы­ғар­­машы­лығындағы күшті тұс­тар мен әлі де жетіл­діруді қажет ете­тін ба­ғыттарды айтты. Дәріс – шығарма­шылықпен айналысатын жастар үшін мотивация ғана емес, поэзияны терең түсінуге жол ашқан тағылымды сәтке айналды.

Бұған қоса, жас қаламгерлерге қазақ әдебиетінің танымал қалам­гер­лері де дәріс берді. Олардың қата­рын­да Сұлтанәлі Балғабаев, Бексұлтан Нұржекеұлы, Болат Үсенбаев, Жұма­бай Құлиев, Көсем­әлі Сәттібайұлы, Нұр­лан Қами, Асылбек Ықсан, Әмір­хан ­Мең­деке, Жүсіпбек Қорғасбек, Маралтай Райымбекұлы, Ерлан Жүніс сынды белгілі қаламгерлер бар.

Биылғы әдеби шеберлік мекте­біне алғаш рет еліміздің 5 ғылыми  зерт­теу институтының қызметкерлері шақырылды. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білі­мі институты, М.О.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер институты, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, Тарих инс­титуты, Философия, сая­сат­тану және дінтану институты өкіл­дері жас қаламгерлерге әдебиеттен өзге салалар, ғылым, дін, өзге де ба­ғыттарда білім берді. Бұл – жастарға көркем шығармашылық қана емес, әдебиеттану мен ғылым арасындағы байланысты да тереңірек түсінуге мүмкіндік.

«Абай Құнанбайұлының, Олжас Сүлейменовтің елі поэзияда бая­ғы­дан озық екені даусыз. Мен мұны қазақтың бірнеше ақынын өз тіліме аударғандықтан айтып отырмын. Әдеби шеберлік мектебі, меніңше,  мақсатына жетті. Өйткені отандық қаламгерлермен қоса, шетелдік қалам­герлерге дәріс оқыту, бұған қоса жас қаламгерлердің өзінің ішкі дайын­дықтарының күшті болуы жоба сәтті өтуіне үлкен септігін тигізеді», дейді Польша ақыны М.Мартлевска.

 

Еділбек ДҮЙСЕН,

Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз хатшысы