• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп Бүгін, 08:40

Құқық сауаты қылмыстың алдын алады

20 рет
көрсетілді

Алаяқтық – әділетті қоғамның қас жауы. «Заң мен тәртіп» қағидатын берік ұстанған мемлекетте тұрғындардың қалтасына қол салатын мұндай өрескел қылмыстарға жол берілмеуге тиіс. Өкінішке қарай, құқық қорғау органдарының жан-жақты алдын алу жұмыстарына қара­мас­тан, әзірге бұл кеселдің тамырына балта шабылды деуге ерте. Оның себебі – халықтың да құқықтық сауатының төмен болуы.

Елімізде виртуалды әлемде «балалап» үл­герген кибералаяқ­тар түр­лі қитұрқы әрекетке барып, қарапайым жұрттың қалтасын қағуды доғарар емес. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облы­сында екі қылмыскер 37 аза­маттың сенімін пайдаланып, асқан шеберлікпен алдап, 100 млн-нан аса теңге қара­жатын жымқырып, тақыр­ға отырғызған. Абырой бол­ған­да, дорбасын долларға тол­тырғандар алысқа ұзамай құ­рықталды. 28 шілде­де Петро­павл қалалық соты Қыл­мыстық кодекстің 2-тармағының 4-бөлігі бойынша үкім шығарды. Б. және Т. есімді сотталушылар өз кінәларын жоққа шыға­рып, тағылған айыпты мойында­мағанына қарамастан, сот олар­­дың жасаған ісіне дәлел жет­кілікті екенін пайдаланып, үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Кейінгі кезде көбейіп кеткен алаяқтықтың бір түрі – телефон арқылы жасалатын қылмыс. Алматы қаласында үш дроппер өзара сөз байла­су арқылы қарт адамдарға телефон шалып, жақын туыс­­тарының жол ережесін бұз­­­­­­ғанын, салдарынан адамдар жарақат алға­нын хабарлаған. Куратордың нұсқауымен жол-көлік оқи­ғасынан зардап шеккендерге материалдық көмек ретінде алданған тұлға­лардан 14 млн теңгеден аса ақша алып, оны қылмысты ұйымдастырушының есеп айырысу шотына аударып, қалған бөлігін өздері алып отырған.

Тәртіп сақшылары үш алаяқ­­тың екеуі шетелдіктер еке­нін анықтады. Олар жәбір­лену­шілердің ақшасын жым­қырған соң елден кетуге әрекет­тенген. Алайда рейсті күтіп тұр­ған кезде Алматы қала­сы­ның халықаралық әуе­жайында ұсталды.

Мемлекеттiк айыптаушы сотқа бұлтартпас айғақ­тар­ды ұсына отырып, кiнәлiлердiң алаяқтыққа, яғни аса iрi мөл­шерде алдау жолымен бөтеннiң мүлкiн ұрлауға қатысқанын дәлелдеді. Нәтижесінде, келті­рілген шығын толығымен өтеліп, үш дроппердің әрқайсысы 2 жылға бас бостандығынан айы­ру жазасына кесілді.

Алматыдан жеткен тағы бір ақпаратқа сүйенсек, тәртіп сақ­шылары алаяқтардың нөмір­лерді ауыс­­тыру үшін пай­­да­­ланатын кезекті «Sim-Box» жабдығын анық­таған. Құқық қорғау органдары, «Қазақ­телеком» АҚ мен «Кселл» АҚ арасында жасал­ған меморандум аясын­да қала про­куратурасының үйлес­­­­­тіруімен Алматы қаласы ПД-ның Киберқылмыспен күрес басқармасының қыз­мет­кер­лері қылмыстық техниканы пайдалану фактісін тіркеді.

С.Бәйтереков көшесіндегі пәтерде жүргізілген жедел іс-ша­ралар барысында Ре­сей Фе­дерациясының 18 жас­­тағы азаматынан «Sim-Box», қа­зақстандық ұялы байланыс операторларының 300-ден аса сим-картасы және басқа да жабдықтар тәркі­ленді. «Sim-Box» жабдығы қылмыс­тық мақсатта телефон қоңы­рау­­­­­ла­рын жаппай жасау, таратуларды жіберу және абонент­тік нөмірлерді ауыстыру үшін кеңінен қолданылады.

Аталған факт бойынша Қыл­­мыстық кодекстің 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген 213-бабымен (Абоненттік құрылғының сәйкестендіру кодын өзгертуге арналған бағдарламаларды құқыққа қайшы пайдалану) сотқа дейінгі тергеп-тексеру бас­талды. Айта кетсек, биыл осыған ұқсас 7 іс сотқа жолданып, оның төртеуі бойынша үкім шығарылған.

Алматы қаласының прокуратурасы азаматтарды абай болуға және банк картасының деректері мен кіру кодтарын бөгде адамдарға бермеуге ша­қы­рады. Жоғарыда атал­­ған жабдықты пайдалану мүмкін­дігі тура­лы ақпарат болса, құқық қорғау органдарына хабарлау қажет.

Жалпы, алаяқтық қылмыс­тарына тыйым салумен, соттаумен, қорқытып-үркітумен түпкілікті тосқауыл қою мүм­кін емес екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Ең маңызды тегеу­рінді шара – халықтың құқықтық сауатын көтеру. Егер адам­дардың бойында өзін алда­ғысы келетін қаскөйлерге қарсы тұратын иммунитет болса, алаяқтық секілді қылмыстар өзі­нен-өзі азайып, жоғалар еді.

Осы мақсатта құқық қорғау қызметкерлері халық арасында түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді. Әлеу­меттік желідегі ескертулер­ден бөлек, азаматтармен көзбе-көз кездесу арқылы мәлімет беру іс-шаралары да жолға қойылған. Мәселен, таяу күн­дері Түркістан облысы Поли­ция департаментінің кибер­қылмысқа қарсы іс-қимыл бас­қармасы Сайрам ауданында интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында кең ауқымды профилактикалық іс-шара өт­кіз­ді. Жедел уәкілдер аудан аума­ғындағы әрбір үйді ара­­лап, тұрғындармен жеке кезде­сіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Нәтижесінде, 4 мыңнан аса үй қамтылып, 10 мыңнан аса адамға ескертпе парақшалары таратылды. Бұл парақшаларда интернет арқылы жасалатын алаяқ­тықтың кең тараған түр­лері, қылмыскерлердің алдау тәсілдері және жеке дерек­терді қорғаудың негізгі ере­желері көрсетілген. Полиция қызметкерлері әңгіме барысында бейтаныс адамдарға банк картасының нөмірін, құпия сөздерін, SMS-кодтарын бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және интернет-дүкендерден тауар сатып алу кезінде тексеріл­ген, сенімді платформаларды пайдалану қажеттігін түсін­дірді.

Сондай-ақ алаяқтыққа тап болған жағдайда дереу по­ли­цияға хабарласу керектігі ескертілді. Полицейлер мұн­дай алдын алу шаралары тұр­ғындардың киберқауіпсіздік деңгейін арттырып, алаяқ­тардың арбауына түсіру қаупін барынша төмендетуге ықпал ететінін атап өтті.