Биыл 16 шілдеде Мемлекет басшысы қол қойған «Қылмыстық заңнаманы оңтайландыру туралы» заң 16 қыркүйектен, яғни бүгіннен бастап күшіне енеді. Осы заң аясында Қылмыстық кодекске бірқатар жаңа бап енгізілді және қолданыстағы нормаларға өзгерістер жасалды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы Жолдауында Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерді мұқият саралап, ондағы қолданылмайтын немесе сот төрелігіне кедергі келтіретін артық-ауыс нәрсенің бәрінен арылу қажеттігін айтқан болатын.
«Тиісті түзетулер енгізілгеннен кейін оларды қайта-қайта өзгерте бермеу қажет. 2015 жылдан бері Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге 1 200-ден астам өзгеріс енгізілген. Уақытша жағдайларға байланысты немесе аясы тар корпоративті мүдделерге бола заңдарды өзгертуге жол берілмеуге тиіс. Сондықтан қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы түзету құзыретін Әділет министрлігіне беру қажет. Ол үшін мекеменің кадрлық әлеуетін нығайтып, заң шығару қызметінің сапасын арттыру керек», деген еді Мемлекет басшысы.
Міне, Президенттің осы тапсырмасын орындау 2023 жылы 19 наурызда сайланған Мәжіліс депутаттарының еншісіне тиді. Олар екі жылдың үстінде осы заң жолында жұмыс істеді. Биылғы маусым айында Мәжілістің үшінші сессиясында заң қабылданып, 16 шілде күні Президент қол қойды. Бұл 60 күннен кейін, яғни 16 қыркүйекте күшіне енуге тиіс. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Абзал Құспан депутаттар корпусының қолданыстағы қылмыстық заңнаманы оңтайландыру, жетілдіру бойынша көлемді жұмыс атқарғанын айтады. Ендігі міндет – халық арасында белсенді құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.
– Біз жаз бойы елімізді аралап, бірнеше облыста халықпен, ішкі істер органдары қызметкерлерімен кездесулер өткіздік. 16 қыркүйекте күшіне енгелі отырған заң қағидалары халық үшін, әсіресе жастар қауымы үшін өте маңызды. Мысалы, сталкинг, дропперлік секілді ұғымдар, некеге мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершілік, тағы басқа заң нормалары ертең әр адамның тағдырына әсер етуі мүмкін. Сондықтан біз, депутаттар корпусы, заңдағы өзгерістерді халыққа түсіндіру өте маңызды деп есептейміз, – дейді депутат А.Құспан.
Жоғарыда айтылғандай, бұл заң жобасын Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында берілген тапсырмасын орындау мақсатында, 2030 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыру аясында Әділет министрлігі әзірлеп, ұсынды. Еліміз тарихында алғаш рет қылмыстық заңнаманы жетілдіру өкілеттігі құқық қорғау органдарынан ведомстволық мүддесі жоқ орган ретінде Әділет министрлігіне берілді.
– Біз қабылдаған заң жобасының негізгі бағыты азаматтар мен кәсіпкерлердің құқығын қорғауды күшейту, қылмыстық процесте тараптардың теңдігін нығайту, қылмыстық процесті оңтайландыруға саяды. Соның ішінде экономикалық даулар бойынша негізсіз қылмыстық істерді тіркеуді алып тастау, істерді қосымша тергеуге прокурорға қайтаруға тыйым салу, бизнесті тексеру үшін прокурормен міндетті түрде келісу, тінту және алып қою санкцияларының қолданылу мерзімдерін негізді ету, «қорғану құқығы бар куәгерді» қорғау, кәсіпкерлік қызмет пен ұйымдасқан қылмыстық топты ажырату, экономикалық қылмыстар бойынша бас бостандығынан айырудың орнына еселенген айыппұл енгізу, адвокаттардың құқығын кеңейту, сотқа қорғау тарапының балама ұстанымын ұсыну мүмкіндігі, электрондық қылмыстық іс жүргізуді әдепкі норма ретінде қалыптастыру, прокурордың резолюциясы негізінде бөлек қаулысыз сотқа беру, қашықтан беттестіру мүмкіндігі, интернеттегі қылмыстарда жәбірленушінің тұрғылықты жері бойынша тергеу жүргізу сияқты осы сала мамандары үшін маңызды өзгерістер бар, – дейді Абзал Темірғалиұлы.
Осылайша, 2023 жылғы мамырдан бастап депутаттардың жұмыс тобы осы заң бойынша ғана 60-қа жуық отырыс өткізген. Оның ішінде көшпелі кеңестер мен халықаралық іс-шаралар да бар. Сөйтіп, заң жобасына 699 депутаттық түзету ұсынылып, қаралған екен. Соның 165-і, яғни 23%-ы қолдау тапқан. 69 ұсыныс ішінара қабылданған.
Ендігі сөзді қоғам үшін өте өзекті болып отырған бірнеше тақырыпқа арнасақ.
Сталкинг
Жоғарыда айтылғандай, жаңарған заңда сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіліп отыр. Ал сталкинг деген не?
Сталкинг – жәбірленушінің еркіне қайшы байланыс орнатуға және (немесе) аңдуға бағытталған, зорлық-зомбылықпен байланысы жоқ, бірақ елеулі зиян келтірген әрекеттер.
Бұл қылмыстың жазасы – 200 АЕК-ке дейінгі айыппұл немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 50 тәулікке дейін қамау болып белгіленді.
Ендеше, әлдебір адамның ізіне түсіп, тынымсыз мазалап, телефон шалып, тіпті ол қаламаған сыйлықтар жіберіп, қорқытып-үркітіп, соның ішінде ғаламтор арқылы да мазалай берсеңіз, сөзсіз жауапқа тартыласыз деген сөз.
Дропперлік
Банктік карталар мен шоттарды өзге тұлғаларға заңсыз беру дропперлік деп аталады. Жаңарған заңда бұл қылмыс үшін жауапкершілік қарастырылған.
«232-1-бап. Банктік шот, төлем құралы немесе сәйкестендіру құралдарын заңсыз беру, беру үшін алу немесе пайдалану».
Бұл қылмыстың түрлі ауырлататын мән-жайларына байланысты айыппұл – 160 АЕК-тен 5 000 АЕК-ке дейінгі аралықта салынады. Сондай-ақ айыппұл қоғамдық жұмыстармен немесе бостандығын шектеу не айырумен алмастырылуы да мүмкін. Мұндай жағдайда қылмыс жасаған тұлғаның мүлкі міндетті түрде тәркіленеді.
Қыз алып қашу
Елімізде «некеге мәжбүрлеу» бабының өзіндік тарихы бар. Ең алғаш Қазақ КСР-інің Қылмыстық кодексі 1959 жылы қабылданды. Осы Кодексте «некеге мәжбүрлеу» бабы бар еді, ол 1997 жылға дейін күшінде болды. Бірақ 1997 жылы қабылданған жаңа Кодексте «некеге мәжбүрлеу» бабы декриминализацияланды, алынып тасталды. Ол Кодекс 2015 жылы жаңа кодекс қабылданғанға дейін күшінде болды.
Ал жаңарған заңның бір бабы некеге мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершілік деп аталады.
125-1-бап – некеге мәжбүрлеу: қорқыту, шантаж немесе қысым көрсету арқылы неке қиюға мәжбүрлеудің жазасы – 2 000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 2 жылға дейін бостандығын шектеу не айыру; ауырлататын мән-жайлар (кәмелетке толмағанға қатысты, қызметтік өкілеттікті пайдалану, топпен жасау және т.б.) болса, жазасы – 5 000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 3–7 жылға дейін бостандығын шектеу не айыру; егер мұндай әрекеттердің салдарынан абайсызда ауыр зардаптар келсе, оның жазасы – 5–10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін барады.
Адам ұрлау
Ескеретін жәйт, заңнаманың «Адам ұрлау» бойынша бабына да өзгерістер енгізілген.
125-бап – адам ұрлау: бұл қылмыстың қарапайым құрамы жағдайында – 4–7 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген; ауырлататын мән-жайлар (жүктілерге, топпен, қару қолдану және т.б.) болса, жаза 7–12 жылға дейін күшейеді; ерекше ауыр жағдайлар (өлім, кәмелетке толмағанға қатысты, қылмыстық топпен) болса, жазасы 10–15 жылға дейін барады.
Осы бапта бұрын «Жәбірленушіні ерікті түрде босатқан тұлға, егер әрекетінде басқа қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады» деген ескерту болатын. Енді ол алынып тасталды. Мұның қандай салдары болуы мүмкін? Бұның маңызы сол, ендігі жерде кез келген адамды А нүктесінен Б нүктесіне оның еркінен тыс алып барған адам ауыр баппен сотталады. Мысалы, қарызын бермей қашқалақтап жүрген адамды борышқорға алып баруы мүмкін жағдай өмірде кездеседі ғой.
Киік мүйізі хақында
Жаңа заңнамада елімізде сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерді қорғауға қатысты да маңызды өзгеріс бар. Бұрын Қылмыстық кодекстің 339-бабында – киікті заңсыз ату да, оның мүйізін сақтау, сату да бір баппен қамтылатын. Енді заң оларды бөліп берді. Яғни 339-бап тікелей заңсыз аулау, ату, яғни браконьерлікке қатысты болса, 339-1-бап аясында сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерді сақтау, сатып алу, сату, тасымалдау секілді қосалқы әрекеттер қарастырылады.
Бұл жерде маңызды ерекшелік бар: 339-1-бап бойынша экологиялық залал есептелмейді. Залал тек 339-бап аясында, яғни браконьерлік кезінде қолданылады. Сондықтан бұрын қосалқы әрекеттер үшін сотталған адамдардың ісі қайта сараланып, олар жазадан және ең бастысы, экологиялық залалды өтеуден босатылады. Бұл өзгеріс әділдік үшін жасалып отыр: негізгі қылмыскер – аңды атқан адам, ал өнімді сатып алған немесе сақтаған қосымша әрекет қана.
Коллекторлық қызмет туралы
Жаңа заңға сәйкес, енді заңсыз банктік және коллекторлық қызмет үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген. Бұл – Қылмыстық кодекстің 214-1 және 214-2 баптары.
Лицензиясыз несие беру, банктік операция жүргізу немесе заңсыз коллекторлық қызметпен айналысу енді ауыр құқықбұзушылық болып саналады. Оның жазасы – көлемі 2 000 АЕК-ке дейін айыппұлдан бастап, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, дәрежесіне қарай 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру да тағайындалуы мүмкін. Егер қылмыс топпен жасалса немесе қайталанса, жаза күшейеді. Мұндай жағдайда сот 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруға және мүлікті тәркілеуге үкім шығара алады. Бұл норманың мақсаты – азаматтарды қаржылық алаяқтардан қорғау.
P.S. Мәжіліс депутаты Абзал Құспан айтқандай, заңдағы жаңа өзгерістер шынымен де өміріміздің әр саласында өрнегін көрсеткелі тұр. Қазір жастар арасында дропперлік әрекеттер оңай табыстың көзі ретінде өте танымал. Сондай-ақ еліміздің оңтүстігінде, әсіресе ауылдық жерде жас қыздар мен әйелдерге дәстүрлі қысым көрсету, некеге тұруға мәжбүрлеу формалары әлі де кездеседі. Күшіне енгелі отырған заң жобасында аталған қылмыстарға қарсы қатаң жауапкершілік қарастырылып отыр. Сондықтан «кейбір азаматтар, әсіресе жастар опық жеп қалмаса екен» деп алаңдап отырған депутаттың ойы орынды. Жаңа заңнаманың талаптарын білу, оны бұлжытпай орындау – қоғамдық жауапкершіліктің кепілі.
Батыс Қазақстан облысы