Түркістан облысында атаулы әлеуметтік көмекке (АӘК) байланысты ірі көлемде қаржының мақсатсыз жұмсалғаны белгілі болды. Прокуратура тексерісі барысында кейбір отбасыларға негізсіз төлемдер жүргізілгені және құжаттарда жалған қорытындылар рәсімделгені анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бас прокуратураның хабарлауынша, Жетісай ауданында комиссия «атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж емес» деген шешім шығарғанына қарамастан, 18 отбасыға жалпы сомасы 3,1 миллион теңге бөлінген.
«Ал Сарыағаш ауданының Қапланбек ауылдық округінде учаскелік комиссия хатшысы мен ауылдық округ әкімінің орынбасары комиссия мүшелерінің атынан қол қойып, 56 өтініш бойынша жалған қорытындылар рәсімдеп, соның салдарынан 9,7 млн теңге мемлекеттің қаржысы мақсатсыз жұмсалған», делінген хабарламада.
Прокуратура заңсыздықтарды жойып, жауапты адамдарды тәртіптік жауапкершілікке тарту үшін қадағалау актісін енгізген. Қазір бұл мәселе қаралып жатыр.