• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Есірткі Кеше

Қостанай облысында есірткі тасымалдап жүрген жасөспірім ұсталды

20 рет
көрсетілді

Қостанай облысында өтіп жатқан «Қарасора-2025» жедел алдын алу іс-шарасы аясында психотроптық заттарды сақтап, таратты деген күдікпен 16 жастағы Теміртау тұрғыны ұсталды, деп жазады Egemen.kz.

Жасөспірімді  Рудный қалалық ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері қалалық жағажай маңында ұстаған. Күдіктіні тінту барысында ұнтақ тәрізді зат салынған шамамен 80 пакет табылды.

Полиция қызметкерлері жасөспірім жалға алған Қостанай қаласындағы пәтерге тінту жүргізіп, электронды таразылар, ақ ұнтақ қалдығы қалған жүздеген бос пакет, сондай-ақ сатуға дайындап қойған 200-ден астам есірткі орамын тапты. Тәркіленген ұнтақтың жалпы салмағы шамамен жарты килограмм болады. Сот-химиялық сараптама тәркіленген ұнтақтың синтетикалық есірткі екенін көрсетіп отыр.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, жасөспірім аталған қылмысқа әлеуметтік желілер арқылы тартылған. Мессенджер арқылы «жоғары табысы бар курьерлік жұмыс» тапқан. Шын мәнінде, оның міндеті есірткі сақтау, оны облыс көлеміндегі құпия орындарға жасырып қойып отыру ғана болған.

Күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің ерекше ірі көлемде психотроптық заттарды заңсыз дайындау, сақтау және тасымалдау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір жасөспірім уақытша ұстау изоляторына отыр.

Полиция қылмыстық топтың ұйымдастырушыларын және жасөспірімнің ересек сыбайластарын іздестіріп жатыр.

«Жасөспірімдерді интернет арқылы арбау – есірткі бизнесінің кең таралған тәсіліне айналып отыр. Сондықтан ата-аналарды баланың бос уақытын қалай өткізетінінін жіті бақылап, оның әлеуметтік желіде не істеп, не қойып жатқанын бақылап қадағалап отыруға шақырамыз», деп хабарлады облыстық ПД-ның баспасөз қызметі.

«Қарасора-2025» жедел алдын алу іс-шарасы аясында өңірде бүгінгі бір күннің ішінде заңсыз айналымнан 5 кг 570 грамм синтетикалық есірткі тәркіленген.

Қостанай облысы