• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Еңбек Бүгін, 08:12

Әйел атқа қонса...

20 рет
көрсетілді

Қысы-жазы, жаздың қарға миын қайнататын ысты­ғын­да, қыстың сақыл­даған сары аязында мал бағу оңай шаруа емес. Қос білегін сыбанып, қолына құрық ілген келіншектің кәтепті қара нарға жүк болатын шаруаны атқаруы – өзгеге өнеге, миятты мысал.

Мал бағу оңай шаруа емес, ілкі­дегі ақылман қа­риялар жылқыны жылқы­ның өзіндей қайратты адам баға­ды деуші еді. Бүгінде ел ішінде мал бағуға ынта білдіретіндер некен-саяқ. Жастар жағы ата кәсіп­ті меңге­руге құлықсыз. Содан ба екен, жеке­меншік мал бағуға белсеніп кісі шыға қоймайды. Біздің өңірде кейбір ауыл-елдің малын өзбек ағайын бағып жүр дегенді естігенде, таңғалатының бар. Қазір жылқының бір басын айына бес-алты мың теңгеге бағады. Егер табында 200 жылқы болса, ай са­йын бір миллион теңге ала тақиялы ағайынның қалтасына түсті дей беріңіз. Қызғаныш емес, қыжыл. Ауылдағы ағайын екі қолға бір күрек таба алмай отыр дегенімізбен, ең құ­ры­ғанда атқа мініп мал бағуға болар еді ғой. Әлде атам қазақ мал бақпап па еді?

Салы суға кетіп отырған ағайын­ға мысал болсын деп осы тақырыпты қаузауға тура келіп отыр. Тассуаттық келіншек Әлем Молайған тепсе темір үзетін азаматтар атқаратын шаруаны дөңгелетіп отыр. Осымен жеті жыл бойы ауылдың сиырын бағып, алғыс арқалап жүр. Ауылдастары Әлемнің мал баққанына разы. «Сиырдың сүті тілінде» деген қағида бар. Егер шілденің ыстығында қыруар малды иіріп қойса, кешке ешкінің сүтіндей ғана сүт берер еді. Ал отты жерді қуалап, еркін жайылған мал өрістен желіні толып оралмақ.

Тілдесе келе Әлемнің кісі жатыр­қа­майтын мінезіне разы болдық. Өзінің айтуына қарағанда, ес біліп, етек жапқалы төрт түлік малдың ішінде. Ауыздығымен алысқан атқа бес жасынан бастап қонған. Мектепте оқып жүрген кезінде жазғы демалыс­та әкесінің қолғанаты болыпты. Мал сырын жадына жаттаған. Даланың да өзіндік сырын көкірегіне тоқыған зерек.  Бар ғұмыры төрт түлік малдың ішінде өткен әкенің ғибраты өз алдына. Алдындағы малдың ауруын, сауын бір көргенде-ақ айырады. Әр түліктің еркін отығып, қоң жинау жайы да жадында жатталып қалған.

– Маған бақташы болудың еш­бір қиындығы жоқ, – дейді Әлем. – Өз ісіңді жақсы біліп, жүрегің қаласа алдыңдағы іс те өз-өзінен үйі­ріліп тұрады. Ең бастысы, ел менің жұмысыма разы, көптің көңілінен шығу оңай емес. Алдымдағы мал ауылдастарымның ырыздығы. Осы малдың арқасында балаларын оқытып, күндерін көріп, табыс тауып отыр. Сондықтан мен малдың күйін жоғалтпай, жүдетіп алмай, басының аман болуына жауаптымын, – дейді.

Моңғолияда Әлем бухгалтер-экономист мамандығын алыпты. Әйтсе де мамандығымен жұмыс істеудің сәті түспеген. 1992 жылы отбасы ата жұртына қоныс аударған. Облыс орталығынан тым шалғай жатқан Жарқайың ауданындағы шоқ жұлдыздай шағын ғана Тассуат ауылына көш басын тіреген. Бұл жерде де мамандығы бойынша жұмыс табылмаған. Жолдасы Мұрат­бек Жұмағали екеуі жергілікті ауыл шаруашылығы ұйымына жұмысқа орналасыпты. Жолдасы малшы, өзі сауыншы. Ел тынысын екшей келе, бала жасынан көзі қаныққан бақташылық қызметті қалаған, қой мен жылқы баққан. Келе-келе түйе де бағыпты. Жергілікті «Кен-М» серіктестігі түйе бағатын адам таппай аңтарылып отыр екен, Әлемнің әбжіл қимылы тәнті еткен. Бұл өңірде түйе таңсық мал. Тілін білетін кісі сирек.

Бәрі өз қалпымен жүріп жат­қан. Әлдебір себептермен бұлар жұмыс істеп, табыс тауып жүрген шаруа­шылық жабылып қалды. Көк­тем шыға бұрын ауылдың малын бағып жүрген бақташы құрығын босағаға байлаған. Ауыл тұрғындары аңтарылып қалсын. Қыруар малды кім бақпақ? Төңіректің төрт құбыласы түгел егін. Көктем шығысымен көпке салмақ. Тығырықтан шығар жолды Әлем тапты. Ауыл тұрғындарының жиынында бақташы боламын деп белсеніп шықты. Жабыққан жұрттың қуанғаны-ай. Күйеуі Мұратбек көмекшісі. Міне, осылайша 2018 жылдан бастап Тассуаттың барша тұрғыны көктем сайын бақташы іздейтін бейнеттен құтылды. Күн астында көлеңкелеп жатып, кешке мал өрістен қайтқан кезде Жарқайыңның жазығында өскен жауқазындай нәзік әйелдің атпен келе жатқан суретіне сүйсініп қарайды-ай кеп.

Даланың қатал мектебінен өткен, еменнің иір бұтағындай шыңдалған бақташы келіншек бейнеті туралы тіс жарып айтқан емес. Кейінгі уақытта бар шаруаны өзі тындырып жүр. Жолдасы сырқатты болып, операция жасатқан. Әйтсе де таңмен таласа тұратын бақташы үйдің де, түздің де шаруасына оңқай асықтай.

Бозторғайдың шырылымен оянып, жұлдыз жамырағанда табал­ды­рықтан аттау үйреншікті іс. Ауыл­дас­тарының жүзге жуық сиырын қарынын қампайтып өрістен ай­дап келген соң ғұмыры таусылып біт­пейтін үйдегі жұмыс тосып тұрады. Үйге келісімен өзінің онға жуық сиырын сауып, сүтін тартады. Май шайқайды. Әйелдің ісі таусылған ба?

– Қазір мал басы біртіндеп аза­йып келеді. Алғаш атқа ер салғанда 200 бас еді, – дейді кейіпкеріміз, – еш қиындығы болмаған. Әкем баққан, атам баққан мал ғой, сыры мәлім. Жалғыз ғана қиындығы – төңіректің бәрі егін алқаптары, жайылым жер тоқымдай ғана, тұяқкесті. От іздеген аяқты мал тұрақтамайды.

Мұратбек пен Әлем – көпбалалы отбасы иесі. Жастар жайлы қоныс, жақ­сы­лығы көп жер іздейді ғой. Үш қызы мен ұлы Астана қаласында тұрады. Сегіз немересі жазғы демалысын ауылда өткізеді, ата-әжесінің қолғанаттары. Атқа мінеді, мал қайырады. Ілкіден жалғасқан ата кәсіп сәтімен сабақталатын шығар деп ата-әжесі іштей шүкірлік етеді. «Жас өспей ме, жарлы байымай ма» дегендей, күні ертең кекілі желбіреген балалар да ер жетер. Өздеріне ұқсап атқа мінер. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген, бұлар да еңбекпен есейеді.

Тассуаттың ық жағында қыр басына қашып барып қонғандай бір түп еркекшөп өсіп тұр. Еңбекпен босағасына береке байланып, ырыс үйірілген Мұратбек пен Әлемнің шырайлы шаңырағы іспетті.

 

Ақмола облысы,

Жарқайың ауданы