«Қазақ газеттері» серіктестігінің шаңырағында Қазақстан халқы Ассамблеясы академиясының «Этносауаттылық және этносаралық қатынастарды БАҚ-та жариялау мәселелері» атты оқу модулі аясында тәжірибе алмасу жиыны өтті. Серіктестіктің бас директоры Дихан Қамзабекұлы модераторлық еткен басқосуға өңірлік ҚХА журналистер клубтарының төрағалары мен мүшелері, «Қоғамдық келісім» мекемесінің баспасөз хатшылары, депутаттар мен ҚХА мүшелері қатысты.
Дәстүрлі баспасөз – елді бірлікке шақырып, ұлтты ұйыстыратын ерекше институт. Бұл турасында Дихан Қамзабекұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуіміз керек» деген сөзін негізге алып, ұлт ұғымының терминологиялық мәні бұрынғыдан кеңейе түскенін жеткізді.
– Қазір «ұлт» деген сөз тек этнос мағынасын емес, тұтас мемлекет ұғымын білдіреді. Президент айтқандай, біз осы түсінікті негізге алып, барлығымыз мемлекет мүддесі үшін қызмет етуіміз қажет. Баспасөз тарихына көз жүгіртсек, газет ісі төңкерістен кейін пайда болды. ХХ ғасырдың басында ұлт зиялылары Ресейдің мемлекеттік думасында өзге халық өкілдерімен қатар туған елінің мәселесін батыл көтерді. Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш тұлғаларымен пікірлес болған Тимофей Седельников «Казахстанская правданың» ең алғашқы редакторы болған. Мінеки, мұның да өзіндік рәміздік мәні бар. Қазір де бұл жауапкершілікті абыроймен арқалап келе жатқан басылымдар мемлекетшілдік мүдде мен татулық тақырыбын басты назарға алып отыр, – деді Д.Қамзабекұлы.
ҚХА кафедралары «Шаңырақ» қауымдастығының төрағасы Наталья Калашникова ҚХА журналистер клубының өкілдеріне арналған тәжірибелік курстың ел бірлігін нығайтудағы маңызын атап өтті.
– Қоғамдағы татулық пен өзара түсіністікті орнықтыруда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі орасан зор. Әсіресе дәстүрлі баспасөз бен Қазақстан халқы Ассамблеясының ынтымақтастығы елді ортақ мүддеге ұйыстыратын маңызды тетікке айналып отыр. Сол себепті ақпарат саласының өкілдері елдің береке-бірлігін нығайтып қана қоймай, жаңа ұрпақтың бойына сенім мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға үлес қосуға тиіс, – деді ол.
«Казахстанская правда» газетінің атынан серіктестік бас директорының бірінші орынбасары Виктор Пряников та этносаралық татулық турасында пікір білдіріп, ұлттың дәстүрі мен тілін сақтап, мемлекетке адал еңбек етіп жүрген азаматтарды насихаттайтын газеттің арнаулы бетін тілге тиек етті.
Ал Сенат депутаты Әлішер Сатыбалдиев жиынға қатысушыларға өз тәжірибесін айта келіп, журналистикадағы дәстүр мен жаңа үрдістерді сабақтастырудың маңызына тоқталды.
– Қызметтік өтілімде жаңадан бас редактор болып тағайындалғаннан кейін қолымдағы газеттің мазмұнын өзгертіп, жаңа технологиялар мен заманауи үрдістерді енгізу қажет болды. Сол кезде тәжірибелі әріптестерім «Америка ашудың қажеті жоқ, «Егемен Қазақстанның» стилін үлгі қылыңдар» деген кеңес берді. Сол күннен бастап біз үшін «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» темірқазығымыз болды, – деді.
Бір шаңырақ астында тонның ішкі бауындай араласып қызмет етіп жатқан екі редакцияның жемісті жетістігі туралы «Қазақ газеттері» серіктестігі бас директорының орынбасары Қамбар Ахмет жеткізді. Этносаралық татулықты сақтау мемлекеттіктің басты кепілі екенін назарда ұстау барлық БАҚ өкілдерінің бағдары екенін айта келіп, мәселенің байыбына бармай, этнос арасын шиеленістіретін «жалт етпе» жаңалық жариялау журналистік этика мен кісілік әдебіне жатпайтынын ескертті.
Ал «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы Сәбит Малдыбаев Ассамблея қызметінің аясында уақыт құмсағатында құмығып қалған, алайда елге ерекше қызмет атқарған елеулі тұлғаларды насихаттау керектігін айтты.
«Ұйғур авази» газетінің бас редакторы Ершат Асматов этно БАҚ-тың мемлекетшілдік идеяны насихаттаудағы тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, этностық басылымдар өз оқырмандары арасында бірлік пен ынтымақ құндылықтарын дәріптеп, қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосып келеді. Жиын соңында қатысушылар Ассамблея мен бұқаралық ақпарат құралдарының өзара байланысын нығайту, қоғамға сенімді әрі шынайы ақпарат жеткізудің маңызды тетіктерін талқылады. Сонымен қатар редакция жұмысымен танысты.