АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің тығырыққа тірелуі әлемдік мұнай нарығындағы алаңдаушылықты күшейтіп, мұнай бағасының тағы да өсуіне әсер етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
18 мамыр күні Астана уақытымен сағат 09:10-дағы мәлімет бойынша Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 111,16 долларға жетті. Бұл өткен аптамен салыстырғанда 6,68 пайызға жоғары.
Халықаралық энергетика агенттігі Ормұз бұғазының жабылуы салдарынан әлемдік мұнай қоры рекордтық деңгейде азайып жатқанын мәлімдеді. Агенттік үздіксіз жеткізілімдегі іркілістер қорлардың күрт қысқаруына әкеліп, алдағы уақытта мұнай бағасының одан әрі шарықтау қаупін арттыратынын ескертті.
Серік Жұманғарин: Мұнай өндірісі ақсамағанда, ІЖӨ өсімі 6%-дан асар еді
Вашингтон мен Тегеран арасындағы шиеленіс сәуір айында жасалған әлсіз бітімге қарамастан бәсеңдемеді. Иран әлемдік мұнай мен газ тасымалының шамамен бестен бірі өтетін Ормұз бұғазын әлі де бұғаттап отыр.
Ал АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Иран порттарына жасалған қоршауды қолдайтынын білдірді. Кеше америкалық көшбасшы Иранға қатысты «уақыт таусылып бара жатыр» деп мәлімдеп, қатаң ескерту жасады.
Еске салайық, Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуы аясында Ирак Ормұз бұғазы арқылы мұнай экспортын шамамен 9 есеге қысқартты.
Бұған дейін АҚШ Иран еліне Ормұз бұғазын біртіндеп ашып, порттарға қойылған блокаданы алып тастауды ұсынған болатын.