Борышкерлерді анықтайтын «Цифрлық бақылау» жүйесінің мүмкіндіктері кеңейтілді. Оны Әділет министрлігі, Жеке сот орындаушыларының Республикалық палатасы және Бас Прокуратура бірлесіп жүзеге асырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Әділет министрлігінің хабарлауынша, бүгінде Бас прокуратураның «Цифрлық бақылау» жүйесі арқылы борышкерлерді тек қала көшелері мен қоғамдық орындарда ғана емес, сондай-ақ әуежайларда, теміржол және метро нысандарында, әлеуметтік маңызы бар ғимараттарда да анықтау мүмкіндігін іске қосылған.
«Борышкерлер халыққа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік қызметтерді алу кезінде немесе әуе және теміржол билеттерін сатып алу барысында деректер базасы арқылы автоматты түрде бет-бейне сәйкестендіру арқылы анықталып жатыр», делінген хабарламада.
Деректерге сәйкес, 2024 жылдың қаңтар айынан іздеуде жүрген борышкерлер саны 4560 адамды құраған. Оның ішінде 2118 тұлғаның тұрғылықты мекенжайлары анықталып, жалпы анықтау көрсеткіші 39,3% болды.
Сонымен қатар бұл жүйе арқылы борышкерлерге тиым салынған автокөліктерді іздестіру мүмкіндігін іске асыру жұмыстары жүргізіледі. Осы бағыттағы жұмыстар Бас прокуратура, Әділет министрлігі және Жеке сот орындаушылардың Республикалық палатасының өзара ынтымақтастығы аясында жүзеге асырылады.
«Қалалық бейнебақылау камералары мен жасанды интеллект құралдарының көмегімен анықталған, пайдалануға тиым салынған көліктер полиция қызметкерлерінің қатысуымен тоқтатылып, арнайы бекітілген тұрақтарға жеткізіледі. Одан әрі заң талаптарына сәйкес сот актілерін толық әрі уақтылы орындауды қамтамасыз етеді. Аталған шаралар өндіріп алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, сондай-ақ сот шешімдерінің орындалу тиімділігін арттыруға бағытталған», делінген хабарламада.