• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 10:45

Елімізде ауыл шаруашылығы санағының офлайн кезеңі басталады

10 рет
көрсетілді

Ертеңнен бастап 2,5 мыңнан астам интервьюер үй-үйді аралап, ауыл шаруашылығына қатысты деректер жинайды, деп жазады Egemen.kz.

Шаруаларға 22 сұрақ қойылып, мал мен құстың болуы, жер ресурстарын пайдалану, бақша егу, тыңайтқыш қолдану және басқа да мәліметтер сұралады.

Интервьюерлер айрықша көк түсті формада – жилет пен бейсболкада болады, бейджде оның жеке басын растауға арналған QR-код орналасады. 

«Біз санақтың онлайн кезеңін аяқтадық, ол кезде ауыл шаруашылығы құрылымдары мен үй шаруашылықтарының сауалнаманы sanaq.gov.kz сайтында толтыру мүмкіндігі болды. Ол кезеңге 600 мыңнан астам респондент қатысты. Енді ауқымды кезең басталды: интервьюерлер үйлерді аралап, деректерді планшет арқылы жинайды. Баршаңызды шараға белсенді қатысуға және өзекті ақпарат беруге шақырамыз. Сұрақтар қарапайым әрі тек ауыл шаруашылығы қызметіне қатысты болады. Барлық жауап статистикалық мақсатта пайдаланылады және үшінші тұлғаларға берілмейді», деді Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.

Бюро ақпараттың қауіпсіздігі мен құпия сақталуына кепілдік беріп, жауап заңмен қорғалатынын, ал деректер тек жалпыланған түрде қолданылатынын мәлімдеді. Санаққа қатысты сұрақтар туындаған жағдайда Бюроның байланыс орталығына 1446 нөмірі арқылы хабарласуға болады (жұмыс уақыты 9.00–21.00, қоңырау шалу – тегін).

Айта кетейік, 1 тамызда басталған Ауыл шаруашылығы санағы, 20 қазанға дейін жалғасады. Жиналған деректер салаға қатысты мәліметтерді жаңартуға және ауыл шаруашылығын дамытуға арналған шешімдер қабылдауға негіз болады.