• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 14:48

Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар басталды

20 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлінің туғанына 90 жыл толуына орай мерейтойлық іс-шаралар басталды. Бұл күні Орал қаласында ақын атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының ашылғанына да 10 жыл толып жатыр деп хабарлайды Egemen.kz.

Парасатты поэзия пайғамбарының тойына Алматыдан ақынның жары Салтанат, ұлы Ғазиз, немерелері арнайы келді. Сондай-ақ Жазушылар Одағы басқармасы төрағасы Мереке Құлкенов, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева, публицист, журналист Қайнар Олжай да тойдың төрінен табылды. 90 жылдық тойдың шымылдығы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Меймандарға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бастаған жергілікті басшылар, белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері құрмет көрсетті.

Ең үлкен іс-шара Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның «Атамекен» өнер ордасында жалғасты. Филармония ұжымы ұсынған концерттік бағдарлама тек қана Қадыр шығармаларынан тұрды. Қатимолла Бердіғалиев бастаған дүлдүл әншілерге Дәулеткерей атындағы ұлт-аспаптар оркестрі дем беріп отырды.

Қадыр ақынның тойы – халықтың тойы. Қазақтың еңбектеген баласы жаттайтын тақпақтан бастап, еңкейген қариясы айтатын бата-нақыл сөзге дейін Қадыр ағамыздың қаламынан тыс қалған жоқ. Биыл қазақтың үш ақынының 90 жылдығы. Олар – Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі және Жұмекен Нәжімеденов. Осы үшеуі – қазақ поэзиясының, қазақ әдебиетінің алтын шегелері, - дейді Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы Мереке Әбдешұлы.

«Қазақ руханиятының қамбасына қисапсыз қазына қосқан Қадыр ағамыздың жұлдызы мәңгілік жарқырай бермек» деп сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев ақынның жары Салтанат Қадырқызына сый-құрмет көрсетті. Осы сәтте ақын шығармашылығы жайында «Қадырдың қанатты сөздері» және «Жүрегіме жеткен жыр» атты кітаптардың тұсауы кесілді.

- Мен ХІХ ғасырдың ұлы тұлғасы Абайдың елінде туып-өстім. Ал ХХ ғасырда қазақ қандай болды, қандай болуы керек еді, қазаққа не керек еді деген сауалға жүгінсек, – осының бәрі Қадырда бар. Қадырдың шығармашылығы – қазақтың қазығы. Қадырды терең оқу керек, біліп оқу керек, сонда Қадырдан табылмайтын қазына жоқ. Ол – асқан көреген адам. Сонау 1970 жылдары, сол совет заманында-ақ біздің болашақ гимніміздің, гербіміздің қандай болатынын болжап айтып кеткен. Қадырдың поэзиясы, Қадырдың шығармашылығы осы кезге дейін қазаққа қызмет етіп келеді, қызмет ете де бермек! – деді Қайнар Олжай.

Мерейтойлық бағдарлама шеңберінде ақын шығармашылығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Бір топ өнер және мәдениет қайраткерлері Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығына орай арнайы шығарылған мерейтойлық төсбелгіге ие болды. Ертең ақынның туған жерінде, Жымпиты топырағында Қадыр Мырза Әлі атындағы руханият залы, ақын рухына арналған мұрал ашылмақ. Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театры ұжымы сахналайтын «Қадыр – Адам» атты қойылымның премьерасы да ертеңге жоспарланған.

Батыс Қазақстан облысы