Мәскеуде өтетін халықаралық музыкалық «Интервидение-2025» байқауына Әміре есімімен танылып жүрген әнші Ернар Садырбаев қатысады. Финал бүгін түнгі сағат 22:30-да «Первый канал Евразия» арнасынан тікелей эфирде көрсетіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Әлемнің түрлі елінен 23 орындаушы қатысатын халықаралық байқауда қазақ әншісі «Дала таңы» атты композициясын орындайды. Музыкасын Әміренің өзі, ал сөзін ақын Саят Рахымжанов жазған. Біздің үміткердің өнер көрсетуі әдеттегіден ерекше болмақ. Себебі сахнаға өнерпазбен бірге сегіз жастағы Жасмин Қайратқызы да шығады. Ол – қазақстандық делегацияның ең жас қатысушысы. Осы маңызды рөлге арнайы кастинг жарияланып, 100 үміткердің ішінен Жасмин ең үздік деп танылған. Қалған жайттар әзірге құпия. Бізге белгілісі қазақ делегациясының бас продюсері Алтынбек Рахметовтің мына пікірі: «Бұл ән барлық қатысушының жүрегін жаулап алды. Олар бірге шырқап, әуенін айтып жүр. Біздің ең басты мақсатымыз – әніміздің елімізде кең таралғаны», депті ол.
Халықаралық байқау қазірдің өзінде миллиондаған көрерменнің назарын аударып отырған көрінеді. Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, тікелей эфир төрт құрлыққа таратылады. «Интервидение-2025» байқауына қатысушылар және делегациялармен жұмыс істеу департаментінің басшысы Татьяна Селиверстованың айтуынша, қатысушы елдердің барлығында байқаудың тікелей эфирі немесе бір тәулік ішінде жазбасы көрсетіледі. «Бұл – байқауда 2 миллиардтан астам адам тамашалай алады деген сөз» дейді.
Байқау дауыс беру арқылы шешіледі. Ол туралы Әміренің өзі:
«Маған адамдар қалай дауыс беретіні өте қызық. Әдетте, біз қандай да бір елге барсақ, онда тек сол елдің өкілдері ғана болады да, өз бағаларын қояды. Ал мұнда 20-дан астам елдің өкілдері бар, олар бір-бірімен онша таныс емес. Сол себепті баға анағұрлым әділ болады деп ойлаймын», дейді.