Биыл күзде Павлодар облысынан әскер қатарына 600-ден аса азаматты шақыру көзделген. Қабылдау комиссиясы қазіргі күні іріктеу жұмысын бастап кетті.
Мамандар әскерге шақырту азаматтарға қағаз жүзінде, сондай-ақ ұялы телефонға хабарлама ретінде жіберілетінін айтады. Шақырылушының телефон нөмірі eGov-қа тіркелгені маңызды емес, бастысы ол ұялы байланыс операторлары арқылы енгізіліп қойған. SMS-хабарлама алған жағдайда жас жігіт тұрғылықты жері бойынша қорғаныс істері бөліміне келуге міндетті. Өйтпеген жағдайда 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.Атап өтерлігі, әскерге шақырылушылардың атында несие болса, төлемдерді 13 айға кейінге шегеру мүмкіндігі беріледі. Бұдан басқа, әскерде қызмет еткендер демобилизациядан кейін екі жыл ішінде тест тапсырмастан ақылы негізде жоғары оқу орындарына түсе алады. Бұл үшін оларға сұхбаттасудан өту жеткілікті. Ал жауынгерлік даярлықта жоғары нәтиже көрсеткен әскери қызметшілер грант есебінен тегін жоғары білім алу мүмкіндігіне ие.
Павлодар облысы