Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында көлік логистикасын дамытуға айрықша басымдық берілгені белгілі. Президент тапсырмасын жүйелі түрде жүзеге асыру мақсатында Жамбыл өңірінде тиісті жұмыстар қолға алынып жатыр.
Облыстағы халықаралық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы бойында тұңғыш рет заманауи қонақүй пайдалануға берілді. Меркі ауданына қарасты Ақтоған ауылының маңында бой көтерген жаңа нысан Президент тапсырмасына сәйкес Үкімет жанындағы инвестициялар тарту жөніндегі кеңесте мақұлданған «Qazaq Oil-дың 2025–2029 жылдарға арналған жол бойындағы 60 қонақүй» бағдарламасы аясында салынған.
«Keruen Inn» қонақүйі толықтай жеке инвестициялар есебінен қаржыландырылған. Жоба жетекшілерінің айтуынша, күре жолдың бойындағы жайлы қонақүйде келушілерді қабылдауға барлық мүмкіндік қарастырылған. Ресми дерекке сенсек, мұндай заманауи қонақүйлер желісі туристік әлеуеті жоғары өңірлерде, шекара бекеттеріне жақын маңдарда да бой көтереді екен.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары қай кезде де назарымыздан тыс қалған емес. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай елімізде көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту, халыққа сапалы қызмет көрсету бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Жамбыл өңірінде де осы бағытта қолға алынған жобалар аз емес. Олардың бірқатары жүзеге асырылып жатыр. Соның арқасында өңірімізде уақыт сұранысына сай келетін сервистік кешендер саны арта түсті. Мұндай қонақүй желілері ерсілі-қарсылы ағылған халыққа қолайлы жағдай жасаумен қатар, жергілікті тұрғындардың жаңа жұмыс орнымен қамтылуына мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытуға жол ашады. Осындай игі бастамалар ел экономикасының өсуіне, азаматтардың әл-ауқатының артуына айтарлықтай үлес қосады», дейді облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек.
Меркі ауданының аумағында салынған жаңа қонақүйдің ашылу салтанатына «Qazaq Oil» компаниясының бас директоры Төлеміс Шотанов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Дархан Иманашев бастаған мәртебелі меймандар қатысып, ойларын ортаға салды. Олардың айтуынша, мұндай сервистік кешендер ел экономикасының еселенуіне сүбелі үлес қосады.
Жоба жетекшілері келтірген дерекке жүгінсек, «Keruen Inn» қонақүйінде сапарда жүрген азаматтардың алаңсыз тынығуына барлық мүмкіндік қарастырылған. Жалпы аумағы 900 шаршы метрден асатын нысанда 31 стандарт нөмірі бар. Әр нөмір жеке себезгі бөлмесімен, санитарлық тораппен, теледидар, тегін Wi-Fi желісімен жабдықталған. Қонақтарға қажетті барлық қолайлы жағдай жасалған, соның ішінде гигиеналық құралдар да қарастырылған.
Күре жол бойында орналасқан кешен аумағында кең мәзір ұсынатын мейрамхана, күзетпен қамтылған автотұрақ, кір жуу қызметі, жолға қажетті тауарлар дүкені, жанармай құю стансасы, электр көліктеріне арналған қуаттау бекеті бар. Жаңа жобаны жүзеге асырған «Qazaq Oil» компаниясы елімізде заманауи жол бойы сервисінің бірыңғай экожүйесін қалыптастыруды мақсат етіп отыр. Осы бағытта атқарылатын жұмыс аз емес. Бұл кешен бастамасы ғана.
Жоба жетекшілерінің айтуынша, аясында бой көтеретін барлық нысан халықаралық стандарттарға сай салынып, энергия тиімділігі талаптарын сақтайтын болады.
«Мен шілде айында туристік жерлердің барлығын ретке келтіру туралы тапсырма бердім. Бұл жұмыс жеке бақылауымда. Жұрт жиі баратын демалыс орындарынан бөлек, болашағы зор басқа да бағыттардың әлеуетін арттыру маңызды. Міндеттердің ара-жігін ажыратып алған жөн. Жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болады. Қазірде бұл бағыттағы ең өзекті мәселе – заманауи инфрақұрылым салу. Егер осы міндетті ойдағыдай орындасақ, еліміздің курорттары жер жүзіне танылып, Қазақстанның бетке ұстар ұлттық бренді болмақ», деген Президент тапсырмасы жергілікті атқарушы биліктің әрдайым назарында.
Меркі жеріне келетін адам саны ешқашан сиреген емес. Сондықтан да мұнда көлік-логистикасын дамытудың маңызы зор. Аудан аумағында бой көтерген жаңа қонақүй туристерді қабылдауға дайын. Жаңа кешен уақыт сұранысына сай салынған.
Жалпы, Меркі ауданында құпиясы әлі күнге дейін ашылмаған «Көккөл» бастаған өзге де көрікті жерлер жеткілікті. Аудан аумағында жақында алғаш рет ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесіне ие «Меркі» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі құрылды.
Меркі төрінде Қызыл кітапқа енген жануарлар жортып жүргенін, мұндағы тауда көптеген тарихи орындар бар екенін ескерсек, ауданда экологиялық туризмді өркендетуге де мүмкіндік мол. Сол тұрғыда уақыт сұранысына сай келетін сервистік кешендердің саны арта түскені жөн.
Жамбыл облысы,
Меркі ауданы