Биыл Алматыда Қала күні ерекше салтанатпен тойланды. Түрлі іс-шаралар мен мерекелік көңіл күйге қоса, шыр етіп дүниеге келген сәбилермен шаһар тұрғындарының саны көбейді, деп хабарлайды Egemen.kz.
21 қыркүйекте Алматы перзентханаларында 69 сәби дүниеге келді, оның 32-сі ұл болса, 37-сі қыз бала. Осылайша талай отбасы сүйікті қаланың туған күнімен қатар перзентінің дүниеге келгенін тойлады. «Енді бұл мереке біздің әулет үшін ең басты күнге айналды. Қызымыздың туған күнін бұдан былай алматылықтармен бірге тойлаймыз», – деді жас ана қуанышын бөлісіп.
Қаланың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өмірге келген барлық нәресте мен олардың аналарының жағдайы жақсы екенін хабарлады. Ал мереке қарсаңында Қалалық перинаталдық орталықта сирек әрі ғажайып оқиға болды – үшем дүниеге келді.
Салмағы 1968 грамм, бойы 42 сантиметр ұл бала, ал қалған екеуі қыз бала: бірінің салмағы 1648 грамм, бойы 40 сантиметр, екіншісінің салмағы 1699 грамм, бойы 41 сантиметр. Отбасы «Аңсаған сәби» мемлекеттік қолдау бағдарламасына жүгінген.
Дәрігерлердің шешімімен анасы 32-аптада шұғыл түрде босанды. Сәбилердің анасы 30 жаста.
Таңғы төрт шамасында перинаталдық орталықтың білікті мамандары тез арада жұмылып, ота сәтті өтті. Кесарь тілігі арқылы дүниеге келген сәттен бастап нәрестелерге жедел көмек көрсетіліп, жансақтаудан соң патология бөліміне ауыстырылды.
Қала күні туған 69 сәби мен үшем – бір отбасының қуанышы ғана емес, бүкіл Алматы үшін үлкен жаңалық. Әрбір жаңа өмір – ертеңге деген сенім, болашаққа деген үміт. Бұл балалар қала тарихын жалғастырып, оның келешегін өркендетер жаңа ұрпақ.