• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жұмысшы мамандықтар жылы Бүгін, 08:05

Елордадағы ерекше аллея

20 рет
көрсетілді

Жұмысшы мамандықтары жылы аясында жұмысшы құқығын қорғайтын заңдар қабылданып, әлеуметтік көмектің жаңа түрлері енгізіліп жатыр. Жалпы, еңбегі адал азаматтарға қандай құрмет көрсетсе де жарасады. Соның бір айғағындай Астана қаласының Сарайшық ауданында жұмысшы мамандық иелерінің құрметіне аллея ашылды.

20 қыркүйекте Дүниежүзілік таза­лық күні аталып өтеді. «Жұмысшы ма­мандықтары аллеясының» ашылуы осы атаулы күнмен тұспа-тұс келген соң, жұмысшылар мен қала тұрғындары бір­лесіп ағаш көшеттерін отырғызды. Оның ішінде «Астана тазалық» серік­тестігі, құрылыс компаниялары, суға, жылуға, жарыққа жауапты мекемелер, басқа да еңбек ұжымдарынан ұзын-саны 500-ге жуық жұмысшы болды. Аллея Темірбек Жүргенов пен Мағжан Жұмабаев көшесін жалғайды. Ауданы – 1 га. Негізі осы аумаққа жаңа аллея салу туралы ұсынысты қала әкімімен кездесуде аудан тұрғындары алға тартыпты. Енді міне, тұрғындардың тілегі орындалды. Сарайшық ауданының әкімі Мақсат Саматұлының айтуынша, аллеяны абаттандыруға үш айға жуық уақыт кеткен.

– Сарайшық қаладағы ең жас ауда­н болғанына қарамастан, көркейіп ке­ле­ді. Бүгін аллеяға 400-ден астам ағаш көшеттері, гүлзарлар егілді. «Таза Қа­зақстан» акция­сы аясында апта сайын сен­бі­ліктер өтіп тұрады. Тұрғындар да абаттандыруға, тазалалыққа қол ұшын созып жүр. Ауданда жыл басынан бері 5000-ға жуық ағаш егілді, тағы 5 мың ағашты жақын арада егеміз, – деді Мақсат Саматұлы.  

Аллеяны абаттандыруға келген жұмысшылар қатарында «Астана та­залық» серіктестігінде жүргізуші болып жұмыс істейтін Қуаныш Ниязбек те бар.

– Тазалыққа жауапты мекемеде 1999 жылдан бері жұмыс істеймін. Беріде мекемелер жекешеленіп, «Астана тазалық» серіктестігіне өттік. Осында жүріп құм төгетін «ЗИЛ», «КамАЗ» көліктерін жүргіздім, қазір көше сыпыратын көлікті тізгіндеп жүрмін. Екі көшені жалғайтын аллея демде адам танымастай өзгеріп шыға келді. Аллеяның ашылуы – жұмысшы мамандықтарында тер төгіп жүрген адамдарға құрметтің белгісі, – деді Қуаныш Ниязбек. 

Тұрғындар бұл күні аллея маңында қаз-қатар тізілген ғимараттардың қасбе­тінен жұмысшы мамандық иелеріне арналған муралды, фото­көрмені, құры­лыс техникаларын тамашалады. Мереке аясында «Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздары марапатталып, соңы концерттік бағдарламаға ұласты.