• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өндіріс Бүгін, 08:25

Қайта өңдеу саласының қарышты қадамы

20 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту, қайта өңдеу саласын қолға алу қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысы өз сөзінде елімізде бірнеше ірі агрожобалар іске асып жатқанын тілге тиек етті. Алдағы уақытта осы жобалардың нәтижесінде мыңдаған жұмыс орны ашылатынын баяндады. Жобаларды іске асыруға отандық, шетелдік инвес­торлар қатысып жатқанын, 2 млрд доллардай инвестиция тартылғанын мәлімдеді. Келешекте ол өз жемісін беріп, отандық агроөнімдер шетел нарығына шығарылатынын жеткізді. Мұндай жобалардың ауқымын кеңейту қажеттігін, әр аймақта өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізетін біртұтас желі қалыптастыру керектігін еске салды.

Ірімшіктің де пайдасы көл-көсір

Шымкентте ауыл шаруашылы­ғы­ның өңдеу саласында еңбек етіп жүрген кәсіпкер­лер баршылық. Олар мем­лекеттік қолдаудың ар­қа­сында өз кәсіптерін бастап, сала­ның дамуына үлес­терін қосып жүр. Елімізде азық-түлік қауіп­сіздігі мәселесі өте өзекті. Осы орайда ауыл шаруашылығы өнім­дерін өңдеумен айналысатын кәсіпкерлер бұл міндетті абыроймен атқарып келеді. Шымкент мегаполис болғандықтан, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласына көп көңіл бөлінеді. Себебі шаһарда егістік жер көп емес. Сондықтан жылыжай шаруа­шылығына, басқа да дайын өнім шығаратын агрожобаларға ба­сымдық беріледі. Қала әкімдігі осы бағыттағы жұмысты жандандыру мақ­сатында өңдеу саласына инвестиция тартуды алдағы уақытта арттыратын болады. Соның нәтижесінде, айран-сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорындар саны көбейе түседі.

Кәсіпкер Измир Лапаев басқа­ратын «Измир Трейд» ЖШС ірімшік өндірумен айналысады. Жұмысын 2023 жылғы сәуірде бастаған. Қазірде «Аппетит» деген атаумен пиццаға арналған моцарелло ірімшігін өндіреді. Бизнес бастамасын іске асыру мақсатында Түркиядан арнайы технолог алдырған. Ірімшік өндірісі де түрік технологиясына негізделген. Қаланың шеткі аумағында орналасқан өндірістік цехта он бес шақты адам жұмыс істейді. Олардың орташа айлық жалақысы 200–250 мың теңгені құрай­ды. И.Лапаевтың айтуынша, ірімшік өндірісіне қажетті шикізатты ауыл ша­руашылығы өндірістік кооператив­тері арқылы жинайды. Шаһарда мұн­дай бірнеше кооператив бар. Сонымен қатар шаруа қожалықтарынан сүт сатып алады. Серіктестік сүтті жина­майды, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері сүт та­сығыш көлікпен өздері әкеп бе­реді. Серіктестік кооперативтер­мен келісімшарт жасасып, алдын ала ақшасын төлейді. Ауа райы жылы мезгілде күн сайын цех­та 40–45 тонна сүт өңделеді. Қыс­тың күндері бұл көрсеткіш 20–25 тоннаға төмендейді. Күнделікті шикізаттың үздіксіз қамтамасыз етілуі шағын шаруа қожалықтары еңбегінің арқасы. Шымкенттің өзінде мал ұстап, сүтін сауып отырған қарапайым отбасылар бар. Сонымен қатар көршілес Сайрам ауданындағы ауылдарда да сүт сауып, жан бағып отырған отбасылар өте көп. Жалпы, Сайрамда мал шаруашылығы ерекше дамы­ған. Түркістан облысының сүт өн­дірісінде ауданның статисти­калық көрсеткіші бірінші орында тұрады. Сайрамдық шаруалар өндірген сүт Шымкенттің өңдеу кәсіпорындарын да қосымша шикі­затпен қамтамасыз етіп отыр. Нарық заңдылығына сәй­кес, сұраныс бар жерде әрдайым ұсыныс табылады. Өңдеу өнер­кә­сібінің экономикаға берер әсері мол. Біріншіден, егін, мал ша­руашылығының өнімдері қажет­ке жарайды. Екіншіден, жаңа жұмыс орындары пайда болады. Шикізат күйінде сатқандықтан дайын өнім бағасы әрдайым қым­бат. Одан түскен пайда кәсіп­­орын табысын арттырса, бюджет­­ түсімдерін де еселейді. Мемле­кет қазынасы көбейсе әлеуметтік салаға жұмсалатын қаржы да молая түседі. Сондай-ақ қосымша инвестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік туады. Мемле­кеттің бұл салаға көңіл бөлуінің бір себебі еркін сауда нарығында, еліміздің дүкен сөрелерінде шетел өнімдері көп. Олармен бәсекелес болып, ұлттық экономиканы көтеру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңдеу өнеркәсібін дамыту қажет.

 

Еңбекпен тапқан бақытын

«Мен өзім ахысқа түрік ұлты­ның өкілімін. Біздің ата-бабамыз сонау соғыс жылдарында ста­лин­дік саясаттың кесірінен туған жерімізден ауып, осында кел­дік. Аталарым айтып отырушы еді, алғаш көшіп келгенде жағ­дай қиын болды, қазақ бауырлар көп жәрдем берді деп. Қазақ халқы кезінде көмегін аямады, енді елдің дамуына үлес қосатын біздің кезегіміз келді. Шымкентте туып-өстім. Қаладағы мектепте оқып, он бір жылдықты бітірдім. Содан соң Оңтүстік Қазақстан университетіне оқуға түсіп, ағылшын тілінің аудар­машысы деген мамандық алып шықтым. Біз оқу бітірген жылдары Астана қаласында құрылыс қайнап жатты. Небір зәулім ғимараттар, жаңа көпқабатты тұрғын үй аудандары пайда бола бастады. Өзіммен қатарлас жастардың бәрі табыс жолында елордадағы құрылысқа ағылды. Солармен бірге мен де түйіншегімді арқалап, Астанаға тарттым. Ағылшын тілін білетінім көп көмегін тигізді. Осында бір түрік құрылыс компаниясына жұмысқа тұрып, аудармашы болып қызмет істедім. Жастықтың лебі басылған соң, туған қалама қайтып келдім. Анам ол кезде шаһардың Қырғы базарында сауда істейтін. Үйде түріктің ұлттық ірімшігін дайындап соны апарып сататын. Базарда өзінің сауда нүктесі болды. Осы кәсіппен отыз жыл бойы айналысты. Түрік халқында бұрыннан қалыптасқан ірімшік жасаудың өзіндік дәстүрі бар. Ол қаншама ғасыр бойы атадан балаға беріліп келе жатқан мирасымыз. Сондықтан ұлттық ірімшіктің технологиясы, құпиясы тек бізге ғана мәлім. Айтқандай, түрік тілінде біз өндіретін моцареллоны кашар дейді. Бірақ ол жалпақ жұртқа түсініксіз болғандықтан, көпшілік естіп үйренген моцарелло атауын қойдық. Моцареллоның бір айырмашылығы жұмсақ келе­ді, қатты қыздырғанда ериді. Бұл ірі­мшік пицца дайындауға арнал­ған. Басқа ірімшіктер оған жара­майды. Себебі моцарелло­дан бас­қалары қатты болып келе­ді. Ыс­тық температураға да ерімейді. Астанадан оралған соң анама көмектесейін деп ұлттық дәстүрімізді қолға алдым. Дәмі тұзды болып келетін түріктің ірімшігін дайындап, базарда, әлеуметтік желі арқылы сата бас­тадым. Сөйтіп, бір күні өндірістің ауқымын кеңейтіп, цех ашуды жос­парладым. Ойлана келе, пицца­ға қажетті моцарелло ірімшігін әзірлеуге тоқталдым. Идеямды жү­зеге асыру мақсатында жинал­ған азын-аулақ қаражатқа жалға цех сатып алдым. Сосын Түркиямен іскерлік байланыс орнатып, ба­уырлас елден өзіме серіктес болатын технолог маманды тарттым. Ол моцарелло дайындаудың қыр-сырын үйретті. Ірімшік жаңаша дәммен шығарылып, клиенттердің тез жүрегін жаулап алды. Бүгінде нарық саласында бәсекелестік өте жоғары. Дүкенге кіре қалсаңыз, алдыңыздан ірімшіктің неше түрі шығады. Дәмі мен сырт келбетінің әдемілігі бірінен бірі өтеді. Мұндай бәсекелестікке біз секілді шағын кәсіпкерлерге төтеп беру өте қиын. Сондықтан нарықтың игерілмеген жаңа бағыттарын іздедік. Нәтижесінде, мейрамханалар мен пицца жасайтын желілік дәмханаларға тікелей өнімімізді жеткізетін болып келістік. Сол себепті ірімшігіміз сауда орындарына, дүкендерге жіберілмейді. Тек ірі пицериялар ғана алады. Мұндай пицца дайындайтын орындар Шымкенттен басқа барлық өңірде жетерлік. Солардың бәріне ірімшік таратамыз. Астана, Алматы мен өзге өңірлердің мейрамхана, дәмханалары біздің ірім­шікке тапсырыс береді. Осылайша, бәсекелестікті айналып өтудің жолын таптық. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ауыл ша­руа­шылығы өнімдерін өңдеуші кәсіпорындарға Үкімет тарапынан көп көмек берілгенін айтты. Расында да солай. Мемлекеттен көп жәрдем алып отырмыз. Соның бірі – субсидия. Өңделген сүттің әрбір литріне субсидия төленеді. Бұл кеткен шығындардың бір бөлігін жабуға жақсы көмек болып отыр. Президент Жолдауда өңдеу саласына қолдау бола береті­нін жеткізді. Бұл сөз біздерді жігер­лендеріп, ертеңгі күнге деген се­німді күшейтті. Үкімет, жергілікті әкімдік өзі қолдау білдіріп отырған соң батыл түрде іске кіріседі екенсің. Ең бас­тысы, Жолдауда айтылған тапсырмалар іске асса ауыл шаруашылығының өңдеу саласы міндетті түрде алға қарай дамитын болады», деді И.Лапаев.

Кәсіпкердің айтуынша, күн сайын 3,5–4 тоннаға дейін өнім шығарылады. Оның көлемі қыс айларында шамалы азаюы мүмкін. Басқа уақытта сұранысқа қарай өнім өндіру тұрақты жүріп отырады. Серіктестік алдағы уақытта өнім көлемін ұлғайтып, кәсіпорын аясын кеңейтпек. И.Лапаев ірімшік­тің жаңа түрлерін әзірлеп, ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуді осы бастан ойластырып жатыр. Сондықтан тек пицерия емес, дүкен сөрелерінде Шымкентте өндірілген дәмді ірім­шіктің пайда болуы әбден мүмкін. Осы мақсатқа жету жолында іскер азамат мемлекет ұсынған бар жеңілдікті пайдалануды көздеп отыр. Сол тұрғыда жергілікті әкім­діктің қолдауына зор сенім артады.

 

Агросалаға бөлінер қаржы қомақты

Қаланың ауыл шаруашылығы саласына жауапты басқармадан алынған мәліметке сәйкес, бүгінде шаһарда мал шаруашылығы өнім­­дерін өңдейтін он бес шақты ірі кәсіпорын бар. Олардың қа­тарында «Дони ЛТД», «Биофуд», «Оңтүстік Агро», ЖК «Нұрсұлтан» секілді өңдеуші компаниялар­ды атап өтуге болады. Бұл кәсіп­орын­дардың өнімдері қазірде қала­ның әрбір дүкенінің сөресінде тұр, шымкенттіктердің дәмі мен сапасына қарай сатып алатын ең сүйікті азық-түлік тауарына айналып келеді.

Жалпы, мегаполистің агроса­ла­да атқарылған бүгінгі жұмыс­тарына келсек, ауыл шаруашы­лығының жалпы өнім көлемі қаңтар-шілде айларында 29,1 млрд теңгені құраған. Өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдері 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,9% артып отыр. Сонымен қатар биыл Шымкент қаласында 23 мың га жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Егістік танаптардың ішінде дәнді дақылдар – 7 мың, майлы дақылдар – 3,3 мың, мал азықтық дақылдар – 10,9 мың, көкөніс пен бақшалық – 1,7 мың, картоп 0,1 мың га жерді алады. Биылғы жиын-терім науқанында осы аталған егіс даласынан 81 мың тоннадан астам өнім жиналады деп күтіліп отыр. Қала әкімдігі 2025 жылға өнімділікті арттыруды мақсат етіп қойды. Осыған байланысты егін шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдауға жергілікті бюджеттен 863,3 млн теңге қаржы қаралды. Оның ішінде минералды тыңайтқыштар­дың құнын субсидиялауға – 75 млн, жылыжай кешенінің коммуналдық шы­ғындар құнын арзандатуға – 767,8 млн, тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 20,5 млн теңге бөлін­ді. Сонымен қатар биыл шаруа­шылықтардан жалпы көлемі 953 тонна дизель отынына өтінім беріліпті. Жеңіл­детілген дизель отынының босату бағасы литріне 250 теңге болып бекітілді. Жанар-жағармай шаруашылықтарға толығымен үлестірілді. Қай кезде де агросала мемлекеттің көмегінің арқасында ғана алға жылжиды. Дамыған шетелде де фермерлер үкіметтен тиісті дотация­ларын алып отырады. Бұл ретте біздің ел де шаруаларға орасан зор көмек беріліп жатыр. Осындай жәрдемнің арқасында шаруа қожалықтары көктемгі дала жұмыстарын, күз­гі жиын-терімді ойдағыдай атқа­рып келеді. Шымкент­тік диқан­дар жеңіл­детілген жанар-жағар­май­дың көмегімен егін егуге, өнім­ді жинап алуға кеткен біраз шы­­ғындарын өтеп алып жүр. Сон­дай-ақ шаһарда жылыжай ша­руашылығы өркендеп келеді. Қала болған соң, ашық егістік алқабы аз. Сондықтан егін шаруашылығында жабық кешенді егістік алаңдарына барынша ден қойылып отыр. Осы мақсатқа орай шетелден инвесторлар тартылып, ауқымды жобалар да қолға алынды.

Ауыл шаруашылығы және вете­ринария басқармасы маман­дарының мәлімдеуінше, қала аумағында 35 заңды мал борда­қылау алаңы жұмыс істейді. Алаң­дарда 11 мың бас ірі қара мал бор­дақыланып жатыр. Сүт­пен бірге ет өнімдері де азық-тү­лік нары­ғының басты сұраныста­рының бірі. Сондықтан қала билігі мал шаруашылығының ішінде ет өндірісіне де аса көңіл бөліп отыр. Әсіресе ет бағасының нарықта арзан емес екенін ес­керсек, бұл саланы дамытудың маңыз­дылығы өзінен өзі айқын­дала түседі. Шымкенттіктер ет өнімдерін барынша көп тұтынады. Тұрғындардың осы сұранысын қанағаттандыру мақ­сатында қалалық әкімдік мал бордақылаумен айналысатын шаруашылықтарға көмек беру­ден аянып қалып жатқан жоқ. Айталық, жыл сайын көктемгі егін науқанында мал азығы да­қыл­дарын көбірек егуге баса мән беріледі. Мұндағы мақсат – мал азығы дақылдарының қорын молайту. Сырттан әкелінген жем­шөп қымбат болады. Егер құрамажемді шаһардың шаруалары өздері өндірсе, ол келешекте ет бағасының арзандауына сәл де болса әсерін тигізеді. Бұдан бөлек, шаһарда оннан астам сүт фермасы бар. Олар өндірген өнімдер Шымкенттің сүтке деген сұранысының біраз бөлігін жауып отыр.

Бүгінде мегаполисте ұлттық ауыл шаруашылығы санағы жүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, ол екі кезеңде іске асады. Бірінші кезең онлайн түрінде жүргізілді. Тамыз айы бойы қаланың 13 елді мекенінде өз-өзіне қызмет көрсету аймақтары ұйымдастырылды. Шаруашылықтар сол жерде са­нақ­тан онлайн режімінде өтті. Екінші кезең офлайн түрінде іске асады. Ол 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығын қамтиды. Осы кезеңде санақ жүргізу мақсатында құрылған арнайы бригадалар план­шет арқылы тіркелмей қалған ша­руашылықтарды аралап, деректер жинайтын болады.

 

Шаруаларды қуантқан жаңалық

Мегаполистің агросаласын түбегейлі өзгеріс күтіп тұр. Жа­ғымды жаңалықты ауыл ша­руа­­шылығы және ветеринария бас­қармасы басшысының орынбасары Жәнібек Тоғай бөлісті. Маманның айтуынша, қаланың шаруа қожалығы иелері ауыл ша­руашылығы жерінің салығын осы күнге дейін жоғары бағамен төлеп келген. Енді жаңа ережеге сәйкес шаруалардың жерге төлейтін салық құны бірнеше есеге азаяды. Салық азайған соң өнімге кеткен шығын да төмен­дейді. Бұл өз кезегінде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдері бағасының арзандауына әкеледі.

«2018 жылы Шымкентке республика­лық маңызы бар қала мәртебесінің бері­луі ауыл шаруашылығы жерлерінің бір бөлігін елді мекен аумағына қосуға себепкер болды. Соның салдарынан шаруа қожалықтары жоғары салықтық жүк­­темеге тап болды. Қазірде мұндай жер­­лерге салық мөлшері гектарына 91 700 теңгені құрайды. 2022 жылы жер­гі­лік­ті мәслихат шешімімен бұл көрсет­кіш 50%-ға азайтылып, 45 850 тең­геге дейін төмендетіл­ген. Дегенмен бұл жеңілдік те жет­кіліксіз болып, жер­гі­л­ікті шаруалар мен кәсіпкерлерге сал­мақ салып келді. Осы мәселені шешу мақсатында Мемлекет басшысының қолдауымен жаңа Салық кодексіне өзгерістер енгізілді. Бұған кезінде Шым­кент қаласының әкімі Ғабит Сыз­дық­беков те күш салып, үлкен бастама көтерді. Сондай-ақ түйткілдің шешім табуы жолында орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы билік өзара бірлесіп біраз жұ­мыстар тындырды. Соның нәти­жесінде көзделген мақсат орын­далып, үлкен жетістікке қол жет­кізілді. Атап айтқанда, 2026 жыл­ғы 1 қаңтардан бастап елді мекен аумағындағы ауыл шаруашы­лы­ғы жерлеріне салық мөлшері гек­тарына 1 013 теңге бо­лып белгіленді. Бұл бұрынғы мөл­шермен салыстырғанда 45 есе төмен», деді басқарма өкілі.

Айта кету керек, бүгінде Шым­кентте 56 мың га ауыл шаруа­шылығы жері бар. Оның 26,4 мың гектарына 4 мыңға жуық шаруа қожалығы егін егіп, жан бағып отыр. Жоғарыда аталған жаңа жеңілдік ауыл шаруашылығын дамытуға серпін беріп, қала халқын қолжетімді өніммен қамтамасыз етуге жол ашпақ. Маманның айтуынша, мегаполистің өзін-өзі асырауына толық мүмкін­дігі бар. Бүгінде қала әкімдігі осы бағытта тиісті жұмыстар атқа­рып жатыр. Оның негізгісі – ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін жаңа кәсіпорындар ашу. Осындай бастама көтерген кәсіпкерлер мен инвесторларға жергілікті атқарушы билік қолдан келген көмектің бәрін аямайды. Қалада әртүрлі бағыттағы өң­деуші кәсіпорындар жұмыс істейді. Со­ның ішінде сүт өнімдерін шығаратын, жұмыртқа өндіретін, ауыл шаруашылығы дақылдарын консервілейтін өндіріс орындарын атап өтсек болады. Олар­дың барлығы шаһардың тамақ өнеркә­сібін дамытуға орасан зор үлесін қосып келеді. Ең маңыздысы, бұл өндіріс ошақтарында қаншама адам еңбектеніп, отбасын асырап отыр.