• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
«Таза Қазақстан» Бүгін, 08:18

Акцияға бір кісідей қатысты

10 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында «Дүние­жүзілік тазалық күні» кеңінен аталып өтті. Тазалық, абаттандыру шараларына облыс аумағындағы ірі кәсіпорындар – «Жайықмұнай» ЖШС, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясы, «Орал Ойл энд Газ» ЖШС, мемлекеттік мекемелер, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың «Өнеркәсіптік экология» білім беру бағдарламасының студенттері белсене қатысты.

Акцияға қатысушылар кө­ше­лерді, саябақтарды, ормандар мен өзен жағалауын, сондай-ақ кәсіпорындардың, сауда орталықтарының, білім беру мекемелерінің ірге­лес аумағын қоқыстан тазарту жұмысын жүргізді. Акцияны облыстың өзге тұр­ғындары да қолдады.

«Әлемнің 190-нан астам елінде 20 қыркүйек күні аталып өтетін Дүниежүзілік тазалық күні елімізде де ұйымшылдықпен өтеді. Бұл – миллиондаған адамды біріктіретін халық­ара­лық экологиялық қозғалыс, мақ­саты – қоғамның назарын қоқыс-қалдық мәселесіне ауда­рып, халықты қоршаған орта­ның тазалығы тұрғысында бірік­тіру. Біздің облыста да рұқ­сат­сыз қоқыс үйінділері, су ай­дындарының ластануы мәсе­лесі кездеседі. Сондықтан бұл ак­цияға жалпыхалықтық сипат беріп, тазалық пен тәртіп­тің әрқайсымызға байланыс­ты екенін түсінуіміз керек», дей­ді облыстық экология депар­таментінің бөлім басшысы Алматай Жұмағазиев.

Маманның пікірінше, өңірде мемлекеттік органдар экологиялық жағдайды жақ­­сар­ту бағытында жүйелі жұ­мыс жүргізеді. Қоқыс үйінді­лерін рекультивация жобасы жүзеге асырылып жатыр. Қал­дықты бөлек жинау жүйесі енгізіліп, табиғат пайдалану­шыларына бақылау күшей­тіл­ген. Сондай-ақ қатты тұрмыс­тық қал­дықтар полигондарын цифр­ландыру, қалдықтарды қайта өңдеу инфрақұрылымы дамып келеді. Бұл іске қоғам түгел қаты­суы қажет. Сонда ғана нәтиже толық болмақ.

Сенбі күні өткен дүние­жүзілік акцияға Батыс Қазақ­стан облысынан 7 560 адам шығып, 170,5 тонна қоқыс-қалдық жиналды. Іс-шараға мемлекеттік органдардан қосыл­ған 4 280 адамнан бөлек, 2 мыңнан аса қарапайым тұрғын, 1 230 ерікті белсене қатысты.

Адамға, табиғатқа аса пайдалы, маңызды бастаманы үйлестірген Батыс Қазақстан облысы бойынша экология департаменті «World Cleanup day» республикалық акциясына қатысқан барлық азаматқа алғыс айтты. Мұндай сенбілік, тазалық күндері жыл соңына дейін жалғасады.

 

Батыс Қазақстан облысы