Шығыс Қазақстан облысында ауқымды экологиялық акция өтті. Негізгі іс-шара Өскеменнің Шмелов Лог ауылы маңында ұйымдастырылды.
Бұл жер тегін таңдап алынған жоқ. Себебі мұнда қаланың қоқыс полигоны орналасқан. Қолқаны қапқан күлімсі иіс, айнала шашылған целлофан пакеттер, ескі-құсқы тұрмыстық заттар, тау боп үйілген қоқыс қорқынышты көрінеді. Бетперде тағып, қолғап киген белсенді жастар іркілмей іске кірісіп кетті. Қаладағы мемлекеттік мекемелердің, кәсіпорындар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері эковолонтерлермен тізе қосып, жиыны 300-ден аса қатысушы қоқыс полигонынан Өскемен – Алтай трассасына дейінгі аралықты сүзіп шықты. Тіркеме ілген тракторлар бірінен кейін бірі келіп, қапқа салынған қоқысты тиеп алып кетіп жатты.
– Бұл күні бүкіл әлемде миллиондаған адам сенбілікке шығып, табиғатты қорғауға атсалысады. Бастамаға үлес қосып, еріктілер, студенттер, жұмысшы жастар ортақ іске жұмылдырылды. Айта кетерлігі, жастардың дені өз еркімен келіп қатысты. Бұл, әлбетте, қоғамның экологиялық мәдениетінің артып келе жатқанын көрсетеді, – деді облыстық экология департаментінің баспасөз хатшысы Аружан Мұсаханова.
Глубокое ауданының «Мало-Уба» орман шаруашылығы аумағында өткен экоакция аясында табиғат жанашырлары 113 мың түп Сібір шыршасы көшетін екті.
Жалпы, облыстағы тазалық күніне шамамен бір мыңнан астам адам қатысты. Олардың ішінде мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері, оқушылар, студенттер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, еріктілер, белсенді қала тұрғындары бар.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі шара қорытындысын Қазақстан рекордтар кітабына енгізуге өтінім берді. Дүниежүзілік тазалық күні жыл сайын 190-нан астам елді біріктіреді, еліміз де бұл бастаманы дәстүрлі түрде, белсенді қолдап келеді.
Шығыс Қазақстан облысы