• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
«Таза Қазақстан» Бүгін, 08:35

Бірлескен іс – береке бастауы

10 рет
көрсетілді

Жалпыхалықтық сенбіліктер Көкше өңірінде де кеңінен ұйым­дастырылды. Табиғаты тамылжыған өлке ақадал адамдардың алғаусыз ниетімен тағы бір жасарып, хас сұлудай сыланып, жайнап, өзгеше түрге енді.

Игі іске облыс орталығы мен Қосшы қаласының тұрғындары ұйытқы болды. Көкшетау қаласы­ның іргесіндегі Бұқпа тауының баурайы адамдар ағынына толды.

Ұйымдастырушылардың ай­туына қарағанда, биылғы жыл­дың алғашқы жартысында «Таза Қазақ­­стан» акциясына қатысушы адам­дардың саны 463 мыңнан асқан. Іс нәтижесінде 80 мың тонна қо­қыс жиналған. Жергілікті оқу орын­дарының студенттері мен білім алушылары аға буынның тәлімді ісінен тағылым алып, қолғабыс етіп жүр. Көкшетауда UNISEF халықаралық еріктілер қозғалысына 300-ден астам жас қосылыпты.

Сенбілік барысында Қосшы қа­ласында да ауқымды жұмыс атқа­рылды. Сарқырама өзенінің жағалауы жел ұшырып әкелген қоқыстан тазартылып, көп-көрім жақсарып қалды. Жергілікті билік Қосшыдағы жұмыс әлдеқашан дәстүрге айналғанын айтады.

– Жазда «Жасыл ел» акция­сы өткізілді, – дейді Қосшы қала­сының әкімі Азамат Қапы­шев, – акцияға жүздеген адам қатысты. Негізінен студенттер мен мектеп оқушылары. Олар жазғы демалыс кезінде қол қусырып қарап отырмай, қоғамға қажетті шаруа­мен айналысты. Әр жыл сайын табиғат жанашырларының қатары көбейіп келеді. Бұл қуанарлық жайт. Демек өздері тұрып жатқан жерді құрметтеп, оның ажарлы болуын қалайтын, әдемі болғанын көргісі келе­тін ізетті буын өсіп келеді. Мұн­дай акциялардың пайдалы жағы да осы.

Сенбілікке «Астана» халық­аралық университетінің эколог мамандығын игеріп жат­қан сту­денттері де қатысты. «StopMusor» жобасы да «Таза Қазақ­стан» акциясымен сабақта­сып жатыр.

– Біз әр үш ай сайын күш бірік­­тіріп ортақ іске атсалысамыз, – дей­ді экологиялық ұйым­дар қауым­дастығының төрағасы Айгүл Со­ловьева. – Президент ха­лыққа Жол­дауында цифрландыру мәселесі тура­л­ы орынды пі­кір айтты. Еліміздің эколо­гия мәсе­лесіне де цифрландыру өте керек.

Әркім өзінің туған өлкесінің таза болғандығын қалайды. Тек жақсы іске жаршы болып, ұйым­дастыра білу  қажет.

– Біз осы акцияны төртінші жыл өткізудеміз, – дейді Эколо­гия және табиғи ресурстар ми­нистрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төр­ағасы  Ерболат Қожықов. – Бір күн ішінде еліміз көлемінде миллионнан астам адам қатысқан игілікті жұмыс атқарылды. Алпыс мың тоннаға жуық қоқыс шығарылып, тиісті орнына жеткізілді. Бүгінде жұмыстың ауқымына ғана емес, сапасына да назар аударамыз. Тұрмыстық қалдықтарды іріктеп жинаймыз. Мәселен, пластикалық ­ыдыстар бөлек жиналады.

Тазалық акциясы облыстың барлық аудандарында өткізілді. Осы бір тізе қосқан тағылымды істен ел бірлігінің бекем екендігін айқын аңғаруға болады.  

 

Ақмола облысы