Алматыда ел жастарының елеулі бөлігі тұрады. Мегаполисте күні бүгін 712 мыңнан астам жастар санатындағы азаматтар бар. Оларды тұрақты жұмыспен қамту күн тәртібінен түспей келе жатқан өзекті мәселе, деп жазады Egemen.kz.
Жыл басынан бері қалада 21 700 жас жұмысқа орналасқан. Олардың 15700-і тұрақты, 6 мыңы уақытша жұмыспен қамтылыпты. Цифрлық платформаларды дамыту, қысқа мерзімді курстарды іске қосу, мансап жәрмеңкелерін ұйымдастыру, комьюнити-орталықтар арқылы қолдау көрсету, жұмыс берушілермен өзара әрекеттестіктің жаңа формасын енгізудің арқасында біршама жас екі қолға бір күрек тапқан.
Қазір Алматыда 712 мың жас барын жоғарыда айттық. Олардың 442 мыңы жұмыс істейтіндер де, 280,7 мыңы – студенттер, шамамен 80 мыңы жоғары сынып оқушылары.
- Экономикалық белсенді жастардың саны – 472,1 мың адам, оның ішінде 452,6 мыңы жұмыспен қамтылған. Олардың 396,7 мыңы жалдамалы жұмысшылар болса, 56 мыңы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.NEET-жастардың үлесі қазіргі уақытта 5,8%. Жыл сайын жоғары оқу орындарын шамамен 50 мың адам бітіреді. Олардың 60–80%-ы Алматыда қалып, осында жұмысқа орналасуға ұмтылады, – дейді Жастар Саясаты басқармасы басшысының орынбасары Алмаз Кеңесбай.
Қала жастарын жұмыспен қамту мақсатында құрылған карьера орталығына жыл басынан бері 5 мыңнан астам жас жүгінген болса, олардың 4 мыңы жұмысқа орналасып, қала аудандарында «Карьера күндері» өткен. «Жасыл ел» жобасы бойынша да жаз мезгілінде 2,1 мың студент уақытша жұмыспен қамтылған.
Мәселенің шешілуіне арнаулы цифрлық портал ауқымды үлес қосып келеді. Порталда 3,5 мыңнан астам жұмыс беруші тіркелген, 2,1 мыңнан астам бос жұмыс орны бар, қолданушылар саны 35 мыңнан асқан. Осы платформа арқылы 1,8 мың адам жұмыс тапты. Олардың 82%-ы жоғары білімді болғанымен, 91%-ының тәжірибесі жоқ, бұл бастапқы жұмыспен қамтудың маңыздылығын көрсетеді.
Алматының әр ауданында орналасқан 11 жастар комьюнити-орталығы жұмыспен қамтып, қолдап, дамуға септесетін орынға айналды. Жыл басынан бері бұл орталықтарға 6 мыңнан астам жас жүгінген. 3,9 мыңы жұмыс мәселесі бойынша, 2,1 мыңы – психологиялық және құқықтық көмек алу үшін. 9 ай ішінде 1,5 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, 200 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан.
Сонымен қатар, Алматы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп, жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр.Аталған жұмыс аясында Еңбек мобильділігі орталығы арқылы тұрақты және уақытша жұмысқа 8,4 мың жас жұмысқа орналасты.
Бұдан бөлек, Алматы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жастарды кәсіби бағыттау мақсатында «Мансап компасы» цифрлық платформасын енгізіп, дамытып жатыр. Нәтижесінде аталған платформа арқылы 3,7 мың адам жұмыспен қамтылды.Осылайша, жыл басынан бері жалпы 21,7 мың жас жұмысқа тұрды. Оның ішінде 15,7 мыңы тұрақты, 6 мыңы уақытша жұмысқа орналасқан.
Жастардың жұмысқа орналасуына кедергі келтіретін мәселелерді шешу (тәжірибенің болмауы, ақпараттың жеткіліксіздігі, жұмыс берушімен байланыстың жоқтығы) үшін жаңа форматтар енгізіле бастады. Жазда «New Generation Leaders» атты алғашқы карьералық олимпиада өтіп, оған 3 мыңнан астам студент қатысып, 70 команда 350-ден астам шешім әзірледі. Соның арқасында 200 адам жұмыс тауып, 700-і біліктілігін жетілдірді.
Сондай-ақ, жұмыссыз түлектерді тіркеп, оларды Қалалық карьера орталығына бағыттау үшін call-орталық та құрылған. Жастарды ақпараттандыру мақсатында МИБ және ПИК-пен (ОСИ и КСК) қыруар жұмыс істеліп жатыр, бұл комьюнити-орталықтарға келетіндер санын жылына 400 мыңнан 600 мың адамға дейін арттыруға мүмкіндік бермек.
Жаңадан Career Speed Dating форматы да енгізілді. Мұнда жастар өзін таныстырып, компаниялар сол жерде өзіне керек маманды таңдап алады. Әр комьюнити-орталықта 5–10 серіктес жұмыс беруші орналасады. Олар кеңес беріп, жұмысқа алып, жастарды еңбек нарығына бейімдеуге көмектеспек.