• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өндіріс Бүгін, 08:15

Әлемдік сусын өндіретін заманауи кәсіпорын

20 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында инвестиция тартудың ел игілігі үшін маңыздылығы мен пайдасы жөнінде айтты. Мемлекет басшысы инвестиция саласын күшейтіп, экономиканы дамытуға жұмсау қажеттігін атап өтіп, Үкіметке осыған байланысты тиісті тапсырмалар жүктеді.

Президенттің осы бастамасы аясында Шымкентте инвесторлар күшімен жаңа кәсіпорындар мен өндіріс ошақтары пайда бола бастады. Мегаполис экономикасын жандандыруға шетелдік инвестицияның пайдасы мол болып тұр. Индустриялық аймақтарда көптеген бірлескен өндіріс орны ашылып, олардың өндірген өнімдері ішкі нарықтан бөлек, шетелге де шығарылып жатыр. Құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі саласында шығарылған тауарлар шаһардың эконо­микалық өрлеуіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Бұл – инвес­тиция тарту сала­сындағы қала әкімдігінің нәтижелі еңбегі.

Осындай мысалдар қатарында өткен жылы түрік компаниясы инвестициясының әлеуетімен ашылған әлемдік бренд кока-кола мен басқа да түрлі шырын өндіре­тін кәсіпорынды атап өтуге болады. Биыл өндіріс ошағының құрылғанына бір жыл толуына орай «CCI Kazakhstan» компаниясы БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз турын ұйымдастырды. Журналистер зауыттың өндірісімен, ішкі жұмысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

Айта кету керек, «CCI Kazakhstan» – кока-кола брендімен сусындар шы­ға­ратын Орталық Азиядағы ең ірі кәсіпорынның бірі. Мұнда өндірістің заманауи технологиялары қолданылады. Зауыт тамақ өнеркәсібіндегі әлемдік стандарттарға негізделген. Кәсіпорында энергия үнемдеудің озық үлгілері қолға алынған. Сонымен қатар қалдық суды тазарту, қоқысты қайта өңдеу жұмыстары атқарылады. Осының бәрі кәсіпорынды заманауи, үлгілі өн­діріс орындарының қатарына шығарып отыр. Зауыт мамандарының айтуынша, кәсіпорынның өзінің су ұңғымасы бар. Одан алынған су бес түрлі тазалаудан өтеді. Содан соң оған әртүрлі тағамдық қоспалар қосылып, қантпен араласып, өндіріс желісіне беріледі. Өндіріс желісіне түспес бұрын сусынның әрбір құрамдас бөлшегі зертханада мұқият тексеріледі. Тіпті шикізат қанттың өзі жіті бақылаудан өткізіледі. Кәсіпорында кока-коладан бө­лек фьюс ти, пико палпи секілді сусындар өндіріледі.

Елімізде кока-коланың үш зауыты бар. Бірі Алматыда, екіншісі Астана қала­сында орналасқан. Үшіншісі былтыр Шымкентте ашылды. Бірақ сұранысқа қарай шаһарда өндірілген сусындар еліміздің барлық өңіріне жіберіле бе­реді. Сондай-ақ тәуелсіздік алғанда ең алғаш рет отандық нарыққа инвестиция салған осы кока-кола компаниясы. Техно­лог мамандардың айтуынша, сусынға қажетті ингредиенттер Мысыр, Ирландия, Бельгия, Нидерланд, Франция сынды елдерден келеді. Қант Ресейден тасымалданады. Сусын құйылатын пэт құтылар өзімізде шығарылады, қосымша Өзбекстан мен Қырғызстаннан алынады. Сусынның сыртындағы жапсырма қағазы Түркиядан импортталады. Келешекте Малайзия елі­нен әкелу жоспарда бар.

Өндіріс орны басқарудың арнайы сертификаттарына ие. Олар – сапаға жауапты ISO 9001, экологияға қатысты ISO 14001, қауіпсіздік техникасына байланысты ISO 45001 сертификаттары. Одан бөлек, тағам қауіпсіздігі жөнінде тиісті құжаттары бар. Компания экологияны басқарудың арнайы стратегиясын құрған. Ол суды аз қолдану, өнім салмағын азайту, қаптаманы қайта өңдеуге жарамды ету секілді бағыттарды қамтиды. Жалпы, мамандар кока-кола өндірудің әдісі, яғни рецепті бір екенін айтады. Әлемдегі осы сусынды өндіретін бар­лық зауыт бір нұсқаулықпен өнім шығарады. Алайда дәмінің әр елде, тіпті әр өңірде өзгеше болуының себебі қолданылатын суға байланысты екен. Бұл тұрғыдан келгенде Шымкенттің сусын өндірісіне қолданатын су шикізаты өте жұмсақ әрі дәмі ерекше екенін айтады мамандар. Өндіріс орнында сағатына 48 мың литр кока-кола, 22 мың литр өзге сусындар өндіріледі. Барлық шығарылған өнім ішкі нарыққа жөнелтіледі. Бұл елімізде кока-кола тұтынудың көрсеткіші өте жоғары екенін білдіреді.

Кәсіпорында 170 адам еңбек етеді. Олардың көпшілігі – жергілікті тұр­ғындар. Яғни зауыт қызметкерлерінің 95%-ы Шымкенттің азаматтары. Қалған 5%-ы шетелден келген жоғары білікті мамандар. Компания қала экономикасының өсуіне өлшеусіз үлес қосып жатыр. Бірін­шіден, төленетін салықтан мемлекет қазы­насының көлемі артса, екіншіден, адам­дарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Осылайша, өндіріс орны шаһардың әлеу­меттік мәселесін шешуге атсалысып келеді.

Кәсіпорында әлеуметтік қолдау па­кет­тері қарастырылған. Айталық, күн сайын қызметкерлерді автобуспен жұмыс орнына тегін тасымалдайды. Жұмысшылар зауыт ішінде тегін екі мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Медициналық сақтандыру қаланың ең мықты клиникаларында тегін қаралып, емделуге кепілдік береді. Ай сайын жұмысшыларға бір-бір қораптан тегін сусын үлестіреді. Оған қосымша еңбеккерлер арасында үйленіп, отау құрғандар немесе дүниеге сәби әкелгендер болса, оларға да әлеуметтік көмек ретінде қаржылай жәрдем беріледі. Мұндай әлеуметтік жеңілдіктер шаһардағы кәсіпорынның барлығын­да бар деп айта алмайсыз. Осы тұрғыда жұмыс­шыларға жағдай жасау жағынан «CCI Kazakhstan» компаниясы көпшілік өндіріс орындарынан озық тұр.

Кәсіпорынның алдағы уақытта өндірісін кеңейту жоспары бар. Бүгінде Шымкенттегі зауыт жүз пайыз өз қуатында жұмыс істеп тұр. Кока-коланың ішіндегі ең өтімдісі 1 литрлік құтыдағысы екен. Сондықтан кәсіпорында өндірістің 60% үлесін кока кола, 35%-ын фьюс ти, қалған 5%-ын пико палпи шырыны алады. Жұмысшылар­дың көпшілігі жастар. Қызметкерлердің орта жасы 34 жасты құрайды. Мұндағы жұмысшылардың еңбекақысы – ең жоғары айлықтың бірі. Шаһардағы ең көп айлық төлейтін меке­мелердің үздік үштігінің тобына кіреді. Кока-кола компаниясының елі­міз нарығында жұмыс істеп келе жатқаны­на 30 жылдан асты. Осы уақыт аралы­ғын­да кәсіпорын бюджетке миллиардта­ған теңге салық табысын төледі. Республи­ка­дағы үш кәсіпорын жылына мемлекет қазынасына 50 млрд теңге салық табысын құяды.

Компания мамандардың тәжірибе алмасу ісіне жақсы көңіл бөледі. Әсіресе жастардың біліктілігін арттыруға баса ден қояды. Мәселен, зауытта қызмет атқаратын Бахар Оразниязова Түрікменстан азаматы. Сол елдің кока-кола өндірісінде 20 жыл қызмет істеп, жоғары дәрежеге көтерілген маман. Бір жылдан бері Шымкенттегі кәсіпорында жас қызметкерлерге тәжіри­бесін үйретіп жүр. Өзі де кезінде Түркия, Өзбекстан, Әзербайжанда талай рет болып, сол жақтың мамандарымен тәжірибе алмасқан. Жергілікті кадрдан Ақмарал Тоқтағұлова үлгілі қызметкер саналады. Ол да кәсіби біліктілігін арттыру жолында көп ізденіп, тәжірибелі мамандардан жалықпай сабақ алып жүр.

«Зауыт іргесі қаланғалы осы жерде жұмыс істеп келемін. Өзіме қызметім ерекше ұнайды. Бала кезден технолог маман болуды армандап, соның оқуын оқыдым. Бүгінге дейін Өзбекстанда екі рет болып, тәжірибе алмасып қайттым. Ол жақта да бренд сусын кока-кола өндіре­тін кәсіпорындар бар. Мен өндірістің қыр-сырын үйрену мақсатымен алдымен Ташкенттегі, сосын Самарқандағы зауытта болдым. Әлемге танымал сусын шығара­тын өндірісте істеп жатқаныма өзімді бақыт­ты санаймын. Бұл да әркімге бұйыра бер­мейтін мүмкіндік деп білемін. Жалпы, елі­мізде техникалық мамандық иелеріне бүгінде бар жағдай жасалып жатыр. Әсіре­се техникалық мамандықтарға оқытатын арнаулы, жоғары оқу орындарында грант көлемі арта түсті. Сол арқылы оқу ақы­сын төлеуге жағдайы жоқ ата-аналар балаларын тегін оқытуға мүмкіндік алып отыр. Одан бөлек, Президент биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Соның өзі техникалық мамандарға үлкен демеу берді. Елімізде кәсіпорындар қатары артып келеді. Құрылыс индус­триясы қарқын алды. Солардың бәрін басқаратын менеджерлер керек. Дегенмен негізгі өндірістік жұмысты атқаратын қарапайым жұмысшылар екенін ұмытпау керек. Президент биылғы Жолдауында мемлекет бұдан былай инвестиция саласына көңіл бөлетінін жеткізді. Бұдан келешекте елімізде зауыт-фабрикалар көбейеді деген сөз. Демек жұмысшы мамандықтардың мәртебесі бұрынғыдан да арта түседі. Осы тұрғыда Мемлекет бас­шы­сының Жолдауда айтқан тапсырмаларын орындауға баршамыз білек сыбана кірісуіміз керек», деді А.Тоқтағұлова.

Өндірістік цех басшысы Нұрболат Ордабек те өз кәсібін ерекше жақсы көреді. Оның айтуынша, кәсіпорын іске қосылғалы осында еңбек етіп келеді. Өндіріс желілерін қалай басқаруды тиісті мамандардан тәжірибе арқылы үйренген. Мұның алдында басқа зауыт­та жұмыс істеген екен. Алайда халықаралық компанияның Шымкентте ашылғанын, білікті мамандарды жұмысқа қабылдап жатқанын естіп, осында әрі қарай еңбек жолын жалғастыруға келген. Оған еш өкінбейді. Себебі кәсіпорынның әлеуметтік қолдауларын білген кез келген маман одан бас тарта алмайды дейді ол. Мәселен, медициналық сақтандыру қағазы жұмысшымен бірге оның отбасы мүшелерінің де түгелдей ең сапалы емдеу мекемесінде тегін қаралып, ем-дом алуларына мүмкіндік береді.

Әлемдегі барлық зауыт кока-кола сусынын лицензия арқылы өндіреді. Рұқсат құжатты «The Coca Cola Company» компания­сы береді. Бұл – әлемдік бренд тауарының негізгі иесі. «The Coca Cola Company» ешқандай өнім шығармайды, тиісті лицензия берумен ғана айналысады. Кезінде Түркия осы рұқсатпен кока-кола өндірісін қолға алды. Енді бүгінде басқа елдерге инвестиция салып, осы лицензия арқылы көптеген кәсіпорын ашып жатыр. Шымкенттегі зауыт – осындай инвестициялық жолмен пайда болған кәсіпорынның бірі.

«CCI Kazakhstan» компаниясы өндірісті цифрландыру мәселесіне ерекше ден қойып отыр. 2030 жылға қарай кәсіпорын толықтай цифрлық жүйеге көшкен өндіріс ошақтарының көшін бастау­ды алдына мақсат етіп қойды. Жоғарыда айтқанымыздай, зауытта барлық қоспа мен шикізат тыңғылықты химиялық, микробиологиялық тексеруден өтеді. Өндірілетін сусынның дәмін, исін татып көру арқылы тексеріп отыратын арнайы мамандар бар. Мәселен, судың құрамын, ондағы хлор, тұз, басқа да қоспаларды химиялық жолмен анықтауға болады. Алайда оның адамға жағатын жұмсақ дәмін ешбір аппарат анықтап бере алмайды. Тілмен дәм сезу арқылы ғана білуге болады. Зауытта сондай мамандар жұмыс істейді. Олардың міндеті – дайын болып, қоймаға кетіп бара жатқан сусындардың дәмін анықтап отыру. Мәселен, кока-коланың өзіне тән ерекше дәмі мен исі болады. Сусын өндірісінде сол стандарттан айнып кетпеу керек. Егер дәм сезгіштер шығып жатқан өнімнен басқашалау бір дәм бар екенін байқап қалса, өндіріс дереу тоқтатылып, стандартқа сай емес өнімдердің партиясы түгел шетке шығарылады. Мұндай ерекше қабілетке ие болу мақсатында мамандар жыл сайын білімін жетілдіреді. Сондай-ақ бұл жөнінде жылына төрт мәрте емтихан тапсырады.

«Біздің басты мақсатымыз – халыққа сапалы өнім ұсыну. Әлемдік бренд сусыны қашанда өз атына лайықты болуы керек», дейді зауыт басшылығы.

Соңғы жаңалықтар