– Үй алғысы келген адамға ең үлкен көмек – уақытында ашылған депозит. Депозит толтыруды ертерек бастаған сайын, ипотека рәсімдегенде төленетін артық шығын азая береді. Мысалы, екі азаматты қарастырайық. Айбек депозитін 36 ай бұрын ашып қойған, ал Сәкен небәрі 7 ай бұрын ғана ашқан. Екеуі де 20 млн теңгелік үй алғысы келеді. Екеуінде де 10 млн теңге жинақ бар, қалғанын ипотекамен жабамыз деген ниетте.
Бір қарағанда жағдай бірдей көрінеді. Бірақ Айбек 36 ай бұрын депозит ашып қойғандықтан, 14 айдан кейін-ақ банкке барып, өтініш жазып, 8,5%-дан 5%-ға өте алады. Осылайша, оның алғашқы кезеңдегі артық төлемі бар болғаны 1 983 324 теңге болады. Ал Сәкеннің жағдайы басқаша. Ол депозитті кеш ашқандықтан, 14 айдан кейін төмен пайызға өте алмайды. Кемінде 29 ай күтуге мәжбүр. Сол уақыт ішінде ол жоғары пайызбен төлей береді. Соның салдарынан оның артық төлемі 4 108 314 теңгеге жетеді.
Бұл қарапайым мысал депозит мерзімінің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Депозитті ертерек ашып қойған адамның үй алар кезде бірнеше миллион теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндігі бар.
Сондықтан қазірден бастап депозит ашып қойған жөн. Ақша бірден үй алуға жетпесе де, уақыты келгенде үлкен көмегін тигізеді. Бұл – әркімнің қолынан келетін қадам. Жоспарлы түрде жүзеге асырсаңыз, ертеңгі күні артық шығыннан құтылып, «Отбасы банктің» жүйесі арқылы төмен пайызбен баспанаға қол жеткізе аласыз.