Арнайы салық режимімен жұмыс істеуге мүмкіндік алатын, сондай-ақ бұл жеңілдік берілмейтін кәсіпкерлік қызмет түрлерінің алдын ала тізбелері аптаның соңына дейін «Ашық НҚА» порталында жарияланады. Алдын ала бағалаулар бойынша жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимі елдегі барлық салық төлеушілердің шамамен 70%-ына қолданылады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Астанадағы жаңа Салық кодексін түсіндіру жөніндегі семинарда мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.
Серік Жұманғарин айтқандай, оңайлатылған режиммен жеке тұлғаларға бөлшек сауда қызметін көрсететін кәсіпкерлер ғана жұмыс істей алады. Заңды тұлғалармен жұмыс істейтін компаниялар толыққанды бухгалтерлік есеп пен шегерім қолданылуы қажет жалпы салық салу режимімен жұмыс істейді.
«Тыйым салу» деп аталатын тізімге бизнеске арналған тауар өндіріп, қызмет көрсететін сала кіреді. Бұл саладағы жиынтық айналымның 76%-дан астамы жалпыға бірдей режимді қолданатын салық төлеушілермен жасалатын мәмілеге жатады», деді Серік Жұманғарин.Бұл өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және жер қойнауын пайдалану, табиғи монополиялар, 2 мың шаршы метрден асатын алаңдардағы көтерме және ірі бөлшек сауда кәсіпорындары. Шектеу телекоммуникация, интернет және IT, қаржылық және сақтандыру қызметі, консалтинг, кәсіби және агенттік, сондай-ақ ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер секторына қолданылады.Атап өтілгендей, жекелеген секторларда мұндай операциялардың үлесі іс жүзінде 100%-ға жетеді: құрылыста – 99,9%, жер қойнауын пайдалануда – 98,7%, көлік пен қоймада – 96,7%. Бұл сандар бүгінде жеңілдетілген режимнің едәуір бөлігін шағын бизнес емес, экономиканың үлкен сегментіне біріктірілген ірі компаниялар қолданатындығын айқын көрсетеді.
«Жалпы алғанда, сөз экономикалық қызметтің 700-ден астам түрі туралы болып отыр. Бұл барлық ЭҚЖЖ-нің шамамен 70%-ы. Алайда, салық төлеушілер тұрғысынан алсақ, жеңілдетілген режимге тыйым салу кәсіпорындардың шамамен 30%-на ғана әсер етеді», деді ол.
Жеңілдетілген салық режимі сақталатын екінші топта бизнестің 300-ден астам түрі бар. Олардың қатарында 2 мың шаршы метрге дейінгі сауда алаңдарындағы бөлшек сауда, дәріханалар, қоғамдық тамақтану нысандары, қонақ үйлер, тұрғын үй мен көлікті жалға алу, жеңіл және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары, жолаушылар тасымалы, балабақшалар мен үйірмелер, медициналық және әлеуметтік қызметтер бар. Тізімге халыққа қажет тұрмыстық және құрылыс қызметі, креативті индустрияның жекелеген түрлері, мәдени және спорттық нысандар, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кіреді.Осылайша, алдын ала бағалаулар бойынша жеңілдетілген режимді қолдану барлық салық төлеушілердің шамамен 70%-ы үшін сақталады. Бұл дегеніміз, тұрғындарға бағдарланған шағын бизнестің негізгі бөлігі жеңілдетілген салық режимін пайдалануды жалғастырады дегенді білдіреді. Ал ірі және жүйелік қызмет жалпы белгіленген режимге ауысады.
«Тізімдердің жобасы әлі де әзірленіп жатыр. Алдын ала тізімді «Ашық НҚА» порталында орналастыруды жоспарлап отырмыз. Ол жарияланғаннан кейін бизнеспен және сарапшылармен талқылау жалғасады», деді вице-премьер.