• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:30

Ауылға көш, ағайын!

40 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары елімізде ауыл халқы азайып, қала тұрғындары көбейіп келеді. Ұлттық статис­тика бюросының мәлі­метінше, 2025 жылы 12,9 млн халық қалада, 7,4 млн тұрғын ауылда тұрып жатыр.

Сан жылдан бері қалып­тасқан дәстүрлі ара­салмақтың өзгеруі ауылдардың азайып, тозуына, ше­­каралардың жалаңаш қа­луы­на әкелді. Керісінше қала­ларда күрделі әлеуметтік ахуал – мектеп пен балабақша жетіс­пеушілігі, емханадағы ұзын-сонар кезек, тұрғын үй тапшы­лығы қатты байқалып тұр. Бұл мә­селе Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаевтың халыққа Жолдауында да көрі­ніс тапты: «Еңбек нарығын, әсіре­се көші-қон мәселесін реттеу са­ласында есепке алудың орта­лық­тандырылған жүйесі жоқ. Бұл жағдай осы саладағы бол­жау жұмысының сапасына және ше­шімдердің тиімділігіне кесірін тигізеді. Ішкі және сыртқы көші-қон үдерісінің бақылаусыз қалуы жұрттың бәрі тұрғысы ке­летін ірі қалаларымыздың ин­ф­рақұрылымына орасан салмақ түсіріп отыр», деді Президент.

Бүкіл елдегі осы мәселе Ақжайық өңіріне де тән болып тұр. Батыс Қазақстан облысында 2025 жылғы 1 шілдедегі мәліметке қарағанда, қала халқы 400 мың, ауыл халқы 296 мың адам болған. Ауылда мектепке бала жетпей, білім ордалары бірінен соң бірі жабылып жатса, Орал қаласында мектептерге оқушы сыймай, кей­бірі үш ауысымда оқуға мәжбүр.

Өңірде 2024 жылдан бері «Қаладан ауылға» атты кешенді бағдарлама қолға алынды. Ба­тыс Қа­зақстан облысының әкімі На­риман Төреғалиевтің өзі бас­та­машы болған бұл жоба Мем­­лекет басшысының Жол­­дауын­да айтылған страте­гия­лық мін­деттермен үндесіп отыр­­ған нақты қадамның бірі. Бағдар­ламаның түпкі мақсаты – ауыл­ға жаңа тыныс беру, қала мен дала арасындағы әлеуметтік алшақ­тықты азайту, сондай-ақ шекаралық аймақтардағы ауылдарды сақтап қалу. Бұл бастама аясында ауылға қоныс аударған азаматтарға жеңілдетілген несие, жер телімдері, баспана беріліп, кәсіп ашамын деген жанға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Ауылға барған әрбір жас кәсіп­кер тек өз кәсібін ғана дамытып қоймай, тұтас бір өңірдің әлеуе­тін көтеруге мүмкіндік алды.

Шынын айту керек, Батыс Қазақстан облысында барлық ауыл толықтай табиғи газбен қам­тамасыз етілген, ауызсу мәселесі түбегейлі шешімін тапқан. Енді қалған қиындық – ауылішілік, ауданаралық жолдар, оның өзі кезең-кезеңімен шешімін тауып жатыр.

Кейінгі үш жыл ішінде ауыл­дық жерде 1 424 жаңа баспана салынды. Газ бен су құбырмен келіп тұрған жерде қаладағыдай жайлы пәтер жасап алу қиын емес. Қазір сәулетті коттедж ауыл­да таңсық болмай қалған. Оның үстіне жергілікті билік қолдап отырған «Қаладан ауыл­ға» сынды бағдарлама көштің бетін ауылға бұрды деуге болады. Қараңыз, жоба басталғалы облыс ауылдарына 149 отбасы, 712 адам көшіп келді. Бәрі де ­баспанамен толық қамтылды.

Ауылға қоныстанғандардың дені Орал қаласынан. Дегенмен Ақтөбе, Тараз, Қызылорда, Қос­танай облыстарынан келіп, Батыс Қазақстан облысының ауылда­рынан қоныс тапқан отбасылар да бар. Бүгінге дейін 161 адам тұрақты жұмысқа орналасып, 8 азамат «Ауыл аманаты» бағдар­ламасы арқылы өз кәсібін ашты.

Мысалы, Сырым ауданының Көгеріс ауылына көшіп келген Абзал Мұқатов шағын дүкен ашып, ісін жолға қойды. Ақ­жайық ауданындағы Тінәлі ауылына қоныс аударған көп­балалы Әсел Жақсыбаева 1,5 млн теңгеге жуық грант алып, симментал тұқымды ірі қара сатып алды. Ол қазір ауылда сүт шаруашылығын дамы­туды қолға алды. Бәйтерек ауданының Бейбітшілік ауылдық округіне көшіп келген Анна Скворцова 2024 жылы 1,45 млн теңге қайтарымсыз грант алып, мал шаруашылығын дөңгелетіп отыр.

Өз кәсібін ашып, берекесін көріп отырған отбасылардың қатарында Қаратөбе ауданының Шалғын ауылына көшіп барған Мұхамбедияровтар әулеті де бар. Отағасы Бейбіт Маратұлы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 9,2 млн теңге жеңілдетілген несие алып, қой шаруашылығын дамытты. Қазірдің өзінде Шопан ата түлігі 100-ге жақындап, алғашқы табысын да көре бастады. Зайыбы Жанар Османқызы ауыл мектебінде ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеп жүр. Жеті ба­лалы отбасы үшін бұл бағдар­лама жаңа өмірдің бастауы болды.

– «Қаладан ауылға» бағдарла­масы тағдырымызды түбегейлі өзгертті. Бұрын қалада пәтер жалдап жүрсек, бүгінде ауылда өз кәсібімізді дөңгелетіп отырмыз. Мемлекеттің қолдауынсыз бұл істі бастау мүмкін болмас еді. Қазір ауылға барғысы келетін әр отбасына үлкен мүмкіндік беріліп отыр, – дейді Бейбіт.

«Қаладан ауылға» бағдарла­масының арқасында ауылдағы ең өзекті мәселенің бірі – мек­теп­тердің жабылып қалу қаупі де сейілді. Қазір 13 ауыл мектебі жаңа қоныстанушы балалардың есебінен екінші тынысын аш­ты. Оның ішінде бес мектеп – шека­радағы ауылдың білім ошағы.

Ақжайықтың ауылдарына бақ болған бағдарлама аясында әсіресе білім мен медицина саласына барған жас мамандарға әлеуметтік қолдау күшті. Соның нәтижесінде ауыл тұрғындары сапалы қызметке ие болды, жас­тарға жаңа мүмкіндік ашылды.

Кейінгі екі жарым жыл ішін­де өңірде 24 жаңа білім ошағы бой көтеріп, жас ұрпақ игілі­гіне берілді. Оның ішінде 22 мектептің ауылдық елді мекендерде салынғаны – ауыл жас­­­тары үшін жасалған зор қол­­дау. Сонымен қатар облыс кө­ле­­міндегі аудан орталықтары толық спорт кешендерімен қам­та­ма­сыз етілген. Атап өтетін бір жайт, кейінгі 1 жылдың ішінде 14 спорт нысаны тек ауылдарда салынып жатыр.

– Жаңа бағдарламаға сәйкес ауылға қоныстанған әр отбасына мемлекет тарапынан нақты көмек көрсетіледі. Мәселен, «Дипломмен – ауылға!» бағдар­ламасы бойынша кейінгі үш жылда облыста 1 450 жас маман жұмысқа орналасты. Олардың сәбилері болса, мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамтылып, 1–4 сыныпта оқитын балаларына ыстық тамақ тегін беріледі. Медицина, фармацевтика саласы қызметкерлеріне бұрын 5 млн теңгеге дейін біржолғы қаржылай көмек көрсетіп келсек, 2024 жылдың аяғынан бас­тап бұл қаражаттың көлемі 8,5 млн теңгеге дейін көбейді, – дейді өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы.

Облыс әкімінің өзі қадағалап отырған бағдарламада «Ауылда кәсіп бастаймын» деген бастамашыл жастарға да ерекше қолдау қарастырылған. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекет тарапынан 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар бөлініп жатыр. Сонымен қатар асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал өнімдерінің сапасы мен өнімділігін арттыру бағытындағы жобаларға субсидия беріледі.

Жастарға микронесие беру тетіктері де жеңілдетілген. Жал­пы, жобаларға 5 жылға дейін, мал шаруашылығы бағы­тындағы бас­тамаларға 7 жылға дейін несие ұсынылады. Микронесиенің ең жоғарғы сомасы 5 млн теңгеге дейін көтеріліп, жылдық мөл­шерлеме 2,5 пайыздан аспайды.

«Қаладан ауылға» бағдар­ла­масы урбанизация қарқынын баяулатып қана қоймайды, сонымен қатар ауылды заманауи өмірге бейімдейді. Қалаға қа­рай ағылған халық енді туған же­­рі­не оралса, ауыл да түлейді, қала да жеңілдейді», дейді Н.Төреғалиев.

Міне, осылайша Ақжайық өңі­рінде ауылға қоныс аударған­дар саны көбейіп келеді. На­рық­тың қиын жылдары жайлы жер іздеп қалаға кеткен жұрт туған жерге қайта орала бастады. Өйт­кені бүгінгі ауылда болашақ бар.

 

Батыс Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар