Қостанайда «Еңбек жолы» және «Парыз» республикалық байқауларының өңірлік кезеңінің үздіктері анықталды. «Iqostanay» оқушылар сарайында өткен марапаттау рәсімінде байқау жеңімпаздарын облыс әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазина марапаттады, деп жазады Egemen.kz.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамының ел дамуына қосқан үлесін бағалаудың маңызды екенін үнемі атап өтеді. Бұған дәлел – 2025 жылдың Жұмысшы мамандықтар жылы болып жариялануы. Бұл – күн сайынғы еңбегімен, жауапкершілігімен, кәсібіне деген сүйіспеншілігімен өмірімізді жақсартып, елімізді нығайтып жүрген адамдарға көрсетілген құрмет», деді Гүлбарам Ғизатқызы.
«Еңбек жолы» байқауына облыстың 26 кәсіпорнынан еңбек әулеттері, тәлімгерлер мен жас мамандар қатысты. Жеңімпаздар үш аталым бойынша анықталды.
Байқау қорытындысы бойынша Рудный қаласынан Сазоновтар әулеті «Үздік еңбек әулеті» аталымын жеңіп алды. Сарыбай-Соколов тау-кен өндірісі бірлестігінде жұмыс істейтін аталған әулеттің алдыңғы, кейінгі буын өкілдерінің жалпы еңбек өтілі – 225 жыл.
«Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» аталымы бойынша Қостанай қаласының тұрғыны «ҚЖЭК» МКК өкілі Ришат Фасхутдинов жеңімпаз атанды. Ал Жітіқара қаласынан келген электрші Асылбек Арыстанбаев «Өндірістің үздік жас қызметкері» номинациясын жеңіп алды.
«Мен электр монтері мамандығын таңдадым. Жұмысым жаныма жақын. Бұл мамандық қашанда сұранысқа ие деп ойлаймын, өйткені электр қуаты барлық жерде бар. Оны үйде де, жұмыста да, өндірісте де пайдаланып отырмыз. Сондықтан электр монтері – адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, үлкен жауапкершілікті керек ететін жұмыс», дейді байқау жеңімпазы.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін қолдау мақсатында ұйымдастырылған «Парыз» байқауына 8 кәсіпорын қатысты.
Байқау нәтижесінде Қостанай ауданында жұмыс істеп жатқан «Белозер 2030» серіктестігі «Әлеуметтік жауапкершілігі ең жоғары кәсіпорын» аталымын жеңіп алды. «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясы борйынша Жітіқара ауданынан келген «Қостанай минералдары» АҚ жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, Қостанай жылу энергетикалық компаниясы «Үздік ұжымдық шарт» аталымына ие болды. Ал Рудный қаласындағы «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясын жеңіп алды.
Байқау жеңімпаздарына естелік мүсіншелер мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Қостанай облысы