• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жануарлар Бүгін, 08:20

Киіктің жайын қазақтардан үйренеді

20 рет
көрсетілді

Өзбекстан Республикасы Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігінің өкілдері Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне жұмыс сапарымен келді. Олар оралдық ғалымдардың ақбөкенді қолдан өсіру тәжірибесімен танысады.

Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы, биоалуантүрлілік және экотуризм саласындағы саясатты іске асыру департаментінің басшысы Бахром Холхужаев пен Ормандарды және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту және шөлейттенуге қарсы күрес басқармасының бас маманы Сарвар Ахмедов Орал қаласына арнайы сапармен келді. Оларды Жәңгір хан университетінің ғылым жөніндегі проректоры Әлжан Шәмшідін қабылдады. Өзбек­стандық делегацияның мақ­саты – Жәңгір хан универ­ситеті ғалымдарының тәлім­бақта киік өсіру тәжірибесімен танысу. Оралдық ғалымдар бұл бағытта бірнеше жылдан бері нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді.

Меймандар білім орда­сының ғалымдарымен бірге қала шетіндегі «Ақбөкен» тәлім­бағына барып, қолға үйретілген дала жануарларын көздерімен көріп, ондағы жұмыс барысымен танысты.

«Өзбекстан үкіметі Қара­қалпақстан Республикасы аумағында киік санын көбей­туді мақсат етіп отыр. Биыл арнайы жұмыс тобы да құ­рыл­ды. Біз алдымен Қара­қал­пақстан жерінде-гі жергі­лікті жағдайды, ондағы қорық­тар мен тәлімбақтардың жай-күйін зерттедік. Осы алғаш­қы сапарымызда Батыс Қа­зақстан аграрлық-техника­лық университетінің киікті тәлім­бақта ұстау тәжірибе­сімен таныспақпыз. Бұйырса, Қара­қалпақстан жерінде де осындай тәлімбақ құру жоспарымызда бар», деді Б.Холхужаев.

Өзбекстанда бұған дейін ақбөкенді қолдан өсіру тәжі­рибесі болмаған. Бірақ табиғи жолмен өздігінен барған шағын тобы кездеседі. Соңғы мәліметке қарағанда, Өзбекстан аумағында қазір шамамен 300-дей киік бар. Ғалымдар бұл жануардың санын көбейтуге ден қойып отыр.

«Осы бағытта Қазақстан тарапынан экологиялық дәліз құру туралы мәселе көтерілді. Мұны да алдағы уақытта жан-жақты талқылайтын боламыз», дейді меймандар.

Жәңгір хан университетінің ғылым жөніндегі проректоры Әлжан Смайылұлының айтуын­ша, бұл жобаға бұған дейін Әзербайжан мен Қытай елінің мамандары да қызығушылық танытқан.

 

Батыс Қазақстан облысы