• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Экология Бүгін, 08:25

Улы көлдің қаупінен қашан арыламыз?

20 рет
көрсетілді

Маңғыстау облысында радиоактивті қалдықтар көмілгендіктен, қоршаған ортаға қауіпті, тұрғындар денсаулығына зиянды аумақ бар. Халық аузында «улы көл» атанған Қошқар атаның қалай, қашан пайда болғандығы, оны тұмшалау, зарарсыздандыру бағытында қолға алынған жұмыс пен бөлінген қаржы туралы бұған дейінгі мақалаларда бірнеше рет айтылғандықтан, қайталай беруді артық санаймыз.

Бір ақиқат, улы көл­мен көрші Ақ­тау қа­ласының, Мұ­най­лы ауданы мен Түпқа­раған ауда­нының кейбір ауыл­дарының тұрғындары оның зардабын бір кісідей тартып-ақ келеді. Даласы жел­ді Маңғыстауда көлден ұшқан шаң-тозаң, сол төңі­рекке жайылған мал еті мен сүті халық денсаулығына айтарлықтай зиян.

Қошқар ата туралы дабыл қағылғалы да біраз жыл, жергілікті әкімдіктің «жасалып жатыр, тұмшаланып жатыр, мұншалықты қаржы бөлінді» деп даурықтырғанына да көп болды. Мәселе сиыр­құйымшақтанып созылып кетті. Радиоактивті қалдықты қалай тұмшалауды білмей, бір жылы таспен, бір жылы құммен бітеп, келесі жылы қалдық суды айдап, содан соң бұта егіп, сан амал қолданылды. Заманауи ғылыми жетістіктерді пайдалана отырып зарарсыздандыруға сауатымыз жетпей ме, әлде қаражат жетпей ме? Бұған дейінгі бөлінген миллиардтаған қаражат қайда кетті немесе қалай игерілді? Сұрақ көп, жауап жоқ. Дұрысы, құнт пен ниет, жанашырлық жетіспейді. Мұнайын құбырлап сорған Маңғыстаудың мұңын тың­дайтын, жасын сүртетін бір жан жоқ.

Күні кеше Маңғыстауда «Қошқар ата» қалдық қой­масын қалпына келтіру жұ­мысы қайта басталды. Алдағы уақытта «Қошқар ата» аума­ғына 640 га жерге 1 млн түп сексеуіл көшеті отырғызылады, заманауи суару жүйесі орнатылып, қойма аумағын темірмен қоршау жұмысы қолға алынады.

«Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында іске асырылып жатыр. 2024 жылғы зерттеу нәтижесінде қойма аумағында радиоактивті ластану шекті деңгейден аспайтыны анықталып, биологиялық рекультивация жұмысы ұсы­нылған болатын. Осы негізде «2025–2026 жылдарға арналған жасыл қорғау аймағын құру жобасы» әзірленді. Жоба өңір экологиясын жақсартуға, халық денсаулығына әсер ететін факторларды азайтуға, сондай-ақ қалдық қоймасының ұзақмерзімді экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қошқар ата қалдық қоймасы – ха­лық арасында көптен бері алаң­даушылық туғызып келе жатқан мәселе. Бүгінгі басталған жұмыс – экологияны сауықтыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл істі жүйелі әрі ашық түрде жүзеге асыруға мүдделіміз. 2026 жылдың аяғына дейін аяқталуы қажет», деген Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай бастаманың өңір үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап айтты.

Улы көл басында әкімге жобаның жүзеге асырылу барысы мен алдағы жоспарлар таныстырылды. Қошқар атаға қатысты бұл жолғы бастамаға маңғыстаулықтар үлкен үміт артып отыр.

 

Маңғыстау облысы