• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өнер Бүгін, 08:28

Көктүріктер әнұраны

20 рет
көрсетілді

Домбыра – көкірегі шежіреге толған киеміз. Сірә, қазақ деген халықтың, әрісі түркінің жұмбақ жанын іздеген адам болса, домбырадан табары хақ. Бүгінде тұтас көктүрікті сазымен тербеген «Домбыра» әні біздің рухымызда атой салуы да тегін емес.

Ән авторы – ноғай перзенті Арслан­бек Сұлтанбеков. Қазақ пен ноғайдың ауыздығын қарш-қарш шайнаған асау мініп қас дұшпанға қатар шабуы, талассыз туыстығы тарихтан мәлім. Шоқан Уәлиханов сапарнамалық жазбаларында екі елдің берік достығын бейнелейді. «Қазақ пен ноғайдың жылап айрылысуы, сол кезде дүниеге келген аңыз-дастандарда, күйшілердің қобызда ойнаған күйлерінде өшпес із қалдырды. Ол дастан-жырларды, күйлерді тыңдаған кәрілердің сақал­дарынан тарам-тарам жас ағып, мұң-қайғыға батады. «Ормамбет би өлген күн, Он сан ноғай бүлген күн» деп жырлайды дала жырау­лары.

«Домбыра» әні бүгінде түркі халық­тарына кеңінен танымал. Тіпті Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған рухты әнді арнайы шырқатып, әншіні қабылдап, арзуын тыңдаған. Осыдан соң-ақ түріктердің домбыраға деген аңсары ауып, үйренуге құлшынысы артқан деседі. Арсланбек Сұлтанбеков «Домбыраны» 1997 жылы жазған. Сол шақта композитор өз халқының тарихымен терең шұғылданып, ортағасыр­лық ноғай ақындарын құныға оқып жүрсе керек. Бір сөзінде ән тарихы жөнінде айтқаны да бар. «Бұл ән жарты сағат ішінде-ақ жылдам құйылып түсті. Қайбір қиындық келгенде, домбырамды ұстап отыра қалып осы әнімді орындаймын. Рухты әнім арқылы ноғай халқына өмір бойы қызмет етуге бел буып, өнерге біржола бет бұрдым. «Домбыра» ноғай халқының рухын көтереді деп сенемін», дейді автор.

Иә, бүгінде ноғай халқы ғана емес, күллі түркі жұртына қуат берген туынды қазақ арасында жиі айтылып жүр. Ән сарыны еліміздің Батыс өңіріндегі жыр мақамдарымен үндес.

«Қара қыс ауылыма келгенде,

Үлпілдеген қар жерге түскенде,

Домбырамды алармын,

Жүрек сазын салармын,

Қайғырғанды еш айтпа!»

«Қырымның қырық батырындағы» тегеурінді жырмен сабақтас ән мәтіні тілге жеңіл-ақ. Ал екінші шумағындағы «Анайлар» сөзі Нұрым жырауда кезігетін адай руының анасы Анайы есімінен алыс емес дейді білетіндер.

«Домбыра сазын ескен Атайлар

Мәнісіне ес берген Анайлар

Естігенге ой беріп

Жүректерге сес беріп

Көз жасты қызғанбастар.

Ей, домбыра!»

Арсланбек Сұлтанбеков – Қарашай-Шеркес Республикасының халық әртісі, көптеген байқаудан топ жарған алғадай. Ұлтының патриоты, түркінің бірлігін күзетуші дегдар талант. Бір сөзінде домбырамен дастан жырлағысы келетінін айтып, бұл дәстүр Батыс Қазақстанда жақсы сақталғанын баян етеді, Мұрын жырауды еске алады. «Мені музыкант қылған, мына алдымда жатқан географиялық карта... Ноғай халқының өткені мен бүгінгі жағдайы. Ұлтыма деген сүйіспеншілігім, оның тарихы мен дәстүріне деген ізденісім тереңірек басталған уақытта еріксіз кеудемді ән жарып шықты», дейді композитор. Сонымен қатар елінің қазіргі ахуалына, аз ұлттың тағдырына алаңдайды. Қазақстанға келіп, алғаш рет Құрманғазының күй кешінен көзіне жас алып шыққанын айтқаны бар. «1937 жылы Едіге жырын, басқа да халықтық жырларды жырлайтын адамдарды бір түнде жиып алып, жоқ етті. Суға ағызды, атты, шапты деді. Оған дейін тойларда, неке қиылған кезде міндетті түрде Едіге жыры оқылатын болған екен. Едігесіз той басталмапты. 1937 жылғы жағдайдан кейін жұрттың жүрегі Едіге жырын айтуға дауаламайтын болыпты», дейді бір сұхбатында.

Композитор әндерінің көбі – елінен, жерінен айырылып, өктемдіктен қысым көрген елдің зарын, бағзы жыраулардың арманы мен мұңын бүгінге жеткізген сарындар. Ал көктүріктің әнұранына айналған «Домбыра» әні жер бетінде түркі баласымен бірге өмір сүре берері анық. Қастерлі домбыра сазы мен ел рухы қосылған еңсегей шығарманың ғұмыры ғасырлардан-ғасырға жал­ғассын.