«Болмысымның бөлекше, тіпті біртүрлі қасиеті бар: бейтаныс адамдар мені жаңа ғана бір жерде көргендей әсерде жүреді». Бұл неміс барлауында жүрген Сергей Исаевтың яки Штирлицтің Юлиан Семенов жазған «Көктемнің он жеті сәті» романындағы лепесі. Расында қылмыс айналасында жүрген адамның қашанда келбеті күңгірт, әрекеті үстірт. Ал ол көркем шығарма кеңістігіне түскен кезде болмысы тіптен күрделеніп, дамыған драматизм арқылы оқырманды оқиға желісіне тартып отырады. Жазушы Алпамыс Бектұрғановтың «Шеф» атты романы да қазақ детектив жанрына қосылған жаңа туынды.
Қарашаның қара суығында қалт-құлт еткен шағын ауылдың суреті романның көңіл ауанын әлден аңғартады. Бірнеше күннен бері сүйек сырқыратар ызғырық жел ауыл тұрғындарын титықтатып біткен. Автор адамға да, малға да солақай соғатын қоян жылының қолайсыздығын айта келіп, төңіректі құшағына алған қою қараңғылық басқанын жеткізеді. Әр үйде жебенің қауырсынындай дірілдеп тұрған майшам көрінеді, ал ауыл шетінде орналасқан құрылыс колоннасы басшысының үйінен тіршілік нышаны сезілмеді. Дауыл тыншып, ауыл тынысы әзер дегенде ашылады. Екі күннен бері жарығы өшпеген үйдің хал-ахуалын білейін деп кірген жергілікті адамдар қанын ішіне тартып, әруақтай бозарды да қалды. Бір сұмдықтың болғаны анық...
Әдебиеттану ғылымында оқиғаның былай басталуы – детектив жанрына тән классикалық үлгілердің бірі. Үйдің ұзақ уақыттан бері тіршілік нышанынсыз қалуы, айналадағы күдік пен үрей, ақыры ішінен табылған мәйіт – оқиғаның тартысын күшейтіп қана қоймай, сюжет дамуына түрткі болады. Бұл мотивтің тамыры XIX ғасырдағы алғашқы детектив үлгілерінде жатыр. Мәселен, Эдгар Поның «Морг көшесіндегі кісі өлімі» әңгімесінде Париждегі үйдің ішінен жұмбақ жағдайда қаза болған әйел табылып, оқиға күрделі тергеу арқылы шешіледі. Ал Конан Дойлдың «Алқызыл зерттеу» романында Шерлок Холмстың алғашқы ісі дәл осындай көріністен бастау алады. Әдебиет теориясында бұл тәсіл «тартыстың бастапқы нүктесі» деп айқындалады. Шығармадағы алғашқы көрініс қылмыстың жасалып қойғанын аңғартып, оқырманды беймәлім жағдайға енгізеді. Детектив жанрының ерекшелігі де осында, оқырман неғұрлым әрі-сәрі күйге түскен сайын, соғұрлым оқиғаның дамуын қадағалаудан эстетикалық ләззат алады. Белгісіздік пен күдік – тек сюжетті ілгерілетуші құрал ғана емес, сонымен қатар көркемдік әсердің негізгі көзі. Алпамыс Бектұрғанов та «Шеф» романында осы әдісті қолданады. Шығарманың басталуы әлемдік дәстүрмен үндескенімен, қазақ ауылына тән тұрмыс суреттері, табиғат көріністері мен жергілікті бояулар негізгі оқиғаға өң беріп, жанрдың жалпы заңдылықтарын сақтайды.
Романның оқиға желісін ілгерілетіп тұрған басты тұлғалар – генерал Бражников пен полковник Жанаев. Жазушы оларды кәдуілгі ізкесушілер емес, өмірлік тәжірибесі мол, күрделі болмыс иелері ретінде көрсетеді. Мұнда нақты өмірден алынған прототиптер жатыр. Мәселен, романдағы Бражников бейнесінің арқауы – милиция генерал-майоры, КСРО мен Қазақстанның ішкі істер саласына еңбек сіңірген қызметкер Иван Брагин. Ал Жанаев тұлғасы – соғыс ардагері, құқық қорғау жүйесінде беделді қызмет атқарған Нарекес Қанаевтың бейнесінен жасалған. Қаламгер прототиптік тұлғалардың өмірбаяндық деректерін толық күйінде беруді мақсат етпей, олардың болмысына тән айқын белгілерді көркемдік тұрғыда жинақтап қайта сомдайды. Мұндай шешім тек шынайылық пен қиялдың тоғысын ғана емес, сонымен бірге деректілік пен көркемдік арасындағы нәзік шекараны көрсетіп, кейіпкер бейнесін нанымды қабылдауға мүмкіндік береді.
«Мен бұл еңбегімді Ұлы Отан соғысы жеңісінің сексен жылдығы қарсаңында қан майданда толарсақтан саз кешіп, мамыражай күнге жетуге атсалысқан және қалам мен қаруды тең ұстап қазақ әдебиетінде детектив жанрының ірге тасын қалаған, қаламгерлік жолымда үлгі-өнеге тұтқан жазушы Кемел Тоқаевтың рухына, шырғалаңға толы шығармамның бас кейіпкерлеріне арқау болған ағаларым Иван Брагин мен Нарекес Қанаевтың жүз жылдығына арнаймын. Ардагерлердің әруақтарына қалам ұшымен қашалған мәңгілік ескерткіш болсын», дейді кітап авторы Алпамыс Бектұрғанов.
Қоғамның көлеңкелі жақтары мен адамның келеңсіз қырларын көрсеткен романда әділетке ұмтылыс пен ар алдындағы жауапкершілік негізгі тақырыпқа айналады. Қылмыс пен тергеудің сыртқы желісінен бөлек, туындыда моральдық таңдаулар мен адам болмысының күрделі табиғаты ашылады.