ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің хабарлауынша, қазір елімізде жасанды интеллект бойынша жалпы құны 9,7 млрд теңгені құрайтын 62 жоба жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министр Үкімет мақсатты және гранттық бағдарламалар арқылы жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған ғылыми зерттеулерді жүйелі түрде қолдап келе жатқанын атап өтті.
Негізгі іске асырушылар қатарында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Ақпараттық және есептеу технологиялары институты, Астана IT университеті және басқа да жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдар бар
«26 жобаны 40 жасқа дейінгі жас ғалымдар жүзеге асырып жатыр. Бұл жаңа буын зерттеушілерінің белсенділігін көрсетеді. Жобалар ғылымның жеті басым бағытын қамтиды. Соның ішінде жасанды интеллект зерттеулері негізінен озық өндіріс, цифрлық технологиялар және ғарыш саласына бағытталған. Қазір 11 облыста 27 жоғары оқу орны мен 6 ғылыми-зерттеу институты ЖИ саласында белсенді жұмыс істеп отыр. Барлығы 479 ғалым зерттеулерге қатысады. Жобалардың ең көбі Алматы мен Астанада шоғырланған», деді Саясат Нұрбек.
Аймақтық университеттер де осы саланы дамытуға қызығушылық танытқан, бірақ олардың қатысу деңгейі әлі де шектеулі.