Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде интернационализация үдерісі қарқын ала бастады. Биыл еліміздің колледждеріне 7 шетелдік оқу орны интеграцияланып, стратегиялық әріптестік орнатылды. Серіктес мемлекеттердің қатарында Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, Түркия, Жапония, Ұлыбритания және Грузия бар, деп жазады Egemen.kz.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жаңа бірлескен бағдарламалар студенттерге қосымша оқу және тәжірибе мүмкіндіктерін ұсынып қана қоймай, Қазақстанның білім беру саласындағы халықаралық беделін арттыруға жол ашпақ. Алдағы уақытта жаһандық кампустар құру, академиялық ұтқырлықты кеңейту, шетелдік студенттер мен оқытушыларды тарту, сондай-ақ халықаралық аккредитацияны жүзеге асыру көзделді.
Бұдан бөлек, студенттердің кәсіби біліктілігін халықаралық деңгейде растау мақсатында Certiport жобасы іске қосылды. Жоба аясында алғашқы 11 студент IT саласында халықаралық сертификаттарға ие болып, жаһандық еңбек нарығында өздерінің бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеді.
Шетелдік серіктестермен орнатылған ынтымақтастық Қазақстан колледждеріндегі білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеріп, жастардың әлемдік тәжірибе мен стандарттарға сай кәсіби біліктілік алуына мүмкіндік береді.