• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Сұхбат Бүгін, 17:56

Шикізатқа тәуелділіктен арылуымыз қажет – Мәдина Ержанова

70 рет
көрсетілді

Елдің шикізаттық емес экспортын қолдап, әлемдік нарыққа шығатын кәсіпорындарға сенімді серік болып отырған «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ бүгінде отандық бизнестің басты тірегінің біріне айналды. Сыртқы сауда операцияларын сақтандырудан бастап, қаржылық қолдау мен консалтингке дейінгі қызметтерді ұсынатын ұйымның басты мақсаты – қазақстандық өнімнің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Осы және басқа да тақырып төңірегінде агенттіктің басқарма төрағасы орынбасары Мәдина Ержановамен әңгімелескен едік.

- Мәдина Нұржанқызы, Мемлекет басшысы өз Жолдауында дайын өнім экспортына ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. Осы бағытта Агенттік қандай шаралар қабылдап жатыр?

- Ең алдымен, Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі шикізат емес экспортты дамытумен айналысатын ұлттық даму институты екенін атап өткен жөн. Агенттік өз қызметі арқылы ұлттық экономиканы әртараптандырып, елімізде бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды көбейтуге ықпал етеді. Біз экспортты бетке алған отандық кәсіпорындарға жан-жақты әрі жүйелі түрде қолдау көрсетеміз. Агенттік қызметіне кез келген экспорттаушы жүгіне алады. Шағын және орта бизнестен бастап ірі кәсіпорынға дейін бір дәрежеде қолдау көрсетіледі. Айта кетейін, бүгінде біздің портфеліміздегі жобалардың 70 пайыздан астамы – ШОБ субъектілері.

2024–2033 жылдарға арналған көпжылдық даму стратегиямыз аясында бірнеше жүйелі бағыттар белгіленді. Мәселен, Қазақстанның даму банкімен бірлескен жобалар бойынша жеңілдетілген андеррайтинг тәсілдерін енгізу, сондай-ақ екінші деңгейлі банктер арқылы экспорттаушылардың несиелерін кешенді сақтандыру тетіктері қарастырылған. Сонымен қатар, қайта сақтандыру құралдарын дамыту және шетелдік әріптестермен серіктестік аясын кеңейту – негізгі мақсатымыздың бірі.

Бүгінде қоржынымызда 20-дан астам қолдау құралы бар. Біз әдетте оларды 3 топқа бөліп жіктейміз – сақтандыру, кепілдік беру және екінші деңгейлі банктер арқылы қаражат тарту құралдары. Олардың әрқайсы заманауи бизнес қажеттіліктері мен жаһандық нарық талабына сай әзірленген. Мәселен, агенттік құралдары арқылы жаңа нарық табуға, өндіріс көлемін арттыру үшін қосымша қаражат тартуға, шетелдегі инвестицияны саяси сын-қатерден сақтандыруға болады.

- Экспорттаушылардың жағдайы түсінікті болса, шетелдік сатып алушылармен орнатылатын іскерлік қарым-қатынас туралы айтып өтсеңіз.

- Біздің сақтандыру келісімшарттарымыздың басым бөлігі экспорттық несие және қысқамерзімді дебиторлық берешекті сақтандыру бойынша екені белгілі. Құрал экспорттаушыға шетелдік сатып алушымен төлемді кейінге қалдыру шартын пайдалана отырып келісімшарт жасауға мүмкіндік береді. Бұл экспорттаушылар мен шетелдік сатып алушылар үшін таптырмас мүмкіндік – отандық кәсіпорын еш алаңсыз экспорт көлемін арттырса, импорттаушы қаржы тапшы жағдайында дайын өніммен не қызметпен қамтамасыз етіледі. Оның негізгі себебі –  бизнес үшін көп жағдайда жеткізілген тауар толық сатылмай оның құнын төлеу қиынға соғады. Оған қоса, біз отандық өнімдердің шетел нарығында бәсеке қабілетті болуы үшін және сұранысты ынталандыру мақсатында импорттаушыларға экспорттық сауданы қаржыландыру құралы аясында есеп айырысудың аккредитивтік нысанымен қаржы тартуға көмектесеміз.

Сонымен қатар импорттаушылар арасында сұранысқа ие құралдарымыздың бірі – аванстық төлемді сақтандыру. Бұл өнім шеңберінде отандық өнімді сатып алушының аванстық төлем шартымен жасалған келісімшарты толық сақтандырылады. Яғни, шетелдік сатып алушы экспорттаушының тауарын алмастан бұрын алдын ала төлем жасайды, ал қос тарап арасында міндеттемелер орындалмаған жағдайда біз импорттаушы шығындарын өтеп береміз.  

Бүгінде агенттіктің Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Қытай елдерінде арнайы өкілдіктері бар. Біз олардың қызметі арқылы шетелдік сатып алушылармен тығыз байланыс орнатып, экспорттық операцияларды оңтайландырып отырмыз.

- Қазір отандық өнімдерді сатып алушы елдер қатарында кім көш бастап тұр? Қандай нарыққа басымдық беріледі?

- Біз андеррайтинг талдамасы оң деп бағаланған кез келген елмен экспорттық келісімшарт жасауға дайынбыз. Әдетте экспорттаушылар белгілі бір нарық бойынша нақты ұсыныспен келеді, біз ешқандай мемлекетке басымдық бермейміз. Дегенмен, отандық өндірушілер өтініші бойынша экспортталуға дайын тауар ерекшелігіне сай нарық табуға көмектесе аламыз.

2025 жылдың қаңтар-тамызы арасында біз қолдау көрсеткен жобалар бойынша Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, БАӘ, Тәжікстан, Қытай, Германия, АҚШ елдері алдыңғы қатарда. Импорттаушы елдер қатарына Хорватия да қосылып отыр. Аталған елдерге экспортталған өнім құны 320 миллиард теңгеден асады.

- Бұл қандай өнімдер?

- 2025 жылдың 8 айы қорытындысы бойынша азық-түлік, ауыл шаруашылығы, машина жасау, металлургия, құрылыс және жеңіл өнеркәсіп өнімдері көп сұраныста болды. Айтпақшы, осы аралықта азық-түлік өнімдері бойынша көрсетілген қолдау көлемі 150 миллиард теңгеге жетті.

- Агенттіктің жалпы қолдау көлемі қандай нәтиже беріп отыр?

- Биыл қаңтар-тамыз аралығында экспорттаушыларға 433 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетіп үлгердік. Оның ішінде 33,4 миллиард теңге экспортты алдын ала қаржыландыру үшін болса, 11,6 миллиарды экспорттық сауданы қаржыландыру еншісіне түсті. Жыл соңына дейін қолдау көлемін 600 миллиард теңгеге жеткіземіз деген жоспарымыз біртіндеп орындалып келе жатыр. Қаңтар-тамыз нәтижесінде 80-нен аса экспорттаушы нақты қолдауға ие болды, оның 15 пайызы жаңа клиенттер болып отыр. 

- Ендігі мақсат қандай болмақ?

- Негізгі мақсат – өңдеуші секторды қолдау көлемін арттыру, өнімдерді  жетілдіру және экспортқа бағдарланған кәсіпорындар қатарын көбейтуге жағдай жасау. Біз біртіндеп шикізатқа тәуелділіктен арылуымыз керек, жаһандық тұрақсыздық жағдайында үстінен қосылатын құны жоғары отандық тауарлар экспорты аса маңызға ие. Бұл – Мемлекет басшысының ұзақмерзімді стратегиясының өзегі. Шикізат өсімі жаһандық конъюнктураға тәуелді болса, шикізат емес сектор тұрақты әрі жүйелі дами алады.

Әлемдік нарық көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқанын көріп отырмыз. Оның негізгі себептерінің бірі – жасанды интеллект пен цифры платформалар. Бүгінде цифрлы сервистерді дамыту және жаңа өнімдерді енгізу арқылы Агенттіктің қызметтеріне қол жеткізу әлдеқайда жеңіл болып отыр. Экспорттаушылар ЭКА ресми сайтында және bgov.kz бизнесті қолдау порталында жеке кабинет арқылы өтініштің кез келген түрін бере алады. Біз мұнымен шектелмей, жұмысымызға Blink ЖИ-ассистенті технологиясын енгізіп, қызмет көрсету деңгейін жаңа сапаға көтеріп отырмыз.