Бүгінде қоғамға қызмет – ел мүддесіне жұмылған жауапкершіліктің өлшеміне, шынайы қайраткерлік – халықтың береке-бірлігі мен дамуын ойлаған іскер де білікті азаматтың кәсіби сапасына айналды. Әдетте, жұртшылық атқарушы билік пен қоғамның арасына білім, мәдениет, ақпарат, заң, саясаттану, т.б. гуманитарлық сала азаматтары дәнекер болса екен дейді.
Міне, сондай дәнекер тұлғаның бірі – профессор, саясаттанушы, мемлекетшіл менеджер Зұлфухар Ғайыпов. Елге қалтқысыз қызмет етіп, мемлекет дамуына аянбай атсалысып жүрген осы азаматтың бел-белесіне көз жүгіртсек, еліміздің жетекші жоғары оқу орны – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Президент жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясына дейінгі салиқалы білім ордаларының өнегелі мектебі ойға оралады. Ол ҚазМУ-ды үздік бітіріп, ғылыми қызметке қалдырылған кезден бастап, Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне білім-білігімен, пайым-парасатымен үлес қосып келеді.
Философия және саясаттану факультетіндегі жиырма жылға жуық еңбек тәжірибесі Зұлфухар Сұлтанұлының ұстаздық, ұйымдастырушылық, зерттеушілік бел-белестерін көрсетті. Жас ғалымдар кеңесін басқара жүріп, жаңа буынды ЖОО мәдениетіне, ғылымға тарта білді.
Білім және ғылым министрлігінде жоғары оқу орындардың декан, проректор, ректор қызметінде жүрген білікті мамандарды сала басшылығының түрлі лауазымды қызметіне тарту дәстүр қалыптасқан еді. Тәуелсіздік тұсындағы еліміздің тұңғыш жекеменшік жоғары оқу орны – «Қайнар» университетінде ректорлық қызметте жүргенімізде сол кездегі министр Шәмшә Беркімбаева Жоғары білім беру департаменті басшылығына ұсынғанын бүгінде мақтанышпен айтамыз. Бұл жерде айтайын дегеніміз: жоғары оқу орындарындағы білімі мен білігі сай, мықты менеджерлерді министрлікке тарту осы күнге дейін жалғасып келе жатыр.
Игі бастамалар министр Бақытжан Жұмағұлов тұсында да сәтті жүзеге асты. Университеттерге білікті ректорлар мен проректорлар тағайындалып, жауапты орындардың мәртебесі биіктей түсті. Осы орайда 2010 жылы жоғары мектептің тәжірибелі менеджері Зұлфухар Сұлтанұлы министрлікке шақырылып, Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты қалыптастыруға қатысып, жоғары сапаны қамтамасыз ету бағытында Зұлфухар Ғайыповтың қарым-қабілеті, іскерлігі, біліктілігі, мәдениеті таразыға тартылған кез осы шақ еді. Оның үстіне еліміздегі сапасыз университеттердің санын қысқарту міндеті де оған жүктелгенін жақсы білеміз. Ел басшылығының бақылауында тұрған осы тапсырманы ол абыроймен орындап, бедел биігінен көрінгені де шындық.
Бұдан кейін Зұлфухар Сұлтанұлы он жыл бойы Астанадағы ғасырлық тарихы бар Көлік және коммуникация колледжінің директоры болып, осы оқу орнын елордадағы сапалы білім ошағына айналдыра алды.
Бүгінде ол – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының институт директоры. Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуы мен білім алуына атсалысып, мемлекеттік аппарат мамандары мен кәсіби басқарушыларды даярлау ісінде жігерлі жетекші, білікті басшы, ұтқыр ұйымдастырушы, мықты менеджер ретінде танылды.
Біз бірнеше жылдан бері Зұлфухар Сұлтанұлының қайраткерлік тұлғасын одан сайын жақыннан танып, тәнті болып жүрміз. Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы сынды мемлекетшілдік қызметінде ол әрқашан бастамашыл топтың ішінде, қайнаған идеялардың ортасында жүреді. Білімнің маңызы, мәдениеттің жауапкершілігі, жастардың мүддесі, шаһар жұртшылығының сан түрлі өзекті мәселелері – Зұлфухар Ғайыпов пен пікірлестерінің нысанасы.
Ашық азаматтық қоғам мен әділетті мемлекет құру мен демократиялық үдерістерді орнымен жүргізуде Ұлттық құрылтайдың орны ерекше екені белгілі. Саясаттану ғылымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткері Зұлфухар Сұлтанұлы саланың көкейкесті проблемаларын, елорда халқының арман-тілегін жауапты орындарға Құрылтай мінберінен орайлы жеткізіп те жүр.
Еліміздегі қоғамдық кеңестер халық пен мемлекеттік органдар арасындағы қарым-қатынасты жеңілдету және ашық диалог алаңын құруға аянбай көмектесіп жүрсе, осы жұмыстың жуан ортасындағы елорда Қоғамдық кеңесі, оның төрағасы Зұлфухар Ғайыповтың орны – өз алдына бөлек әңгіме. Ең бастысы, ортақ істе нәтиже бар.
Қоғам мінбері – ел үміт артқан кеңестер, ал оның қуаты – алқалаған халық пен жауапты зиялы. Екеуі үйлессе, халық ұтады. Әділеттік те осы бағдарда өрістейді.
Кеңестік Қазақстанның алғашқы Сыртқы істер министрі Төлеген Тәжібаевтың саяси қайраткерлік қырларын індете зерттеп, диссертация қорғаған ғалымның өзі де бүгінде кәсіби толысқан, рухани кемелденген кезеңге көтерілді. Әріптесіміздің кәсіптік-техникалық білім бағытындағы ой-толғамы мен ұсыныстары сапалануға бет алған сала үшін маңызды деп санаймыз.
Жаңа тұрпатты әділетті Қазақстан мемлекетшіл, жауапты азаматтарын мақтаныш етеді. Зиялылық дәстүр сабақтастығының мәні де осында.
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,
Ұлттық құрылтай мүшесі, академик