• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Спорт Бүгін, 17:58

Джиу-джитсу философиясын меңгерген қазақ маманы

20 рет
көрсетілді

Кезінде джиу-джитсудан өткен талай дүбірлі додада жүлде алып, бұл күндері көптеген аса ірі халықаралық жарыстарда қазылық етіп жүрген Дамир Садыров жайында біз не білеміз?

Мектеп қабырғасынан Дамир дзюдомен шұғылданып, біраз белестерді бағындырды. 20 жасқа толған шағында джиу-джитсуға мықтап ден қойды. Жекпе-жектің дәл осы түрінде жас жігіттің жұлдызы жарқырай жанды. Білікті бапкер Рустам Балабаевтің қол астында жаттықан ол 2017-2024 жылдар аралығында орасан зор табыстарға қол жеткізді. Атап айтсақ, AJP мен ACBJJ лигаларында сайысқа түсіп, әлемнің бірнеше дүркін чемпионы атанды. UWW, JJIF, ACBJJ ұйымдастырған дүниежүзілік додаларда жүлдегерлер санатынан көрінді. АҚШ-та өткен IBJJF мен NAGA турнирлерінде топ жарды. Сан мәрте Қазақстан чемпионатында қарсылас шақ келтірмеді. Осындай зор табыстарының арқасында Садыров қара белбеу иегері атанды.

Кәсіби спортшы ретінде өз карьерасын аяқтағаннан кейін әйгілі спортшы бірден төрешілік кәсіпті таңдады. Түрлі санақтан мүдірмей өткен ол JJIF, JJAU, AIGA, IBJJF, AJP және ADCC сертификаттарын иеленді. Қазіргі кезде Дамир аса ірі халықаралық додалардан жиі көруге болады. Қазақ маманы Моңғолия, Түркия, БАӘ, Бразилия және біздің елде өткен әлем чемпионаттарында қазылық етті. Өзінің терең білімі, кәсіби біліктілігі және қара қылды қақ жарған әділдігімен көзге түскен Садыров күні кеше ғана АҚШ-тың Лас-Вегаста қаласында аяқталған IBJJF World Masters турниріне қазылық ету мүмкіндігіне ие болды. Сөйтіп, оның есімі джиу-джитсу әлеміндегі беделі ең зор, мәртебесі ең биік жарыста төрешілік қызмет атқарған Қазақстанның тұңғыш өкілі ретінде спорттық шежіреге жазылды.

Бапкер ретінде де Дамир Садыров өзінің мықтылығын мойындатты. Ол дүниежүзілік деңгейдегі додаларда дараланған бірнеше жекпе-жек шеберлерін дайындады. Солардың арасынан Ринат Горбачёв пен Мариан Ордабаева сынды сақа спортшыларды бөле-жара атап өтуге болады. Олардың екеуі де әлем чемпионаттарының жүлдегерлері.

Кейіпкеріміздің тағы бір қасиеті – Садыров джиу-джитсу философиясын жетік меңгерген. Қандасымыздың өзі ойлап-тапқан әдіс-тәсілдері де бар. Алғашында білікті бапкер оны төл шәкірттеріне үйретті. Олар оны түрлі жарыстарда кеңінен қолданып, жақсы нәтиже шығарды. Қазіргі кезде Дамирдің бұл әдістерін басқа да мемлекеттердің шеберлері тиімді пайдаланып, өз кәделеріне жаратуда.