• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 15:57

Шымкент халықаралық әуежайы жаңа мәртебе алды

10 рет
көрсетілді

Шымкент халықаралық әуежайы RA3 (Regulated Agent Third Country) мәртебесін алды. Әуежай жүк тасымалдау саласында Еуропалық одақтың қатаң авиациялық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Осыдан бастап әуежай ресми түрде Еуропаның RA3 деректер базасына тіркелді. Жаңа мәртебе Еуропа елдеріне қосымша тексерусіз тікелей жүк тасымалдауды жүзеге асыруға жол ашты.

Соның нәтижесінде жүк жеткізу уақыты жеделдеп, логистикалық тізбектер жеңілдейді. Серіктестердің уақыттық және қаржылық шығындары азаяды. Одан бөлек қаланың халықаралық әуе тасымалдаушылар мен логистикалық компаниялар үшін тартымдылығы арта түседі.

Шымкент үшін бұл оқиғаның стратегиялық маңызы зор. Жаңа мәртебе әуежайдың Орталық Азиядағы ірі жүк хабтарының бірі ретіндегі орнын нығайтып, шетелдік әуе компанияларымен ынтымақтастық аясын кеңейтеді және Қазақстанның сыртқы экономикалық байланыстарын дамытуға жаңа мүмкіндіктер туғызады.

Жалпы RA3 сертификатын алу – Қазақстанның халықаралық көлік және сауда дәліздеріне ықпалдасу жолындағы маңызды қадам саналады. Сондай-ақ ол өңірдің инвестициялық және іскерлік тартымдылығын арттыруға ықпал етеді дейді мамандар.

Сонымен бірге Шымкент әуежайында екінші ұшу-қону жолағы салынады. Осылайша мегаполистің халықаралық әуе айлағы заманауи көлік-логистикалық хабқа айналады.

Жаңа жолақтың ұзындығы – 3500 метр, ені – 60 метр болады. ПСН-80 санатындағы төсемнің беріктігі жоғары жүк көтерімді әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді.