Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік және саяси дамуына кері әсерін тигізетін қауіпті құбылыс. Ол қоғамның тұрақтылығына, заң үстемдігіне және азаматтардың билікке деген сеніміне нұқсан келтіреді.
Сондықтан да, сыбайлас жемқорлықпен күресу – кез келген елдің маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі.
Сыбайлас жемқорлық – бұл лауазымды тұлғалардың өз қызметтік өкілеттіктерін жеке бас пайдасы үшін пайдаланып, пара алу, пара беру, қызмет бабын теріс пайдалану, туыстық не басқа байланыстарды асыра пайдалану секілді әрекеттер.
Сыбайлас жемқорлықтың салдары тек қана жеке адамға емес, тұтас қоғамға зиян келтіреді, атап айтқанда: мемлекеттік бюджетке түсетін кірістер азаяды, әлеуметтік әділеттілік бұзылады, азаматтардың билікке деген сенімі жоғалады, инвесторлардың қызығушылығы төмендейді, мемлекеттегі құқықтық тәртіп әлсірейді.
Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. 2015 жылы қабылданған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң осы бағытта жасалған маңызды қадам. Сонымен қатар «Адалдық алаңы», «Саналы ұрпақ», «Жемқорлықсыз болашақ» сынды жобалар іске қосылған, мемлекеттік қызметкерлерге арналған әдеп кодексі бекітілген. Бүгінде электрондық мемлекеттік қызметтер жүйесі енгізіліп, адами факторды азайту қолға алынуда және ашықтық пен есеп берудің жаңа тетіктері құрылуда.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес тек мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі болуы тиіс. Әрбір азамат заңға бағынып, пара беруге немесе алуға жол бермей, дер кезінде белгілі болған сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлап, өзінің құқықтары мен міндеттерін білу қажет.
Сыбайлас жемқорлықты жою – ұзақ мерзімді процесс. Ол тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың белсенді ұстанымын талап етеді. Тек қана әділеттілік пен ашықтыққа негізделген қоғамда ғана тұрақты даму болады. Біздің ортақ мақсатымыз да – әділ, таза және дамыған Қазақстанды құру.
ҚР Сот әкімшілігі Әскери соты департаментінің
Ішкі қауіпсіздік бөлімінің бас маманы
А.Аденов