• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Сұхбат Бүгін, 08:35

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН, жазушы: Шығарма оқырманды жақсылыққа жетелеуі шарт

30 рет
көрсетілді

Балаларға арнап шығарма жазудың өзіндік шеберлігі, ерек қолтаңбасы бар. Кейінгі жылдары әдебиетімізде жасөспірім оқырманның қиял кеңістігін дамытып, ойын ұшқыр ететін туындылар көптеп жазылып жатқаны мәлім. Осы орайда жазушы, Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы, Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы өкілі, Ұлттық құрылтай мүшесі Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИНМЕН бүгінгі балалар әдебиетінің қыр-сырын талқылап, шығармашылық жайында да сөз қозғаған едік.

­– Әдебиет көбіне үлкен қалаларда, әдеби ортада жасалады деген түсінік бар. Ал сіз облыста жүріп-ақ әдебиет саласында өнімді еңбек етіп келесіз. Демек өңірде өмір сүріп те шынайы әдебиет жасауға болады ғой?

– Ақындардың көбі сезімнің, ал жазушылар негізінен ойдың адамы ғой. Бәлкім, ақындар дулы-шулы ортаны жиі іздейтін, үнемі аңсайтын шығар. Ал ой­дың адамы, ой иектеген адам оңашалықты қалайды, соған үйір келеді. Сөйте тұра үлкен әдеби ортаның шығармашылыққа оң ықпалын да жоққа шығаруға болмайды. Оған бір мысал айтайын, ересектерге арналған алғашқы «Шортан» деген әңгімем «Жас Алаш» газетінде өткен ғасырдың соңына таман жарық көрді. Ол кездері «Жас Алаштың» айдарынан жел есіп, жалауы биіктен желбіреп, жалы күдірейіп тұрған кез, анау-мынау әңгімені баспайды. «Жас Алашқа» жарқ етіп шыққан әлгі әңгімем үлкен әдеби ортада әжептәуір мақталып, тіпті «Қазақ әдебиетіне қабілет-қарымы зор жазушы келді» деген де пікірлер айтылған екен. Мұны араға қаншама жыл салып, бүгіндері елге танымал қаламгер, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы Нұржан Қуантайұлынан естідім. Ол әңгімем «Жас Алашқа» шыққанда жас қаламгермін ғой, рас, жасыратын ештеңесі жоқ, өз басым «Шортанға» қа­тысты мақтау күттім. Ал сол мақ­тауды араға неше жыл салып барып естідім. Менің ойым­ша, бұл үлкен әдеби ортадан алыс жүргеннің кесірі. Негізі дер кезінде орынды айтылған мақ­тау-мадақ шығармашылық тұл­ғаны, әсіресе жас қаламгерді қанат­тандырады, жаңа, тың дүниелер жазуға жетелейді.

2004 жылдың жазында абыз ақын Қадыр Мырза Әлі (ол кезде Қадақаң Орал қаласында тұра­тын) Батыс Қазақстан облыстық ауруханасында ем-дом алып жатты. Бір барғанымда «Шортан», «Кие», «Бір түнгі жалғыздық», «Ортақ ерлік» сияқты бірнеше әңгімемді Қадыр ағайға оқытуға алып бардым. «Қадақаң жазған дүниелеріме қандай баға берер екен?» деп уайымдадым. Көзі тірісінде классик ретін­де мо­йындалған Қадақаң әңгіме­леріме өте жоғары баға берді. Ол кісінің үшбу пікірі менің бертін келе шыққан «Биленбеген вальс» деген кітабыма алғыссөз ретінде енді.

– Бүгінде балалар әде­бие­тінде қандай тосын дүниелер бар? Әдеби үрдісті бақылап оты­расыз ба?

– «Балдырған», «Ұлан», «Ақ жел­кен», «Қазақ әдебиеті», «Жұл­дыз» секілді біраз газет-журналды «Қазпошта» арқылы жыл сайын жаздыртып оқимын. Ал әдеби кітаптарды көбіне Орал қала­сындағы «Жәңгір хан» кітап дүкенінен немесе Алматыға, Астана­ға іссапарға барған кезім­де сатып аламын. Әрине, әде­би үдерістерді қадағалап оты­руға тырысамын. Әзірше елді елең еткізіп, жұртты жалт қара­татындай ештеңе байқай қой­мадым. Кім біледі, бәлкім, көзіме түспеген, назарыма ілікпеген таң­ғажайып дүниелер де бар шығар...

– Шығармашылық зертха­наңызға үңілсек, жазуда қандай қағида, ұстаным, ғадетіңіз бар?

– Балаларға да, ересектерге де арналған әңгімелерімді көбіне ойша етек-жеңін жинақтап алып, сосын қағазға түсіремін. Жазу барысында әдеби өңдеу ілесе жүреді, кейде тың ойлар, оқыс шешімдер де келетіні бар. Көбіне күзде жазғанды ұнатамын. Жазу үстеліне отырарда айналамның барынша мұнтаздай таза, тыныш болғанын қалаймын. Өкінішке қарай, жазу үстеліне тым сирек отырамын. Тіпті шағын, ықшам дүниенің өзін түйенің етін жеп қойған аяғы ауыр келіншектей жылдар бойы ойша тым ұзақ «толғатып» жүріп алатыным бар.

– Балаларға арнап жазудың қандай алғышарттарын айтар едіңіз?

– Қай жастағы оқырманға жазсам да, ең басты ұстанымым – шынайылық пен ғибрат. Яғни Абай хакім айтқандай, «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін...» Керек десеңіз, әзілдің өзі әдемі, қалжыңның өзі орынды, тіпті, мысқылдың өзі еріксіз мойындалатындай болып, оқыған жанды жақсылыққа жетелеуі шарт.

– Сіз Оралхан Бөкеймен, Қадыр Мырзалиевпен жа­қын араластыңыз. Осы қос тұлға­ның адами болмысынан, шығар­машылық қуатынан алған тағы­лымыңыз жөнінде әңгі­мелеп берсеңіз.

– Қазақ лирикасының қаға­ны Тұмағаңның, Тұманбай Молда­ғалиевтің Ғабит Мүсірепов туралы бір естелігінде «Кербездігінің өзі керемет еді...» деп жазғаны бар. Сол айтқандай, Орағаң­ның, Оралханның асқақтығының өзі айшықты, сондай жарасымды еді. Ол кісінің Кербұғыдай басын кегжитіп жүретіні де өзіне керім жарасатын. Ме­нің ойымша, Орағаңның шығар­малары романтикалық шал­қуға жомарттығымен, яғни роман­тикалық асқақтығымен әрі адамды өзінің тереңіне үйіріп әкететін психологиялық иірімдерімен ерекшеленеді. Оралхан Бөкейдің соңғы сүйекті шығармасы «Атау-кере» повесі көркем фильм тү­сіруге сұранып-ақ тұр. Алайда отандық кинематографияда әзір­ше оны бағамдайтын ұлттық өре жетіспей жатқандай...

«Атау-керенің» басты кейіп­кері Еріктей материалдық бай­лық десе, туған анасын тәрк ететін дүниеқоңыздар бүгіндері арамызда өріп жүр. Кеңес өкіметі­нің озбыр да өпірем шовинистік саясатының кесірінен білгені­нен жаңылып, дегеніне жете алмай, өмірлік мұрат-мақсатын еріксіз тәрк етіп, араққа салын­ған Тағандар да бар арамызда. Ал «Атау-керенің» негізгі кейіп­керлерінің бірі – Айна өз ер-азаматына, өз отбасына қалт­қысыз берілген қазіргі қазақ әйелі­нің керемет әдеби образы. Соны­мен қатар балауса бойжеткен кезінде Еріктің әкесі Қанда­уыр екеуі бір-біріне өлердей ға­шық болып, ата-анасының үзіл­ді-кесілді қарсы екендігіне, тіпті шешесінің қарғысына қарамас­тан кержақ-орыстардың қызы Нюраның (Нюра Фадееваның), яғни Нүрке кейуананың тағ­дыры да оқырмандарға қоса, һәм кинокөрерменді де бейжай қалдырмасы айдан анық. Сүйген жігіті алып қашып, өмірлерін бір арнаға тоғыстырған Нюра қазақтың шаңырағына келін болып түскен соң ислам дінін қабылдап, өмір бойы бес уақыт намазын қаза қылмайтын нағыз ізгі ниетті шынайы мұсылманға айналады. Алайда араға көп жыл салып, атау-кересін ішкеннен кейін әб­ден жаны шығарда Нүрке кейуана өзінен-өзі шоқына жөнеледі...

Қадыр Мырза Әли – ең алдымен ойшыл әрі көздеген нысанасына өлеңінің идеясын дәл тигізетін сұрмерген ақын. Оның:

Қақыратып шыдамның қабырғасын,

Әлі талай айтылар Қадырға сын.

Идеясы нысанаға дөп тисін деп,

Шірене тарттым садақтың адырнасын, –

деп келетін өлең жолдары жоға­рыдағы ойымызды нықтай түседі.

Қадыр Мырза Әлі көп­теген өлең-жырымен қазақ әдебие­тінде интеллектуалдық поэ­зияны, аз сөзбен терең де ауқым­ды ойды жеткізетін поэти­калық прагматизмді берік қалып­тас­тырған, нық орнықтырған тұлға. Бұған қоса ол өзіне Тәңір берген, тағдыр бұйыртқан уақыт деген өлшембірлік категориясын өте тиімді пайдаланған, соның нәтижесінде соңында әдебиеттің әртүрлі жанры бойынша рухани мол мұра қалдырған шайыр. Ал уақытты өте тиімді пайдалану қаламгерлерге ең қажет қадір-қасиеттердің бірі.

– Өзіңіз бас редакторлық етіп отырған «Орал өңірінде» балаларға арналған арнайы бет шығады екен. Бұл бастаманың мақсаты не?

– Иә, 2002 жылдан бері Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінде балалар шы­ғар­машылығына арналған арнайы бет шығарып келеміз. Бас­ты мақ­сат – балдырғандарды әде­биеттің әдемі әлеміне жетелеу арқы­­лы ұлттық әдебиеттің уызына қан­­ды­рып, мейірімді, айналасына жанашыр, ұлтжанды һәм рухты тұлға ретінде қалыптастыру. Әуелгіде аталған арнайы бетті Қадыр ақынның балаларға ар­налған бір өлеңінің атауымен «Шы­мыр жаңғақ» деп атадық. Араға бірер жыл салып балғын оқырмандарымызға бағыштал­ған бет атауын «Айналайын» деп өзгертіп, ұлттық ұғым-түсінікке лайықтадық. Балалар бетінде олар­дың өздері жазған шағын ма­қалалар мен әңгіме-ертегілер, өтірік өлеңдер мен тақпақтар, жұм­бақ-жаңылтпаштар, олар­дың өздері салған сурет­тер жарияланады. «Орал өңірінің» төріндегі түрлі-түсті тоғызыншы бетке айына бір-екі рет шығатын «Айналайынды» балдырған­дар­ға қоса, олардың ата-аналары мен мұғалімдері де асыға күтеді. «Айналайынның» аясын­­­да жыл сайын балалар шы­ғар­­­машылығына байқау жа­рия­­лай­мыз. Сосын Тәуел­сіз­дік мей­рамына екі-үш күн қал­ғанда аталған байқаудың қорытын­­дысы шығарылып, тең құрбысының алды болған балғын авторларымызға демеушілер арқылы ақшалай-заттай, кітаптай сый-сияпат жасалады. Ақшалай сыйлық ұсынатын себебіміз, балалар қаршадайынан ақ-адал еңбегімен табыс табуға дағ­дылансын дейміз. Бүгінгі бала­ларға қимыл-қозғалыс жетіс­пейтіндіктен заттай сый ретінде волейбол, футбол доптарын, бадминтон қалақшасын ұсынамыз. Айтпақшы, жеткіншектердің ой өрісін дамыту үшін міндетті түрде дойбы-шахмат сыйлаймыз. Ал отандық өнімді насихаттау мақсатында әрі бай­қау қорытындысы Жаңа жыл­ға екі-үш апта қалғанда шығары­латындықтан балалардың қо­лына Алматыдағы «Рахат» кон­дитерлік фабрикасының бір қор­жын кәмпит-күлшесін ұста­тамыз. Сосын міндетті түрде әрқай­сысына балаларға арнал­ған бір-бір кітаптан сыйлаймыз.

– Байқау жеңімпаздары қалай іріктеледі?

– Байқауға қатысушы балдыр­ғандарды бас жүлдегер немесе бірінші орын, екінші орын деп бөлмейміз. Әр баланың жазған дүниесіне қарай аталымдар белгілейміз. Мәселен, әкесіне мал жайлауға, көлік жууға, атасына бау-бақша баптауға, анасына тамақ істеуге, әжесіне көрпе-көпшіктің тысын тігуге көмектескендігі туралы жазған ұл-қыздарға «Қолқанат», «Бағбан балақай», «Балауса ісмер» деген сияқты аталымдар белгілейміз. Ал «Қызыл кітапқа» енгендіктен қызғалдақты жұлмауды немесе құстардың ұясын бұзбауды насихаттағандарға, сонымен қатар қырық күн шілдеде суы тар­тылуға айналған көлшіктерден ересектермен бірге шабақтарды құтқарып, өзен-көлге жіберген жеткіншектерге «Жанашыр», «Мейірім» деген аталымдар бо­йынша құрмет-қошемет көрсетіп, сый-сияпат ұсынамыз.

«Айналайынға» қоса, біз айына бір рет «Балаларға базарлық» бетін шығарамыз. Бұл бетте балаларға арнап жазатын ақын-жазушылардың шығармалары насихатталады.

– Бүгінгінің басты мәселе­сі, балаларға қалай кітап оқы­тамыз?

– Менің ойымша, бала екі-үш жасқа толғаннан бастап оған қыс­қа тақпақтар мен шағын ерте­гілерді оқи бастау керек. Әри­не, балдырғандарға арналған кітап­шалар мазмұнына лайық суреттермен әсем безендірілуі шарт.

Жалпы алғанда, жас ұрпақ кітап оқуы үшін ең алдымен, ата-ананың өзі көркем әдебиеттен іргесін аулақ салмауға тиіс. Күніне бала-шағаңыздың көзінше кемі 30-40 минут газет-журнал, 1-2 сағат кітап оқысаңыз әрі оқыған дүниелеріңізден алған әсеріңізді дастарқан басында, сондай-ақ табиғат аясына отбасылық саяхат-серуенге шыққанда әңгімелеп берсеңіз, перзенттеріңізді оқу мәдениетіне баурайсыз.

АҚШ-тың әлеуметтанушы­лары біраз жыл әлеуметтік зерттеу жүргізе келіп, мынандай ұйғарымға келген көрінеді: ұл болсын, қыз болсын егер ол 10 жасқа дейін әдеби кітап оқуға дағдыланса, демек, оның санасында өзін-өзі біреуге қиянат жасаудан, біреуге зорлық-зомбылық көрсетуден, ұрлық-қарлыққа барудан, арақ-шарапқа салынудан, есірткіге елітуден, яғни өзін бүкіл жамандық атау­лыдан сақтандыратын түйсік қалыптасады екен. Міне, кітаптың адам өміріндегі ең керемет пайдасы! Ал біздің көбіміз, керек десеңіз тіпті, барлығымыз дерлік осындай таңғажайып әлемді жылы жауып қойдық... Бұған өзімізден басқа кім кінәлі?

– Шығармашылық адамына атақ-абырой қаншалықты керек?

– «Бұлбұлдың да жемсауы бар» дегендей, дер кезінде көрсетілген сый-сияпат пен орнымен берілген лайықты мадақ-марапат меніңше, артықтық етпейді. Мұндай ақылға сыйымды, көңілге қонымды құрмет-қошемет шығармашылық тұл­ғаны шабыттандырады, жаңа жетістіктерге жетелейді.

–  Не жазып жүрсіз?

– «Өзгере аламыз ба?.. Өз­геру­ге тиіспіз!» деген бір көлемді пуб­лицистикалық сипаттағы мақа­ланы ойша жазып жүрмін. Сосын «Сезім сынағы» деген повесті бас­тап қойдым. Бұл хикаяттың не­гізгі желісі адамдар арасындағы дү­ниетанымдық көзқарас қайшы­лы­ғы, психо­логиялық айтыс-тартыс...

– Оқуға асықпыз. Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Маржан ӘБІШ,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар