• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өндіріс Бүгін, 08:40

Қалдықты кәдеге жаратады

40 рет
көрсетілді

Ақтөбе облысында қалдықтан хромды бөліп алуға арналған жаңа технология іске қосылды. Дөң тау-кен байыту комбинатында ашылған өндіріс учаскесі мұнда ондаған жыл бойы қордаланған шламды құнды шикізатқа айналдырып, айтарлықтай экономикалық пайда әкелмек. Сонымен қатар жобаның негізгі бағытының бірі – тау-тау болып үйілген қалдықты азайтып, қоршаған ортаны қорғауға үлес қосу.

Негізі, бұл «жасыл» жоба Дөң тау-кен байыту комбинатында 2023 жылдан бас­тал­ған екен. Сол кезеңде өн­діріс орнында шламды грави­та­циялық әдіспен байытатын бірегей фабрика іске қосыл­ған. Соның нәтижесінде құрамында кемінде 48,5% хром бар тауарлық концентрат алынады. Дегенмен осы өңдеуден кейін де қалдық құ­ра­мында хром қалады екен. Күні кеше жұмысын бастаған флотациялық учаске соны қайта өңдеп, бағалы металды бөліп алады.

Флотация әдісі негізінен түсті және қымбат металдарды байытуда қол­данылады. Ал хром өнеркәсібінде мұндай тәсіл – сирек әрі тың шешім. Бұл технология ультражұқа бөлшектерден де хромды бөліп алуға жол ашты. Бұған дейін мұндай қалдықтар өңдеуге жа­рам­сыз саналып келген еді.

«Дөң тау-кен байыту комбинаты маңында 14 жарым миллион тонна шлам жиналған. Жоба аясында жылына 1,7 миллион тонна қалдықты өңдеу жос­парланған. Шамамен жылына 500 мың тонна концентрат аламыз. Флотация әдісі қара металлургияда, соның ішінде хром кенін байытуда алғаш рет қолданылып отыр. Дайын өнімді ферроқорытпа зауыттарына жібереміз. Қал­ған қоқыс арнайы орынға жинақталады», дейді шламды қалдықтарды ба­йыту цехының аға шебері Нұрлан Жанайдар.

Облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімовтің айтуынша, қазір ірі ком­­паниялардың алдында эко­­ло­гиялық стандарт­­­­тарды сақ­­тау, қоршаған ортаға әсерді азай­туға қатыс­ты түрлі талаптар қойылып жатыр.

«Қазхром» компаниясы осы талаптарды орындап келеді. Соның айғағы – бүгін жұмысын бастаған фло­тация учаскесі. Қор­шаған ортаны қорғауға бағыт­талған маңызды жоба іске қосылды. Сонымен қатар компания құрал-жабдықтарды жаңғыртуға, өндіріс көлемін арттыруға қомақты қаржы салып келеді. Дөң тау-кен байы­ту комбинаты растаулы қор көлемі бойынша дүниежүзінде екінші орын алады. Бұл – Ақтөбе облысындағы ең ірі кәсіпорын­ның бірі. Мұнда 8 мың­нан астам адам жұмыс іс­тейді. Жаңа өндіріс орнының жұмысына сәттілік тілейміз», деді жобаның ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары.

Жалпы, кенді өңдеп, кәдеге жарату жобасы 2018 жылы даярлана бастаған екен. Бұған сала мамандары мен ғалымдар жұмылдырылған. Өндіріске енгізбес бұрын бірнеше рет сынақ жұмысы жүргізілген. Бұл әдістің бірегейлігін дәлел­дейтін екі патент алынған көрі­неді. Бірінші кезеңде 2023 жылы шламды гравитациялық әдіспен байытатын фабрика жұмысын бастаса, екінші кезеңде флотация учаскесі іске қосылып жатыр.

Соңғы жаңалықтар