Қазақстан мен Қытайға ортақ халықаралық бұл жобаның бастамашысы әрі атқарушы продюсері – Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген. Жоба елімізде өнер байрағын желбіретіп қана қоймайды, тусыраған туризмге де дем береді. Бұл іс қолға алынғалы елімізге қызығушылық танытқандардың саны артқан және бір тәулік ішінде 400 мыңнан астам шетелдіктен сауалдар түскен. Осыған орай, Астана қаласында Димаш Құдайбергеннің бастамасымен Қытай Халық Республикасының «Hunan Broadcasting System» арнасы әріптес ретінде қолға алған «Voice Beyond Horizon» халықаралық жобасына арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Іс-шараға Қазақстан Президентінің кеңесшісі Әсел Жанасова, Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген, Туризм және спорт вице-министрі Бауыржан Рапиков, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы, «Qazaqstan» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ернұр Бурахан, «Hunan TV» арнасының «Көкжиек дауысы» жобасының атқарушы продюсері Ван Чин, жобаның продюсері әрі бас режиссері Луо Синьсин қатысты.
Әсел Жанасова халықаралық жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық тарихының жаңа парағын ашатынын айтты. Сонымен қатар туризм саласында да ерекше маңызға ие екендігін атап өтті. Спикерлер осы еңбегі үшін Димашқа алғыс білдірді.
Бір айға жуыққа созылған жоба түсірілімі Түркістан, Маңғыстау, Алматы, Ақмола облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларында өткен. Ұлы Жібек жолының бойындағы Түркістаннан басталған жоба, Каспий теңізі жағасы мен табиғаттың тылсым сырын сақтаған Бозжырада жалғасын тауып, Алматы өңірінің інжу-маржандары – Қайыңды көлін, Дүниежүзілік UNWTO туристік ұйымы әлемдегі үздік туристік ауылдардың бірі деп таныған Саты ауылын, Қапшағай су қоймасын, Ақмола облысындағы Көбейтұз көлі мен Щучинск – Бурабай курорттық аймағын әйгіледі. Ақтық кезең елордада ұйымдастырылыпты. Байқауға елімізбен қатар, Қытай, Қырғызстан, Италия, Малайзия, Сербия өнерпаздары қатысып, сынға түскен. Орындаушылар шығармашылық сапармен елімізді аралап, туристік орындармен кеңінен танысты. Қатысушылардың өнерін арнайы шақырылған халықаралық қазылар мен көрермендер бағалады. Екі мәрте «Грэмми» сыйлығының лауреаты, америкалық өнер иесі Уолтер Афанасьев жоба аясында Түркістанда болды.
– Шығармашылығыммен таныс жандар біледі, өнерде қолға алған істерім ешқашан коммерциялық мақсатты көздемеген. Мұнда да солай. Ең бастысы, ата-бабадан қалған елді, жерді, оның мәдениеті мен құндылығын өскелең ұрпаққа мирас ету. Мүмкіндік туып тұрғанда, еліміздің мәдениеті мен туризмнің өркендеуіне аз да болса үлесімізді қоссақ деген ниеттен туған іс еді бұл. Осы жоба аясында халықаралық деңгейде танымал болатын бір жас өнерпаздың жұлдызын жағуды да мақсат еттік. Талантына, адамгершілігіне қарап, елімізден 25 жастағы Нұржасты таңдап алдық. Өз басым әуелі таланттан бұрын адамгершілікті жоғары бағалаймын. Нұржасқа таңдауымыз осы тұрғыдан түсті.
Байқау ережесіне келсек, Қазақстан тарапынан мен, Қытай тарапынан танымал әнші әріптестерім болды. Ең жоғары көрсеткіш 100 балмен есептелді. Сонымен қатар 100 көрерменнің әрқайсысы өзі ұнатқан әншіге дауыс берді. Жеңімпазды осылайша анықтап отырдық. Қалғанына эфирден тамашалағанда көрермен бағасын береді, – деді Димаш Құдайберген.
Мұндай халықаралық жобада еліміздің ең таңдаулы жерлерін көрсету ұлттық ұстынымызды шетелдік туристік нарықта ілгерілетуге жаңа мүмкіндіктер ашады.
– 22 күн ішінде Қазақстанның әртүрлі мемлекеттік құрылымдарының жан-жақты қолдауының арқасында түсірілім тобымыз мыңдаған шақырымды артта қалдырып, көрікті жерлерге табан тіреді. Біз баға жетпес кадрларды таспалап, қонақжай ел төрінен жүрекке жетер музыкалық із қалдырдық», деді «Hunan TV» арнасының «Voice Beyond Horizon» бағдарламасының продюсері және бас режиссері Луо Синьсин.
Жоба Туризм және спорт, Мәдениет және ақпарат министрліктері, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы, «Жолаушылар тасымалы» АҚ мен жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жүзеге асты. Отандық «Qazaqstan» және қытай арнасынан келер жылы жарыққа шығады. Көрсетілімі 210 миллионнан астам аудиторияға жететін «Hunan TV» телеарнасы мен «Mango TV» цифрлық платформасында жоспарланған.