Ақтөбеде интеллектуалды поэзияның ірі өкілі, лирик Қуандық Шаңғытбаевтың 100 жылдығы мен атақты сатирик Үмбетбай Уайдиннің 90 жылдығына арналған «Әдебиет. Рух. Қоғам» халықаралық байқауы өтіп, поэзия мен проза жанры бойынша сынға түскен 140 шығарманың үздіктері анықталды. Қуандық Төлегенұлының туған жері Қарабұтақ ауылындағы ақын тойына жан-жақтан жұрт жиналып, ұрпақтары да келіпті. Ақтөбедегі «Шығармашылық академиясы» ғимаратында өткен «Сөз өнерінің сәулеткері» атты кеште ақынның көзін көрген қаламдас інілері естеліктерімен бөлісті.
Автордың шығыс поэзиясының сан түрлі бояуын әдебиетімізге әкеп сіңіргені, ұмытыла бастаған көне сөздерді қазақ өлеңінің бояуына айналдыра білгені, жанкешті еңбеққорлығы, тағдырдан көрген теперіші жөнінде жан адамға сыр білдірмей, өзі өмір сүрген қоғамды жамандамай өткені, әлем әдебиетінің классиктерін тамаша тәржімалап, қазақ әдебиетінің алтын қорын байытқаны туралы айтылды. Ақын 1925 жылы Ырғыз ауданының Шабаған деген жерінде дүниеге келіп, Қарабұтақта білім алып, ҚазМУ-дың филология факультетіне оқуға түседі. 16 жасқа да толмаған ол 1-курста Мәулен Балақаевпен бірге қазақ тілінің оқулығын жазады. 1942 жылы тырнақалды «Ар» жинағын дайындап, баспаға әзірлейді. Бірақ қуғынға түсіп, оқудан шығарылады.
Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов биыл Қуандық Шаңғытбаевтың 100 жылдығы Алматыдағы Ұлттық кітапханада конференция түрінде ғана аталғанын, Ақтөбеде соның жалғасын тауып отырғанын назарға алды. «Ұстазымыз Зейнолла Қабдолов университеттегі лирика туралы дәрісін Қуандықтың «Қыз қуу» өлеңін оқудан бастайтын. Өйткені оның лирикасы артық сөзі жоқ, сөйлеп тұрған сурет еді. Дала, жарыс, қыз бен жігіт, сезім, мінез бәрі көз алдыңа келеді. Оның алғашқы жинағы 1945 жылы шықса, екінші кітабы 23 жылдан соң ғана жарық көрді. Арада ұзақ кідіріс болды. Мұның бір себебі, Қуандық Төлегенұлының мінезінен деп те ойлаймыз. Өйткені ол қазақтың қара сөзіне, өлеңіне мұқият қарап, өзіне де қатаң талап қоя білген ақын. Осы қасиеті үшін тұстастары, шәкірттері оны өте жақсы көрді. Сөзден сурет салған тамаша лирикке жалындап тұрған шағында, өнімді еңбек еткен кезінде еш атақ берілмеді. Қатарлас, қаламдас достары түрлі атақ алып жатқанда, үйінде жазумен ғана айналысты. Ол атақ, құрмет сұрап кеңсе жағаламады, жоғары лауазымдыларға жағыну үшін араға кісі салмады. Өнімді еңбек етіп, қазақ поэзиясын бір сатыға көтерген ақынға атақ бермегендеріне ыңғайсызданған болар, сол тұстағы зиялылар өмірінің соңғы жылдарында ғана оған Қазақстанның халық жазушысы атағын қиды. Қуандық – тағдырлы ақын. Әкесі Төлегенді 1937 жылы «халық жауы» ретінде ұстап әкеткенде, баласын пионер қатарынан шығарған. Ол заманда комсомол, партиядан шығарғанды естісек те, оң-солын танып үлгермеген кішкентай баланы пионерден шығару сол кездегі атқамінерлердің ғана қолынан келген. Соған қарамастан, жас Қуандық 15 жасында Алматыдағы ҚазМУ-ге оқуға түсті. 2-курста оқып жүргенінде Мәулен Балақаевпен бірге «Қазақ тілі» оқулығын жазды. Бейсембай Кенжебаевпен бірге Мұхтар Әуезовтің «Абай» романына рецензия жазғаны үшін қудаланып, Ақтөбеге кетуге мәжбүр болды. Оны Нұрпейіс Байғаниннің хатшысы етіп жіберді. Сол жылдары елде Нұрпейіс Байғаниндей қазақтың ескі сөзінің қадірін білетін ақындар некен-саяқ еді. Бір жағынан, Қуандықтың хатшы болып барғанының пайдасы – Нұрпейістің жыр-дастандары қағазға түсті, екінші жағынан жас ақынға да үлкен мектеп болды. Сол заманда ұлыларымыз іздерінен ерген таланттар көзден таса болса, іздеп отыратын. Қиянаттың құрбаны болып кеткен Қуандықты Алматыда екі адам ғана ұмытпады. Оның бірі – Мұхтар Әуезов болса, екіншісі Қаныш Сәтбаев еді. Ұлы Мұхтардың қамқорлығы сол, баспада қолжазба күйінде жатқан Қуандықтың кітабын көтертіп, өзі алғысөзін жазып, 1945 жылы «Ар» деген атпен шығартты. Сол жылы Қаныш Сәтбаев Ресейден Қазақстанға келген атақты түрколог Маловқа қол қойдыртып, Қуандықты аспирантураға қабылдатуға ұсыныс түсірген. Өкінішке қарай, талантты жастарды ортаға тартатын ұлыларымыздың жақсы қасиетін бүгінде біз жоғалтып алдық», деді Мереке Құлкенов.
Қуандық Төлегенұлының қазақ драматургиясына әкелген жаңалығы – 1960–1970 жылдары театр сахналарынан түспеген «Беу, қыздар-ай», «Ой, жігіттер-ай» комедиялары. Бұлар – классикалық деңгейдегі туындылар. Аудармашылығы өз алдына бөлек дүние. Аударма ісінде де талғампаздығымен дараланған. Кез келгенді емес, таңдап, талғап жүріп аударды. Қазақта «Евгений Онегиннің» толық нұсқасын Абайдан кейін аударған Қуандық Шаңғытбаев. Омар Хаямды, Р.Бернсті, Ю.Лермонтовты аударды.
«Ақын бір сұхбатында Омар Хаямды аударғанда араб тілін өз бетімше үйрендім деп айтқаны бар. Шаңғытбаевтың жазған ән мәтіндері тілге оралымды, ойға қонымды. Сондықтан да ел ішінде әлі күнге дейін шырқалады. Бұл жердегі шеберлігі – мәтін мен музыканы тамаша үндестіргені. Осындай еңбегімен қазақ поэзиясы, драматургиясы, аудармасында Қуандықтың қолтаңбасы дара тұр. Ырғызда туып, Қарабұтақта өскен қара бала ұлтымыздың ең көрнекті, салиқалы, текті азаматына айналды», дейді Мереке Әбдешұлы.
Ақын сөзіне жазылған «Көктем вальсі», «Қыз әзілі», «Тербеледі тың дала», «Туған ел» сияқты әндері тыңдарман жүрегінен орын алды. Қуан ақынның мәтіндеріне Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Мұқан Төлебаев, Әбілахат Есбаев, Сыдық Мұхамеджанов ән жазған.
Кездесуде сөз алған ақын Ұлықбек Есдәулет «Қуандық Төлегенұлы – қазақтың интеллектуалды поэзиясының басында тұрған даралардың бірі. Осы тізімді Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Сағи Жиенбаев, Жұматай Жақыпбаев, Есенғали ақын жалғастырғанын» атап өтті: «Жас ақынның «Едігенің елмен қоштасуы», «Бауыржан Момышұлына», «Мен – қазақ!», «Қоштасу», «Қауышу», «Жас партизан сыры», «Сүттей жарық жазғы түнде», «Жастық дәуренім», «Тұрғаным-ай, құшағыңда» деген өлеңдері кірген «Ар» жинағы үлкен қиындықпен шыққан. Қолжазбадағы кей өлеңдері туралып кетті деп те естідік. 15 жасында Алматыға келіп, ҚазМУ-дың филология факультетіне оқуға түскен бойы Балақаевпен бірге «Қазақ тілі» оқулығын жазып, әжептәуір қаламақы алады. Қаражат қалтасына түскенде жылқының қазысын сатып алып, оның ішіне ақша салып, итжеккенде айдауда жүрген әкесі Төлегенге жібереді. Бұл жас баланың емес, жан-жүрегі ерекше жаратылған саналы адамның ісі деп айтар едім. Оның алғашқы «Ар» кітабы 20 жасында шықты. Содан атағы ел ішіне жайыла бастады. Алайда сол жылдары Әуезовтің дұшпандары мұның да дұшпанына айналып, қағажу көрді. Шеттетілді. Сол заманда талантты ақындар күнкөріс үшін аудармамен айналысты. Қуандықтың да аудармаға бет бұруы осыдан. Аудармаға да талғампаздықпен кірісіп, тек ұлыларды ғана аударған. Егер, «Рубаилар» кітабының мұқабасына қарасаңыз, авторы Омар Қайым деп жазылып тұр. Қуандық Төлегенұлы Омар Хаям емес, Омар Қайым деп жазып қойған. Дұрысы сол. Ол тәржімалаған Пушкиннің «Евгений Онегинінен» бір мін таба алмайсыз. Қадыр ағамыз «Аудармашы ретінде бұл кісіні пір тұтамын» деп айтып кеткендей, аудармасында бір мін жоқ. Ал «Беу, қыздар-ай», «Ой жігіттер-ай» комедияларындағы, «Тақиялы періште», «Біздің сүйікті дәрігер» фильмдеріндегі Қуандық ағамыз жазған әндердің мәтіндерін әлі күнге дейін ел жатқа айтады. Шын шебердің қолынан шықса, әннің сөзі де өміршең болады екен. Мәселен, «Тербеледі тың дала» әні тың игеру жылдары тапсырыспен жазылды деп айта алмайсың. Көз алдыңызға толқынды егіннің ортасында қол ұстасып келе жатқан екі ғашық келеді. Кезінде Д.Вердидің «Аида» операсы Суэц каналын ашу керек болғанда тапсырыспен жазылған шығарма болатын. Бірақ жұрт сұмдық қабылдап, әлемдік жауһарлардың қатарына енді ғой. Соған қарағанда шын классиктің қаламынан туған қандай да бір дүниенің жігі білінбей кетеді екен. Қуандық аға бекзат бітімді, аса талғампаз, жаны таза, асыл жаратылысты адам болатын. Ондай адамдарға өмір сүру оңай емес. Қиянатшыл дүние деп Абай атамыз айтқандай, өзі қиянатты бесіктен белі шықпай көрген адам болса да, қасында жүрген біз сияқты інілеріне бірде-бір рет мұңын шағып көрген жоқ», деді Ұлықбек Есдәулет.
Ақын Мейірхан Ақдәулетұлы: «Қуан ағаның бұл өмірдің барлық қиыншылығын көрсе де, қабақ түймей кеткеніне қайран қаламын. Біз анда-санда үйіне барғанымызда, жұрттан естіген жайттарды сұрай бастағанымызда ол былай деп тыйып тастайтын: «Әй, Тахауи! Тахауи! Сен оны сұрама. Мен айтпаймын, бәрібір. Сен сұрасаң, мен айтсам, мен емес, сенің ішің сасып кетеді. Одан да өлең оқы». Былайша айтқанда, өзің жамандық көресің деген сөз ғой.
Өмірден әлдеқашан өтіп кетсе де қимайтын, қайта-қайта еске алатын адамдарымыз болады. Қимайтынымыз, ол адамның мазмұнына, болмысына, істеген ісіне, өнегесіне байланысты. Мұның өзі артында қалған адамдарға өмір сүруге көмектеседі. Қуан аға да солардың бірі еді. Қуан ағамыз да адамның жанын жадыратып, жақсылыққа шақыратын шуағына айналды деп ойлаймын. Көп адам оның өмірінен беріректе ғана хабардар болды. Өмірінің ащысы мен тұщысы жөнінде аздап болса да кейін шыққан бес томдық жинағында жазылды. Соған қуандық. Өйткені көп нәрсеміз күні кешеге дейін айтылмай келді ғой», деп түйіндеді.
Кездесуде Қуандық Шаңғытбаевтың 100 жылдығына арнап түсірілген «Бірегей» деректі фильмінен үзінділер көрсетілді. Кездесуге әке мұрасын жинақтауға үлес қосқан қызы Гауһар мен күйеу баласы Сайрам Салықов та қатысты. Кездесуде сөз алған Гауһар Қуандыққызы: «Нағашы ағасы атылып кетті, әкесі Магаданға 20 жылға айдалды. Соған қарамастан 18-дегі жігіт мойымады. Университетте жүріп шығаратын кітабына «Мен – қазақ!» өлеңін, Едіге поэмасын кіргізді. Алайда осы «Мен – қазақ!» өлеңі, «Едіге» поэмасының прологі түгел өртелген. Мұхтар Әуезовтің алғысөзі де түгел өртелген. Кейін әкем «Ардың» екі данасын әрең тапты. Біреуінде Әуезовтің алғысөзі бар, біреуінде жоқ. Кітап 7-беттен басталады.
Бейсембай Кенжебаевпен бірге Әуезовтің «Абай» романының корректурасын жасағанда, әкем оны пальтосының ішіне жасырып, баспаханаға апарып жүрген. 1950 жылдардың қуғыны басталғанда, әкем оқудан шығарылып, Ақтөбеге Нұрпейіс Байғаниннің әдеби хатшысы етіп жіберілген. 1945 жылы 9 сәуірде Нұрпейіс ақын қайтыс болып, әкем тағы да жұмыссыз қалды. Сол тұста М.Әуезов «Евгений Онегинді» аудар деп кеңес берген. Пушкиннің осы поэмасын қазақ тіліне ең алғаш Абай аударса, одан кейін Ілияс Жансүгіров айналысып жүргенде, атылып кетті. Осы поэманы аударған үшінші қазақ – менің әкем. «Өзінен 50-жылдардың ортасындағы қуғын-сүргіннен қалай аман қалдың?» деп сұрағанымда, ол «Пушкиннің «Евгений Онегинін» аударған екінші адамды тағы ұстаса, сұрақ көбейеді. Аман қалуымның бір себебі осы болар», дейтін.
Әкемнің бес томдығын Мәдениет және ақпарат министрлігі шығарып берді. Содан кейінгі жинақталған екі томдығын шығаруға Ақтөбе облысы әкімдігі көмектесті. Ким Серікбаев ағамыз біраз жәрдемдесті. Өкінішке қарай, әкемнің көзі тірісінде шығармалар жинағы жарық көрмеді. Көзі тірісінде шығарған соңғы кітабы «Махаббат пен ғадауат» жыр жинағы Қ.Сәтбаев политехникалық университетін басқарған академик Ө.Байқоңыровтың қолдауымен 1995 жылы шықты. Оның ішінде Мағжан ақынға арналған өлеңдері де бар. Әкемнің дос шәкірті Есенғали мен Аманхан «Дәрмантнаманы» өздері басып шығарып, қалталарына салып жүрген. «Дәрмантнама» – керемет философиялық цикл. Мен әкемнің жазған махаббат лирикаларын жастар оқыса ғой деймін», деді Гауһар Шаңғытбаева.
Қуандық Шаңғытбаев поэзиясы туралы кандидаттық диссертация қорғаған Өтеген Үмбетырзаұлы да ақынның тілі, өлеңдерінің құрылысы, ежелгі жыраулар поэзиясымен үндестігі, ескі сөздерді қолдану тәсілдері туралы баяндады.
Ақтөбе облысы