• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 09:00

ЕКПА ел реформаларын жоғары бағалады

10 рет
көрсетілді

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының отырысына қатысты. Онда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан демократиялық реформалардың іске асырылу барысы талқыланды. Франция Республикасына сапары аясында Палата спикері ЕКПА төрағасы Теодорос Русопулоспен, ЕКПА-ның Қазақстан бойынша баяндамашысы Жолт Неметпен, ЕКПА-ның Саяси мәселелер және демократия жөніндегі комитетінің Төрағасы Бертран Буикспен және Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Ален Берсемен кездесті. Сондай-ақ «Қазақстанның өркендеу жолы: демократиялық реформалар және парламенттік дипломатия арқылы бірлік» атты дөңгелек үстелге қатысты.

«Парламенттік Ассамблея Қазақстан­ның демократиялық реформаларды жалғастыруына қолдау көрсетуге тиіс». ЕКПА-ның пленарлық сессиясында Қазақстан бойынша баяндамашы – Мажарстан Мемлекеттік жиналысы Халықаралық істер комитетінің төрағасы Жолт Немет осындай үндеу жасады. Саясаткер елімізде жүргізіліп жатқан реформалар ашықтыққа, биліктің азаматтар алдындағы есептілігіне әрі адам құқықтарының басым болуына бейіл екенін көрсететінін атап өтті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қызметіне кіріскен сәттен бастап біз Қазақстанның саяси жүйесін жаңғыртып, оны халықаралық стандарттарға сәйкес келтірген бірқатар реформалардың куәсі болдық. 2022 жылы елде өлім жазасы жойылды. Бұл Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы ұзақ уақыт бойы дәріптеген тарихи қадам болды. Қазақстанда жүргізілген конституциялық реформалар Парламенттің рөлін, институттардың тәуелсіздігін және атқарушы биліктің есептілігін күшейтті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шаралары жүзеге асырылып жатыр. Саяси плюрализм кеңейе түсті. Бұл – жай ғана өзгерістер емес, елдің еуропалық құндылықтар бағытына қарай қадам басуға деген шешімін көрсететін нақты мысалдар. Осы ретте Қазақстанда жүргізіліп жатқан ішкі реформалар туралы ғана емес, сонымен қатар аталған елдің бейбітшілікті, тұрақтылық пен өркендеуді қамтамасыз етудегі рөлі сөз болып отырғанын атап өткен жөн», деді Ассамблеяның пленарлық отырысында баяндама жасаған Жолт Немет.

Мүгедектігі бар адамдарды, әйел­дерді, сондай-ақ осал санаттарды қорғау­ды күшейтуге арналған және адам құқықтары саласындағы өзгерістер мен олардың тиімділігіне де жоғары баға берілді.

ЕКПА-ның пленарлық отырысында реформаларды одан әрі іске асырудың, сондай-ақ оларды барынша толық практикалық имплементациялаудың маңызды екені және бұл Қазақстандағы демократиялық өзгерістерге серпін беретіні айтылды.

«Демократиялық реформа – күрделі де ұзақ үдеріс. Есепте айтылғандай, қиындықтар да бар. Бірақ біз нақты шешім қабылдадық және осы жолмен жүре береміз. Бұл – біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанған батыл саясат. Еліміз өзінің ұзақмерзімді даму басымдықтарын: заң үстемдігін орнату, адам құқын қорғау, инклюзивті қоғам құру, билік жүйесін ашық рәсімдермен, тежемелік және тепе-теңдік жүйесімен демократияландыру сияқты тетіктерді нақты белгіледі. Біз ЕКПА-ның сындарлы тәсілін және реформалар жолында Қазақстанды әрі қарай да қолдауға дайын болуын құптаймыз», деді Мәулен Әшімбаев пленарлық сессияға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде.

Қазіргі өзекті сын-қатерлерді еңсеру және парламенттік диалогті одан әрі нығайту, орнықты даму мақсаттары­на қол жеткізу, әлеуметтік инклюзия мен ашық сот төрелігін қамтама­сыз ету сияқты маңызды мәселелер­ді талқылау «Қазақстанның өркен­деу жолы: демократиялық реформалар және парламенттік дипломатия арқылы бірлік» атты дөңгелек үстелде, сондай-ақ ЕКПА Баяндамасы бойынша ұйымдастырылған дебатта жалғасты.

Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамб­леясының күзгі сессиясы ала­ңында Сенат төрағасы Мәулен Әшім­баев ЕКПА төрағасы Теодорос Русопулоспен, Еуропа Кеңесінің Бас хат­шысы Ален Берсемен және ЕКПА-ның Қазақстан бойынша баяндамашысы Жолт Неметпен және ЕКПА-ның Саяси мәселелер және демократия жөніндегі комитетінің Төрағасы Бертран Буикспен екіжақты кездесулер өткізді. Онда Қазақстан мен Еуропа Кеңесінің өзара ынтымақтастығын одан әрі дамыту мәселелері сөз болды.

Кездесулерде елімізде болып жатқан демократиялық үдерістерге және алдағы парламенттік реформаға баса мән берілді. Еуропа Кеңесінің басшысы мен ЕКПА өкілдері Қазақстандағы реформалардың барысын, оның ішінде еуропалық депутаттар ерекше тоқтал­ған саяси реформаларды бірыңғай институционалдық жүйеге біріктіру арқылы заңнамалық үдерістің және шешім қабылдаудың тиімділігін арттыра алатын бір палаталы Парламент құру туралы бастама айрықша аталып өтті. Сонымен қатар қатысушылар әлеуметтік интеграция үдерісінің маңызына және Конституциялық соттың ұлттық құқық қорғау жүйесіндегі рөліне назар аударды.

Сондай-ақ бүгін Еуропа Кеңесінің Жасанды интеллект және адам құқық­тары, демократия мен құқық үстемдігі туралы негіздемелік конвенциясы таныс­тырылды.