• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 09:21

Отбасы банктің озық тәжірибесі

40 рет
көрсетілді

Алматыда еліміздегі тұрғын үй нарығының жетекшісі  Отбасы банкінің ұйытқы болуымен «Тұрғын үй құрылыс жинақтары: озық тәжірибе және әртүрлі өңірлердегі стратегиялық көшбасшылық» атты халықаралық конференция өтіп, екі күнге созылған ауқымды іс-шарада сақа сарапшылар тұрғын үй саласындағы маңызды сауалдарды саралады.

Статистикаға зер салсақ, Қазақстандағы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне күн сайын 2 500 адам өз жинақтарын сеніп тапсырады. Бұл – елде  еңбек етіп жүрген әрбір үшінші азамат қолжетімді шарттармен болашақта баспаналы болу үшін Отбасы банкіне жүгінеді деген сөз. Банк күн сайын шамамен 2 500 жаңа депозит ашып, 190-ға жуық несие береді. Бұл — тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің тиімді жұмысының нәтижесі. Әлеуметтік маңызы жоғары құрал елімізде 22 жылдан бері табысты қолданыста.

Конференцияда Еуропа және Орталық Азиядан келген жетекші сарапшылар тұрғын үй саласындағы стратегиялармен, инновациялық тәжірибелерімен бөлісіп, әсіресе, ESG мен «жасыл» қаржыландырудың маңызын кеңінен талқылады. 

Конференцияда сөз алған KAZGBC атқарушы директоры Александр Белый: «Әлемде климаттың өзгергені рас. Біз қандай жағдайда да жасыл құрылыспен айналысуға тиіспіз. Отбасы банктің бұл бағыттағы жарқын қадамын айрықша атауға болады. Бұл ретте халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеу маңызды. Тек табыс табуды көздемей, азаматтарға ыңғайлы жағдай жасауымыз керек. Әлеуметтік, арзан баспаналар салынғанда, олардағы энергия үнемділік жағы да назарға алынғаны абзал», деп атап өтті.

Ал «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Алтай Куздибаев,  Жасыл ғимараттарды дамытуда орнықты әрі тұрақты даму мақсаты назарға алынуы қажеттігін баса айтты. «Бәрімізге маңызды тақырыпты талқылауға алаң ұсынған Отбасы банкке алғыс айтамыз. Энерготиімді үй тетік пен механизм ғана емес, барлық жағынан қолайлы.  Әр тұрғынға 30 шаршы метр баспана қажет десек, тұтас тұрғындарға 250 млн шаршы метр үй салуға тура келеді.  Қазірдің өзінде бірнеше әкімдікпен бірлескен жұмыс басталып кетті. Мұның бәрі ESG шеңберінде жүреді. Еліміздегі үйлердің 40%-ы 1970 жылға дейін салынған үйлер. Оларды біртіндеп жаңарту маңызды. Бұл бағытта Отбасы банкпен тығыз қарым-қатынас жасап отырмыз»,- дейді А. Куздибаев.

Отбасы банкі басқармасы төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі 622 538 отбасыға жаңа үйге қоныс аударуға мүмкіндік берді. 3 миллионнан астам қазақстандық өз жинақтарын Отбасы банкіне сеніп тапсырған. Бүгінде азаматтадың шоттарында 2,5 трлн теңгеден астам қаражат жинақталған. Жүйенің ерекшелігі – оны халықтың барлық топтары пайдалана алатынында. Қазіргі таңда экономикалық белсенді халықтың 30,9% жинақ жүйесінің қатысушылары.

Жиында жасыл құрылысты дамытудың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Бұл – қоршаған ортаға зиян келтірмейтін, энергия тиімділігіне, экологиялық қауіпсіздікке негізделген бағыт екені баса айтылды. Мұндай бастамалар қалалардың тұрақты дамуына, тұрғындардың өмір сүру сапасының артуына оң ықпал етпек.

«Алматыдағы конференция – азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуде тұрғын үй жинақ жүйесінің маңызды рөлін талқылау үшін халықаралық және өңірлік сарапшыларды біріктіруге арналған бірегей мүмкіндік. Екі онжылдықтан астам уақыт бойы Отбасы банк Қазақстанда «Bauspar» моделін енгізу мен табысты дамытуда pioner болып келеді және ол тек өңірде ғана емес, халықаралық деңгейде де үлгі көрсетіп отыр. Мен бұл шара озық тәжірибені паш етіп қана қоймай, тұрғын үй қаржыландыру жүйелерін бүкіл әлемде нығайтуға ықпал ететін жаңа серіктестік байланыстар мен инновациялық идеялардың дамуына жол ашады деп сенемін», деді Халықаралық тұрғын үй қаржыландыру одағының Бас хатшысы Марк Вайнрих.